Батысты су басты, Сырда су тапшы: Күріш егетін шаруалар не істеуі керек

0
74

 

Еліміздің батыс аймағы жолындағыны шайған қарғын судан құтыла алмай жүргенде басқа өңірлер жаз басталмай жатып-ақ су тапшылығын сезуде. Әсіресе жыл сайын 90 мың гектарға жуық жерге күріш егетін Сыр бойындағы шаруалардың ісі шатқаяқтап тұр. Жалпы, құрғақшылықтан көп зардап шегетін облыстың жайы өзгелерден бұрын күрделі фазаға өтіп кеткенін аңғару қиын емес. Ал суды көптеп шығындайтын күріш алқаптарын азайту бастамасы пайда бере ме?

Егін жұмысы кешеуілдеп тұр

Таяуда қызылордалық шаруалардың су тапшылығына байланысты қиындық көріп жатқанын естідік. Алдымен мәселенің анық-қанығын білмек үшін өңірдегі кәсіпкерлерге хабарласқан едік. «Ер-Әлі» ЖШС төрағасы Әліби Бекжанов егін алқаптарына су жетпей жатқанын растады.

Мамырдың соңына таяды, бірақ толықтай күріш егіп үлгере алмай жүрміз. Жұмыс жиі тоқтайды. Әдетте бұл уақытта су толықтай жетіп, егінді қамдап үлгеруші едік. Су тапшылығы дегенде біржақты пікір айта алмаймыз, әрине, кей шаруалардың да белгілі бір деңгейде кінәсі жоқ емес. Суды есепсіз жұмсап, шығын қылатындар кездеседі. Қажетті техникамен толық қамтамасыз етілмегеннің де әсері бар, себебі ауыр еңбек, барлық жұмыс, суару жағы да адам қолымен іске асады. Бір анығы, су мәселесі егіншілер үшін жыл сайын күрделене бермек, – деді кәсіпкер.

Ал «Арал-Сырдария» бессейндік инспекциясы көктемнің басында Сырдария өзеніне келіп жатқан су мөлшері азайғанын жария еткен. Инспекция дерегіне сенсек, «Шардара» су қоймасына секундына 645 текше метр су келеді. Төменгі ағысқа 200 текше метр су жіберіліп, оның 100 текше метрі «Көксарай» су реттегішіне жиналып, 100 текше метрі Қызылорда облысына бағытталады. Арыспен қосқанда «Көктөбе» су бекетіне, яғни Қызылорда облысына секундына 180 текше метр су ағады. Яғни, өзенге әуелдегі су қарқыны әбден бәсеңдеп жетеді. Оның көп бөлігін жолай күріш алқаптарына бұрады, соңында жаһандық мәселеге айналған Аралдың табанына тиетін су тамшыдай ғана болуы мүмкін.

Топырақ құрамы түрленген

Жалпы, облыс аумағындағы құрғақшылыққа тек су тапшылығы емес, топырақтың құнарсыздығы да әсер етіп тұрған сыңайлы. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Хасый Жамантіков ең бастысы осы проблемаға зер салу керегін айтып отыр.

Сыр өңіріндегі жерасты топырағы – шөгінді. Алғашқы кезде борпылдақ, әлі бірікпеген топырақ құрамына пестицид, гербицид сияқты улы заттар сумен келіп, шаңмен бірігіп, желмен ұшып айналаны ластауға бейім болады. Ол шаң қоспалары космостық кеңістікке көтеріліп, жер бетінің кездейсоқ жеріне жетіп, шөгіп, сол жерді ластайды. Сондықтан бірінші мәселе, шаңды қозғалысқа келтірмейтін ic-шара жасау. Өте зиянды борпылдақ шаңды ұстап тұратын бірден-бір жол – өсімдік жамылғысымен бүркеу әдiсi. Кеңес кезінде ғалымдармен бірге бүркемелі өсімдік ретінде қара сексеуіл таңдалды. Оны егу жолдары іріктелді. Басты мақсат – қазір жаһанда белең алып бара жатқан қуаңшылық пен шөлейттену өзгерістерін өрістетпеу еді. Бірақ Сырдарияның өзенінің арыны бәсеңдеді, Аралға су жетпеді, мәселе шешілмей қалды, – дейді ғалым.

Қазір суды үнемдеудің ең оңтайлы жолы ретінде тамшылатып суару әдісі айтылады. Бірақ Қызылордада биыл бар болғаны 4 мың гектар егістік қана тамшылатып суарылмақ. Оның үстіне аталған әдіс күріш алқаптарына сай болмауы мүмкін, себебі бұл өнім жаз бойы суда тұрып өседі. Ол су кейін қашыртқы аталып, қайта қолдануға жарамсыз тұзды су болып шығады. Сондықтан су үнемдеу тұрғысынан қарасақ, күріш егу ісін тиімді санай алмаймыз.

Күріш азайса, тұз көбейеді

Су тапшылығы қанша қысқанымен, былтыр Қызылорда облысында 89 мың гектарға күріш егіліп, 500 мың тоннадан астам өнім жиналған. Ал биыл алқаптар 5 мың гектарға қысқарды, енді күріш егуге 84 мың гектар жер белгіленген.

Негізі күріш алқабын азайту мәселесі кейінгі 5 жылдың көлемінде күн тәртібіне шықты. 2020 жылы 5,1 мың алқап, 2022 жылы 3,6 мың гектар алқап қысқарды. Себебі – сол баяғы судың жетіспеуі. Бұл үрдіс жыл сайын жалғаса бермек. 2021 жылы Экология министрлігі алдағы 10 жылдың ішінде 29 мың гектар күріш егістігін қысқартуды жоспарлағандарын мәлім етті. Осының әсерінен қамбаға түсетін өнім 30-35 пайыз шегіне дейін азаюы мүмкін. Босаған жерлерге ауыспалы егін әдісі қолданылып, суды көп шығындамайтын басқа өнімдер егіледі. Әйтсе де күріш егуді шектегенмен жер құнарланып кете қоймайды. Хасый Жамантіков бұның себебін ғылыми тілде түсіндіріп берді.

– Күріш егуді тоқтату керек деп айтылғанына 20 жылдан асты. Оны іске асыруға кемі 15-20 жыл керек, яғни, ұзақ процесс. Бір кем тұс, көң жоқ, өйткені мал айтарлықтай көп емес. Қазір көңнің бағасы тыңайтқышпен қатар. Күріштің қауызын да солай пайдаға жарата аламыз. Ол үшін күріштің қауызын әбден шірітіп алып, нығыздап, компост шығаруға болады. Оның бактериясы күшті өз ашытқысы бар. Мейлі, күріш егуді доғардық. Дегенмен өңірдің жері шөгіндіден құралған, лезде тұзданып шыға келеді. Сол үшін әзірге су қаншаға жетеді, сонша күріш егіп, қалған жерлерге компост төккен жөн. Бұған бірталай тонна компост қажет. Оны жасау үшін қаражат пен еңбек күші керек. Құнарлы жердің бір гектарында 30 тонна органикалық шірінді бар. Жоңышқа егілген жерде 10-15 тонна, ал тұзданған жердегі көрсеткіш 5-6 тонна ғана. Яғни, ауыспалы егін жерді тұзданудан толық сақтай алмайды. Тұз деген жер астынан көтерілерде кедергісіз жол іздеп, оны каналдардың бойынан табады. Біз қашыртқы атап кеткен, қайта қолдануға жарамайды деп есептейтін су – сол, – деп тарқатты Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Ғалымның айтуынша, ең бірінші мақсат жерді құнарландыру болуға тиіс. Органикалық зат беріліп, шөптердің шіріндісі болмаған соң қанша күріш егілсе де топырақтың құнары болмайды. Қазір күріштің өзі тыңайтқышты көтере алмайды. Жалпы айтқанда, топырақта органикалық процестер үздіксіз жүріп, тұзды ысырғанда ғана құнарлы жер көбеймек. Әйтпесе қазіргі беталыс тұздануға одан әрі жол ашатын бағытта өрбуде. Дұрысы, жерді құнарландырып алған соң Сыр жеріне күріш емес, көкөніс, бау-бақша егуге көшкен абзал.


ПІКІР ЖАЗУ