Елімізді топан су басуына негізгі айыптылар табылды
Министрлер мен депутаттар елде апан-құдықтарды қазу жобасының дағдаруына жауапкершілікті бір-біріне аударуда.
Республикада 2024 жылғы мамырдағы жағдай бойынша жалпы саны 2 187 012 шағын және орта кәсіпкерлік (ШОК) субъектілері тіркелген. Соның ішінде үлкен бөлігі – ауыл, орман және балық шаруашылығы саласына тиесілі. Бұл секторда 311 010 ШОК нысаны және 271 762 шаруа немесе фермер қожалықтары тіркелген.
Сарапшылар биылғы жылы өңірлердің басым бөлігін топан су басып, мемлекет пен халыққа қыруар шығын келуіне ауа райы факторлары сыртында Үкіметтің су қоймаларын уақытында тұрғызбауы себепкер болғанын жазды.
Бұл ретте алып су қоймалары функцияларының бір бөлігін жүздеген мың ауыл, орман және балық шаруашылығы нысандары арқалай алатын еді. Заң бойынша оларға мал мен өсімдікті суару, балық өсіру үшін ел ішінде «апан-котлован» аталатын жасанды тоғандар, құдықтар қазып, сонда жауын мен еріген қар суын жинауға рұқсат етілген. Егер мысалы, көрші Өзбекстандағы сияқты қарғын суды жаппай жинағанда, ірі өзендер сонша қатты тасымас па еді?
Алайда шаруалар мұны мемлекеттің қолдауынсыз жасай алмайды. Өйткені орасан қаржы шығынын талап ететін шаруа.
Мемлекет тарапынан жете қолдау болмағасын, бұл істің былтырдан тоқырағанын депутаттар мәселе етіп көтеріп, Үкіметке сауал да жолдады. Проблема лайықты шешімін таппаса, Қазақстанда жайылым жерлерді суландыру жайына қалуы мүмкін.
Мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдиннің айтуынша, кезінде Үкімет «Жайылымдарды суландыруды субсидиялау бағдарламасы» аясында ауыл кәсіпкерлерінің су ұңғымаларын бұрғылауға жұмсаған шығындарын субсидиялады.
Нәтижесінде, әкімдікке, немесе өзен-көлді иемденіп алған жекелерге тәуелді болмау үшін біраз фермер мемлекеттің субсидия ақшасына қыстауларының түбінен су ұңғымасын – апан-котловандарды қазып алды. Оларға жаңбыр мен қар суын молынан жинады. Тіпті суды қолмен тартып, әуреленбеу үшін бұл істі автоматтандырып, электрлендірді, бұл үшін күн панелін орнатты.
Онда неге ауылдағы осы ізгі істің бәрі бүгінде адыра қалды? Коррупционерлер бұл шаруаға да қол сұғып, оны жемсауына айналдырыпты, жоқ котлован-құдыққа субсидия алған.
«Бұл игілікті жобаға өлексе көрген құзғындай жемқорлар жабылды, бөлінген қаражаттың жартысы – 40 миллиард теңге жемқорлардың жемсауында кеткенінен хабардармыз. Оның үстіне бұл жобалардың гидрогеолог ғалымдардың толық зерттеу-талдауынан өтпейтіні, салдарынан бұрғыланған ұңғымалардан артынша судың «қашатыны», құдықтардан жарамсыз кермек судың шығатыны әшкереленді. Сөйтіп, кезекті ғажап жоба шалажансар менеджменттің құрбаны болды», – дейді Ерболат Жалғасбайұлы.
Президент еліміз бойынша 100 миллион гектар жайылымды суландыруды тапсырған болатын. Егер су жинайтын шағын су қоймалары жүйесі дамытылмаса, бұл міндет қалай орындалады?
«Бұл міндетті жүзеге асыру үшін негізінен нөсерлете жауған жаңбыр мен еріген қардың суын жинайтын, ел аузында «апан», «котлован» аталып кеткен су қазаншұңқырларын пайдалану ыңғайлы болар еді. «Қатты жерге қақ тұрар, қайратты ерге бақ тұрар» демекші, біздің Сарыарқаның жері қатты, шөлейітті, тақыр болғандықтан, малды да, егінді де осы тәсілмен суару ғана мәселені шешпек. Оның үстіне мұндай қазаншұңқырлар жылда жан жалмайтын, орманды отайтын дала өртін ауыздықтаудың да таптырмас құралы ғой!», – деп қостады әріптесін мәжілісмен Ерлан Әбдиев.
Депутаттардың айтуынша, сонау 7 жыл бұрын, 2017 жылғы 20 ақпанда қабылданған «Жайлымдар туралы» заңда мұндай су нысаны – «апандар» деп белгіленген. Жайылымдағы су көздеріне көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару немесе суландыру каналдары, құбырлы немесе шахталы құдықтар жататыны көрсетілген. Алайда апанды салудың жоспары бекітілмеген.
Жаңа Парламент 2024 жылғы 27 ақпанда «Жайылымдар туралы» заңға түзетулер топтамасын қабылдады. Депутат Ерболат Сатыбалдиннің пікірінше, бұл заңнамалық өзгерістер де проблеманы шеше алмайды. Өйткені оларға сәйкес мұндай жоспарларды дайындау жергілікті әкімдіктерге берілді.
«Оның үстіне өткен 7 жыл бойы Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарды суландыру жоспарын бекітпеген. Сондықтан жайылымдарды суландыру жоспарын дайындау барысында аталған апан-қазаншұңқырларды салу немесе бүгінде сақталып қалғандарын қайта жөндеуден өткізу мәселелерін пысықтап, жобаға қанша қаражат жұмсау керектігін анықтау қажет. Бұл ретте мұндай су нысандарын салуды министрліктердің құзіретінде қалдыру қажет. Аудан не ауыл әкімдіктерінің бюджетіне олар орындай алмайтын жобаны ысыра салуға жол бермеу керек», – деп санайды аманаттық депутат Е.Сатыбалдин.
Дегенмен, ол кешігіп қалды. «Жайылымдар туралы» заңына келесі өзгерісті тек келесі Парламент енгізуі мүмкін. Қазіргі 8-ші сайланымдағы депутаттық корпустің жоспарында бұл заңға қайта оралып, ары қарай күзеп-түзеу жоқ.
Жалпы, елдегі су ресурстары мен су қоймаларына Су ресурстары және ирригация министрлігі жауап береді. Ведомстводағылар болса, дала мен ауылдардағы апандардан ат-тонын ала қашып отыр.
«Шөлейтті аймақтардағы жайылым жерлерді суландыру үшін қолданылатын котлован, апан-қазаншұңқырларды салу жоспарын дайындау немесе бұрыннан сақталып қалғандарын қайта қалпына келтіру мәселелері біздің министрліктің құзіретіне кірмейді! Десек те, егер жергілікті әкімдіктер тиісті жобалық-сметалық құжаттамаларын даярлап ұсынса, біздің министрлік оны өз құзіреті шегінде қолдауға дайын. Ондай жағдайда жобаларды республикалық бюджеттен трансферттер арқылы қаржыландыруға ұсынуға болады», – деді Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.
Шын мәнінде, апан-қазаншұңқырлар желісінің дамуына Ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты екен. Ол не дейді? Апан, қазаншұңқырлар қазудан бас тартуға тура келіпті. Тек құдықтар қалды.
«Былтырғы 2023 жылға дейін шынында да еріген қар суларын жинау үшін жасанды су айдындарын – апандарды, тоғандарды құруға арналған №34 паспорт болған. Ол «Еріген қар суларын жинау үшін жасанды су айдындарын (тоғандарын) құру» жобасы деп аталды және «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстарының бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау қағидалары» аясында қаржыландырылды. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің осы жобаға жұмсаған инвестициялық салымдарының 25%-ы бюджеттен өтелетін», – деп растады Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.
Аталған паспортқа сәйкес бір реттік толтыру кезінде пайдалы көлемі кемінде 4000 текше метр болатын еріген қар суын жинауға арналған қолдан жасалған су қоймасын, тоғанды салу үшін пайдалы көлемнің 1 текше метрі 2 400 теңгеге дейін субсидияланды.
2023 жылы аталған инвестициялық субсидиялау қағидаларына талдау жүргізіліпті. Коррупционерлермен күресуші ведомство да біраз жөнсіздіктің, тиімсіздіктің бетін ашты.
«Нәтижесінде, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсыныстары негізінде №34 паспорт Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 29 қарашадағы №409 бұйрығымен жойылды. Айта кету керек, 2015–2023 жылдар аралығында, яғни №34 паспорт қолданыста болған 8 жыл ішінде келіп түскен өтінімдер үлесі өте аз болды: 10 өтінімге жетпеген», – деді АШМ басшысы.
Әрине, елді тасқын судың жауып қалуына жемқорлармен жағаласқан Антикордың айыбы жоқ. Әңгіме депутаттардың, министрліктердің жауапкершілік жүгін арқалағысы келмей, бір-біріне аударуында.
Қалай болғанда, орталықтан үйлестіру жағы ақсап жатқанымен, мемлекет бұл істен түпкілікті теріс айналмаған көрінеді.
Министрдің мәліметінше, алып тасталған №34 паспортқа қосымша, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету мақсатына қызмет ететін №4 паспорт әрі қарай күшінде.
Ол «№ 4 «Жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын құру және мал өсіруші шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету (құдықтар, ұңғымалар)» жобасының паспорты» деп аталады және тек құдықтар мен ұңғымаларды ғана субсидиялайды.
Қолданыстағы бұл паспортқа сәйкес, инвестициялық салымдардың 50%-ына дейін өтеліп, субсидиялануға тиіс.
«Ол бойынша республика көлемінде 2014–2019 жылдар аралығында 3 633 бірлік құдық пен ұңғыма қазу туралы жоспар бекітілген болатын. Бүгінгі таңда облыстардың деректеріне жүгінсек, 2014–2023 жылдар аралығында жайылымдарды суландыру үшін республика бойынша іс жүзінде 12 852 бірлік құдық-ұңғыма қазылды. Яғни, жоспар 3,5 есе артық орындалды. Соның ішінде 9 296 бірлік құдық-ұңғыма субсидияланды», – деді ауыл шаруашылығы министрі.