Ақтөбе ауыл шаруашылығы стансасының базасында жылқы шаруашылығы институты құрылады

0
80

Ақтөбе облысына жұмыс сапары кезінде вице-премьер Серік Жұманғарин жергілікті ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасына (АШТС) барды.

Бүгінде бұл — Ақтөбе облысының аграрийлері үшін дәнді, жарма, майлы және жемшөп дақылдарының элиталық және бірегей тұқымдарын өндіруге рұқсаты бар аймақтағы жалғыз аграрлық бейіндегі ғылыми-зерттеу мекемесі.

Ақтөбе селекциясының сұрыптары Қазақстанның басқа облыстарында және Ресейдің шекаралас аймақтарында да қолданылады.

«Өңір мал азығын дайындауға және мал шаруашылығына маманданған. Біздің сұрыптарды жемге де, дәнді дақылдарға да қолдануға болады, өйткені олар төрт түліктің аузына түскен кезде көп ақуыз әрі жасыл масса бөледі. Біздің тары барлық астық егетін аймақтарда өседі. Мемлекеттік тізілімде тіркелген 20 тары сұрыпының жетеуін ақтөбелік ғалымдар таңдады», — деді АШТС бас экономисі Галина Баранова.

Кәсіпорын қазір қиын жағдайға тап болып, қарыздық міндеттеме арқалап отыр.

Осыған байланысты ғылыми әзірлемелерді одан әрі дамыту, қаржыландыру және коммерцияландыру мүмкін емес.

Жақын арада кәсіпорынды қалпына келтіру үшін оның базасында жылқы шаруашылығы және жемшөп өндіру институты құрылады.

«Мал шаруашылығы — ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі, біз қазір оған үлкен маңыз беріп отырмыз. Жылқы шаруашылығы институты құрылғаннан кейін Ақтөбе облысы Қостанай, Адай жылқысы сияқты асыл тұқымды, спорттық жылқыларды, сондай-ақ ет бағытындағы жылқыларды зерттейтін әрі дамытатын орталыққа айналады», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Бүгінгі таңда республикада жылқының 14 тұқымы кездеседі.

Ең көп таралғандары — Жабы, Мұғалжар және Көшім жылқысы секілді қазақы тұқым. Олар елдің әртүрлі аймақтарында сәтті өсіріліп жатыр.

Жалпы, жылқы өсіру жыл өткен сайын сұранысқа ие кәсіпке айналуда және жаңа ғылыми әзірлемелер мен патенттер аталған шаруашылықтың дамуына ықпал ете түсері анық.


ПІКІР ЖАЗУ