Қытай Қазақстанды үш мақсатта маңызды деп санайды

0
36

 

Әлемдегі барлық мемлекеттер ең алдымен байланысты шекаралас елдермен жасайды. Ол қатып қалған заңдылық. Бұрын да, қазір де, бізден кейін де солай болады,-деп хабарлайды politico.kz

География ол өзгермес заңды біз үшін жазып қойған. Сол себепті біз өзімізбен көршілес барлық елмен саяси, мәдени, экономикалық байланыста бола береміз.

Алдыңкүні Қытайдың төрағасы келді. Ол Қазақстанда үш күн болады. Әдетте ол өзге елде аса ұзақ болмайды. Қазақстанда ұзақ болуы Бейжің үшін Қазақстанның маңыздылығын, президентпен қарым-қатынасын жоғары бағалайтынын білдірсе керек. Сонымен бірге ол Қазақстанға сырттан қандай да бір қауіп болғанын қаламайтынын кешегі сұхбатында айтты. Бұған дейін де сондай пікір білдірген. Қытай үшін маңызды дүние – өзін қоршаған елдерде тыныштықтың болуы.

Ал енді осы тұста сұрақ туындайды:

Қазақстан үшін Қытай қандай маңыздылыққа ие және Қытай үшін Қазақстан қандай маңыздылыққа ие?

Қытай Қазақстанды үш мақсатта маңызды санайды деп ойлаймын.

Ол транзит жолы, азық-түлік қауіпсіздігі, энергетикалық қауіпсіздік.

1. ТРАНЗИТ ЖОЛЫ. Ежелден Орталық Азия Ұлы Жібек жолының маңызды тармағының бірі болды. Мыңдаған керуен батыстан шығысқа, шығыстан батысқа ағылып жатты. Сол жолдың бойындағы қалалар көркейді. Өйткені тауар келді, сауда болды, салық алынды. Заман өтті, дәуірлер ауысты. Алайда сауда заңдылығы өзгермеді. Сауда жасау үшін транзит жолдары қажет. Қытай Қазақстанды сол мақсатта қарастырады. Қытайдың негізгі сауда серіктесі ЕО елдері. Ол өз тауарын құрлық арқылы Орталық Азиямен тасымалдайды, соның ішінде негізінен Қазақстанмен. Қазақстан арқылы Кавказға, Кавказдан ары Кәрі Құрлық асады. Еуропаға құрлық арқылы апаратын тауардың 85 пайызы біздің аумақпен өтеді. Бұл бізге теміржол және көлік жолдарын дамытуға стимул болады. Бұдан да көп тауар тасу үшін жаңа жолдар, қабылдау бекеттерін арттыру және теміржол әлеуетін күшейту қажет. 11 мың шақырымды жолды жөндейміз деген бастама негізінен осы мақсатта іске асады деп ойлаймын. Қазақстан аймағы арқылы 13 халықаралық көлік магистралі өтеді. Оның ішінде 5-і теміржол, 8-і автомобиль жолдары бар. Бұның санын арттыру керек, саны артқан сайын өзге елдің жүгін өткізу де, өз ішіміздегі жүкті тасымалдау да артады. Бұған Транскаспий бағытын қосыңыз. Соңғы екі жылда жақсы қарқын алып, дамуда. Ссол бағыт арқылы мұнай тасымалдауды да арттырдық және Қытай да ол бағытты көбірек қолдануға көшті.

2. АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІ. Қытайдың негізгі саясатының бірі өзінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыны іске асыру үшін әлемнің 40-тан астам елімен түрлі жоба жасауда. Азық-түлік саласына қатысты инвестиция құяды. Қазақстанды да осы мақсатта маңызды санайды деуге болады. Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға инвестиция құюға ниетті. Ол астық, мал шаруашылығы, сүт және ет өнімдері кешендеріне қатысты. Солай етуге мәжбүр де. 1,3 млрд адам ана жақта аузын ашып отыр. Не сатсаң да алайын деп тұр, сата білсей болғаны, келісе білсең болғаны.

3. ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК. Қытай мен Үндістан әлемде мұнай, газ сатып алу бойынша көшбасшы елдер қатарына кіреді. Қытай үшін мұнай мен газдың үздіксіз келуі маңызды. Сол себепті ол ОПЕК-ке мүше және мүше емес елдердің бәрімен энергетика саласында байланыс жасайды. Соның ішінде Қазақстан да бар.

Міне, осы үшеуі Қытайға маңызды. Әрине бұдан да басқа маңызды тораптар, салалар жеткілікті ғой, алайда осы үшеуін негізгі дер едім.

Ал Қазақстан үшін Қытай қандай маңыздылыққа ие? Біріншіден, Қытайды бізде басты нарықтың бірі санайды. Шекаралас, сауда жасауға ыңғайлы, экономикасы мен демографиясы сатып алуға қабілетті. Екіншіден, Қытайдың порттарын қолдану бар. Ляньюньган портында бізге терминал берген. Сол терминалға астық, шикізат апарып, ары оңтүстік Азия елдеріне сатып жүрміз. Яғни, Қытай да ақырындап бізге транзит жолына айналып келеді. Оның көрсеткіші әрине салыстырмалы түрде өте аз, бірақ бастамасы ретінде сол бір терминал тұр.

ШЫҰ саммитінде Қытаймен ұйымаралық, ал одан тыс мемлекетаралық келіссөздер болады. Кез келген ел басқа елдермен солай байланысады.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ, саясаттанушы


ПІКІР ЖАЗУ