Шетелдегі миллиондаған қазақты елге қайтарудың жолы табылды
Мемлекет басшысының шетелден кәсіби мамандар мен табысты бизнесмендерді Қазақстанға тарту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында «Ата жолы» көші-қон картасы енгізілген болатын.
Жоба аясында тарихи Отанына оралғандармен Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова кездесті. Жүздесу барысында қандастар жоба туралы пікірлерін айтып, елде атқарар жұмысының жоспарын таныстырды.
Олардың арасында денсаулық сақтау, мұнай және газ, құрылыс, білім беру, ІТ саласының мамандары бар.
Мәселен, Израильден келген Бекжан Қоңырбаев Анестезиология қызметіндегі кемшіліктерді атап өтті. Ол саладағы жағдайды жақсарту үшін шетелдік тәжірибені қолдануға әзір екенін жеткізді.
Саян Хабиденов қазір Атырауда зауыт салу жөніндегі халықаралық жобаны іске асыруға қатысып жатыр. Оның Ресейдің Сургут қаласында мұнай және газ саласында 13 жылдық тәжірибесі бар.
Еңбек жолын қатардағы маман ретінде бастап, мансап сатысында орта буын басшысына дейін өскен. Қазіргі уақытта ол үздік тәжірибелердің Қазақстанда қолданылуына атсалысуда.
Моңғолиядан келген Хамза Тілек – ІТ-маман. Қазір Астана-хаб аясында жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.
Болат Әбілдин – құрылыс саласының тәжірибелі қызметкері. Инженер-құрылысшы ретінде Мәскеуде (РФ) бірқатар нысандардың құрылысына қатысқан.
Ол тарихи Отанында саланың дамуына үлес қоссам деген ниетпен келгенін атап өтті. Құрылыс мамандардың біліктілігін ұдайы жетілдіріп отыру қажеттігіне де мән берді. Бұл іске өзі де араласуға әзір.
Түркиядан келген қандасымыз Шабан Динчтюрк Қазақстанға түрлі салада инвесторларды тартуға күш салып жүр. Коммуналдық шаруашылық, медицина бағыттарында жүзеге асқан жобалары туралы айтып өткен ол келер жылы туристік компания ашуды жоспарлап отыр. Қазақстанға жылына кем дегенде 100 мың турист әкелуді мақсат етіпті.
Жүздесуге қатысқан қандастарымыз «Ата жолы» картасын енгізу жобасын үлкен қуанышпен қабылдағанын жеткізді. Оған шетелдегі өзге де этникалық қазақтар қызығушылық білдіріп жатқанын айтты.
«Үкімет «Ата жолы» картасын пайдаланғысы келетіндерге қолдау көрсетуге дайын. Сіздердің ұсыныстарыңыз бойынша жобаны жетілдіруге қатысты тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілетін болады. Қазақстанның дамуына қолдан келгенше үлес қосуға деген ниеттеріңіз қуантады. Бұл ретте елімізде түрлі салалық бағдарламалар жүзеге асып жатқандығын атап өткім келеді. Оларды жүзеге асыруда сіздердің тәжірибелеріңіз кәдеге жарайды деп санаймын», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова.
Айта кетейік, «Ата жолы» картасы шетелде тұрып жатқан этникалық қазақтарға 10 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Оған қол жеткізу үшін үміткер келесідей талаптардың біріне сай болуы шарт:
– ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін мамандығының болуы;
– Қазақстанда сұранысы жоғары мамандыққа ие;
– тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген, жұмыс істеп тұрған кәсібінің болуы.
Карта иесі Қазақстанда жұмысқа орналасу немесе кәсібін жүргізу, әлеуметтік төлемдер жасау, кепілдендірілген медициналық көмекке қол жеткізу, білім алу және т.б. қызметтерді пайдалана алады. Алайда мемлекеттік қызметте жұмыс атқаруға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлануға, республикалық референдумға қатысуға немесе дауыс беруге хақы жоқ.
Жоба былтырдан бастап жүзеге асып келеді. Бүгінге дейін 250 адам 18 мемлекеттегі елшіліктерімізге келіп, кеңес алыпты. Карта алуға «Құтты мекен», «E-Qonaq» мобильді қосымшалары арқылы өтініш беруге болады немесе Қазақстанның шетелдердегі елшіліктеріне жүгіну қажет.