«Мен өмірді жақсы көремін»: бүгін Денис Тен 31 жасқа толар еді
Бүгін, 13 маусымда спорт әлемі мен миллиондаған жандардың жүрегінде өшпестей із қалдырған көрнекті қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 31 жасқа толар еді,-деп хабарлайды politico.kz
Денис Тен 1993 жылы 13 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа, әсіресе мәнерлеп сырғанауға үлкен қызығушылық танытты. Оның бойындағы спортқа деген құмарлық пен еңбекқорлық оған отандық мәнерлеп сырғанау саласынан ойып тұрып орын алуына мүмкіндік берді.
2003 жылы әйгілі жаттықтырушы Елена Водорезова 10 жасар Денистің болмысындағы ерекшелікті байқап, Мәскеуге шақырды.
Ол 7 жыл бойы Мәскеуде мәнерлеп сырғанаудан сабақ алды.
Мәскеудегі осы бір жарқын кезеңдерінің жемісі ретінде Денис 12 жасында Қазақстан чемпионатында өзінің алғашқы ірі жеңісіне қол жеткізді. Ал 13 жасында Нидерландыдағы Кіші Гран-при кезеңінде үздік ондыққа кірді.
Жаттықтырушы Елена Водорезова бала Дениспен қалай кездескенін де айтып берген. «Мен кішкентай, сүйкімді баланы көрдім. Анасынан: «Қайда тұрасыздар, қайда жаттығып жүрсіздер?» деп сұрадым. Олар шағын мұз айдындарында, дүкендерде жаттығатынын айтты. Денис мұз айдында сырғанағанды ұнататын және ол барлық нәрсені де өзі істеуге тырысатын», – дейді Елена Водорезова.
Мәнерлеп сырғанаудан бөлек Денис Тен теннис, акробатика, таэквондо, каратэ, жүзу, би, кескіндемеге қызықты. Фортепиано бойынша музыка мектебінің 5 сыныбын бітіріп, хорда ән шырқады. Мұның бәрі де мәнерлеп сырғанаушының болашақ мансабына ерекше әсер етіп, жоғары деңгейдегі көркем және музыкалық бағдарламаларды қоюға көмектесті.
Оның 2009 жылы Лос-Анджелестегі әлем чемпионатында өнер көрсетуі төрешілерді таңқалдырып, оған тәуелсіз Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында тұңғыш рет ерлер арасындағы конькимен сырғанаудан Ванкувер Олимпиадасына жолдама берді. Әлем чемпионатында ол мәнерлеп сырғанауда үлкен икемділікті қажет ететін және өте сирек кездесетін бильман элементін орындады.
Ал 2010 жылы ол Лос-Анджелеске көшіп келіп, мұнда Фрэнк Кэрролл, Николай Морозов секілді мамандармен жұмыс істей бастады Денис Теннің спорт мансабындағы ең жарқын жетістіктерінің бірі – 2014 жылы Сочидегі қысқы Олимпиада ойындарындағы қола медальі. Бұл жетістік спортшының жеке жеңісі ғана емес, бүкіл елдің ортақ жеңісі болды. Себебі ол тәуелсіз еліміздің мәнерлеп сырғанау тарихында қысқы Олимпиада ойындарында жүлдегерлер тұғырынан көрінген тұңғыш әрі жалғыз спортшы.
Сонымен қатар оның 2013 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісі мен 2011 жылғы Азия ойындарындағы күміс медальі қазақ спорты тарихындағы керемет кезең болды. Тен бірнеше рет Гран-при мен басқа да халықаралық турнирлерде топ жарып, шеберлік пен спорттық рухтың ең жоғары деңгейін көрсете білді. Мәнерлеп сырғанаудан бөлек, Денис өзге де өнер түрлеріне жақын болғанын жоғарыда атап өттік. Соның ішінде, гитара мен фортепианоның сүйемелдеуімен ән жазатын қабілеті де болған.
Көпшілік оның бұл өнерін Instagram желісі арқылы біледі. Денис Тен 25 жасқа толған шағында Instagram желісіндегі парақшасында мәнерлеп сырғанаушы оның осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері ата-анасының еңбегі екенін айтады. «25 жыл бұрын мен дәл осы күні дүниеге келдім. Бұл ата-анамның еңбегі. Ағам атымды қойды. Кейінірек анам әртүрлі үйірмелерге берді. Әкем отбасын асырады.
Мен еркелік пен қамқорлықтың бар нәрін сіңіріп өстім. Мен конькиде сырғанадым, өйткені маған мүмкіндік берілді. Мен музыка мектебіне бардым, өйткені мені әр жұмыс күні кешке сол жерге апаратын. Мен ата-анам ұсынған барлық нәрсені жасадым.
Тіпті, мен алған білімнің негізгі көздері де сырттан келді, яғни ол менің жеке өзімнің ойым емес. Сонда мен кіммін? Мен не істедім? Білмеймін. Бірақ бұл нәрсенің бәрі де мені бақытты етті. Мен өмірді жақсы көремін. Мен ата-анамды жақсы көремін. Адамдарды жақсы көремін. Шексіз жақсы көремін».
«Мен идеяларды жақсы көремін. Кейде олар таңқаларлық нәтижелерге, мысалы, Тимур Бекмамбетовпен танысуға әкеледі. Screenlife байқауына бүкіл әлем бойынша 250-ден астам адам қатысты. Соның ішінде, мен 18 жартылай финалистің қатарына қосылдым. Бұл қалай болды – шынымды айтсам, білмеймін. Бірақ жақында пайда болған жалғыз идея осы ерекше өмірлік тәжірибеге лотерея билеті болды», – деді Тен.