Не тылсым? Арал қайта толып, Балқаш тартылып жатыр

0
125

Су жағалауынан қашып барады, аулайтын балық та қалмай барады.

Су ресурстары және ирригация министрлігі ел басшылығы мен халықты көркем көрсеткіштермен қуантуға асықты,-деп хабарлайды politico.kz

Биыл еліміздің су қоймаларына 75 миллиард текше метр су жиналыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 миллиард текше метрге (километр емес) артық екен. Министрлікке сенсек, жиналған судың 12 миллиардтан астамы – тасқынның суы.

Салыстырсақ, былтырғы бір жылда еліміздің ауыл шаруашылығы саласы 14 млрд текше метр су жұмсапты. Ал, 2023 жылдың қорытындысы бойынша еліміздің жалпы қажеттілігі үшін жаратылған судың көлемі – 24,4 млрд текше метр.

«Су тасқыны кезеңі басталғалы бері Балқаш көліне 3,3 млрд текше метр, Каспий теңізіне шамамен 6 млрд текше метр су жіберілді», – деді таяуда Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева.

Бұдан бұрын, мамыр айының соңында министрлік Балқаш көлінің су деңгейі тағы 8 сантиметрге көтерілгенін хабарлаған болатын. Жалпы алғанда, жыл басынан бері Балқаштағы су деңгейі 23 сантиметрге жоғарылады.

Ведомствоның түсіндіруінше, Балқаш көліндегі су деңгейін анықтау үшін 4 гидробекетте: Сарышаған, Қарақұм, Балқаш және Мыңарал бақылау жүргізіледі.

Дегенмен, сарапшылар министрліктегілердің мәз болуына негіз жоқ екенін, өйткені су проблемасы кешенді шешілмегенін қаперге салды.

 

«Балқаштың бұрынғы жағалауынан әрі қашуы осымен төртінші жыл қатарынан жалғасуда. Көлдегі балықтар да айтарлықтай азайып кеткен. Балқашқа жақын қонған ауылдардың тұрғындары тастарды нұсқап көрсетті, олар бұрын көл түбіндегі тастар еді, енді жағалауда жатыр», – деп жазған басылым Балқаш көліндегі ахуалға бастауын Қытайдан алатын Іле өзеніне қатысты жағдай қатты ықпал ететінін, Қазақстан болса, әлі күнге дейін Бейжіңмен суды бөлісу туралы келісімге келе алмай отырғанын ескертті.

Балқаш қаласынан 100 шақырымдай жерде, Балқаш көлінің жағасына жақын қонған Тасарал ауылында шамамен 500 адамнан асатын тұрғын қалыпты.

Бұл елді мекеннің іргесі 30-шы жылдары қаланған, ол кезде көлді жағалай балық аулайтын балықшылар ауылдары жаппай құрыла бастаған болатын. Қазіргі кезде де жергілікті тұрғындар негізгі нәпақасын балық пен шұбат сатып, табады.

«Егер сен бұл жерде отырып, балық ауламасаң, онда күн көре алмайсың. Сондықтан әрбір шаңырақта бір балықшыдан бар», – дейді ауыл тұрғыны, әрі балықшы Бауыржан Әлтаев.

Жергілікті тұрғын Елдос Қасенұлы журналистерге әңгімесінде ауылдықтардың кредит алып, қарызға батуға мәжбүр екенін жасырмады.

Оның айтуынша, көлде балық әрі қарай азайып барады. Қамыс та сиреген, ал, соның түбінде балықтар тіршілік ететіні белгілі. Оны Бауыржан қостады.

«Бұрын біз балықты жағадан алыстамай-ақ аулай беретінбіз. Енді балық табу үшін жағадан көп ұзап кетуге тура келеді», – деді Б.Әлтаев.

Тұрғындар ауылдықтардың әлеуметтік көңіл-күйін құлдыратқан тағы бір жайтқа назар аудартты. Балқаш көлінің ең балықты тұстары телім-телімге бөлініп, жекенің қолына таратылып жіберілген екен.

Ол жаққа Конституция бойынша бар байлықтың иесі саналатын қарапайым бұқара енді аттап баса алмайды. Онда балықты тек лицензия бойынша аулауға ғана рұқсат етеді.

Тасарал тұрғындарының айтуынша, балық аулауға лицензияны шенеуніктер көрінген көк аттыға бере береді. Содан негізгі күн көрісі балық аулаумен байланысты емес, еріккеннен ермек іздеген адамдар көлге бей-жай қарайды, көңілі тояттаған соң, аулағанын көлігіне тиеп, керексіз болған «қытайлық пластик торларын» Балқашқа лақтырып, тайып тұрады екен.

Ондай ұсақ, пышақтың жүзіндей өткір торларға шабағына дейін оралып қалып, балықтар жаппай қиналып өледі.

Тұрғын Бақытжан Айдынбайұлы көлді қал-қадари тазартуға тырысатындарын айтады. Бірақ лицензиялы кейбір «жендеттердің» қарау тірлігі де көлде балықтың кемуіне алапат ықпал етеді. Бұрындары тіршілік еткен бірқатар балық түрі бүгінде жойылып та кеткен.

«Мысалы, 50-60 жылы Аралдан әкелініп, жерсіндірілген бекіре, сондай-ақ қызыл балық, майшабақ толығымен жойылып кетті. Балқаштың айдынын әу бастан мекен еткен жергілікті балықтың төрт түрі де жоғалды. Бізде Балқаш шармайының (Балхашская маринка) екі түрі болатын. Балқаш алабұғасы, талма балық-губач болды. Балықтың бұл түрлері қазіргі кезде Балқашта жоқ! Қазақстан осы көлді мыңдаған жылдар бойы мекен еткен балықтардан айрылып қалды. Мемлекет сауатсыздық танытып, көлге шортандарды жіберген, ол жыртқыш қой. Ашықса, өз тұқымдастарын да жеп қояды. Олар да жергілікті балық түрлеріне қырғидай тиді», – деді өлкетанушы Дәулет Қожақов.

Балқаш бассейнінде ірі және ұсақ су жануарларының 26 түрі тіршілік етеді. Ірілері – жайын, шортан, тұқы-сазан, алабұға, табан. Оларды өнеркәсіптік ауқымда аулап, экспортқа жолдап жатқан компаниялар бар көрінеді.

Балқаштың батыс жағалауы жар, терең болғандықтан, толқыны ұрып, суы шалқып жатыр. Шығыс жағасы таяздау, салдарынан ол жақта су бұрынғы жағалауынан екі-үш шақырымға дейін кері шегініп кеткен.

Үкіметтің Балқашта атом электр станциясын салу жоспарлары жергілікті жұртшылықтың мазасын қашырды. АЭС жұмысының немесе ондағы ықтимал апаттың зардабы қандай болатыны белгісіз.

«Қоршаған орта ластанады. Балқаштан айрылып қалуымыз мүмкін. Оны қаншама тіршілік иесі мекен етеді. Егер АЭС-те апат болса, тірінің бәрі қырылады. Балқаш жойылса, халық қалай өмір сүреді?» – дейді жергілікті тұрғын Елдос Қасенұлы.

Үкіметтің атом станциясының құрылысын уағыздаған түсіндіру тобы жергілікті тұрғындарды АЭС-тен еш залал жоқтығына сендірмек болыпты. Тұрғындар бұған күмәнданады.

«Бізден 150 шақырымдай жерде Мыңарал деген жер бар. Онда да бұрыннан балық ауланатын. Енді ол жақта балық жоқ. Өйткені онда цемент зауытын тұрғызған, қажетті материал алу үшін жер қойнауын қазады, сол үшін жарылыс жасайтын көрінеді. Салдарынан Балқаштың ол тұсында балық атаулы ізім-ғайым жоқ болды. Ол жақтың тұрғындары кейде балық аулау үшін біз жаққа қатынайды», – деді Бауыржан Әлтаев.

Үкімет АЭС құрылысы туралы ақырғы шешім қабылдануы үшін биылғы күзде референдум өткізеді деп күтілуде.

Ғалымдар Балқаш суының деңгейін алғаш 1896 жылдан тіркей бастады. Содан бері көл бір тартылып, бір молайған. Бірақ ол замандарда Балқаштың суы дәл қазіргідей ауыл шаруашылығында, өндірісте, басқа мақсаттарда ылан-ойран шығындалмаған.

Қазіргі кезде Балқаш суының деңгейі Балтық жүйесі бойынша небары 341 метрді құрайды. Бұл – ең минималды шек. Экологтар дабыл қағуда. Егер көлдің суы бұдан да көп түсіп кетсе, апат қаупі төнеді.

Балқаш суының шамамен 80 пайызын Іле өзенінен алады. Іле болса, Қытайдан келеді. Су бөлісу туралы келісім ҚХР-мен арада 20 жылдан артық уақыттан бері талқылануда. Келіссөздердің шет-шегі көрінетін емес, шарттың қашан қабылданатыны беймәлім. Онсыз биылғыдай уақытша тасқын су Балқашты құтқара алмайды.

Заңгер Абай Еркебулановтың айтуынша, жыл сайын Қазақстан Қытайдан суды қажетті көлемнен 5-6 текше шақырымға (метр емес!) кем алады. Бұл – үш Қапшағайға тең көлем. Мұндай тапшылық та Балқашқа зиянын тигізеді. Кейбір деректер бойынша шығыс көрші Шыңжаң өңірінде ауыл шаруашылығы алқаптарының ауданын арттырған. Бұл іс суды көп қажет ететіні белгілі.

Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мүшесі Анар Тілеулесова осы мәселеде Қытаймен арадағы келіссөздерде жүйелілік жоқтығына назар аудартты. Қазақстан тарапынан келіссөздерге қатысатын комиссия құрамы жиі, жыл сайын ауыса береді екен. Жаңа адамдар жағдайға қаныққанша біраз уақыт кетеді. ҚХР жағында комиссия мүшелері тұрақты және су мәселелерімен, Балқаштың ахуалымен ондаған жыл айналысып келе жатқан өз ісінің білікті майталмандары.

Қазақстанда су министрі де екі жылда бір ауысып тұрады. Бәрін айт та, бірін айт, су ресурстарының жырын айт деп жүргенде, Қазақстан «қазақтың Байкалы» саналатын Балқаштан түпкілікті айрылып қалуы ғажап емес.


ПІКІР ЖАЗУ