Қайрат Нұртастың анасы ұлының бостандыққа қашан шығатынын айтты
Әнші Қайрта Нұртастың анасы, танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова ұлының бостандыққа қашан шығатынын айтты. Ол баласы үшін Шымкентке арнайы ұшып барды, деп хабарлайды Politico.kz.
Гүлзира Айдарбекова немерелері жолдаған хаттарды Instagram желісіне жариялады. Белгілі продюсер перзентін бүгін түнгі сағат 00:00-де шығарып алмақ екенін жеткізді.
«Жандарым менің. Әкелеріңді 19-на ұшып барып, түнде Алла бұйыртса шығарып аламыз деп отырмын. Сендерді уайымдап жатыр. Сендер аман болыңдар», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Кеше Қайрат Нұртастың анасы ұшақтан фото жариялап, Алматыдан Шымкентке ұшып бара жатқанын көрсетті.
Айта кетейік, 5 шілде күні әнші Қайрат Нұртастың үстінен іс қозғалып, артынша сот отырысы өтті. Шоу-бизнес өкілі ұшақ бортында ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Осы әрекеті үшін ол 15 тәулікке қамалды.