Семейдегі аспалы көпір: Тоқаевтың екі жыл бұрынғы тапсырмасы сапалы орындалды ма?

0
56

Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр. Бір шеті Қытаймен, тағы бір шеті Ресеймен шектеседі. Ал сәл әріректе Моңғолия да менмұндалап тұр. Мұндай аймақта инфрақұрылымның маңызы ерекше зор екені анық. Көлік жолы, теміржол қатынасы, су жолы айрықша жоғары деңгейде болуы қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған облыстың әкіміне осы мәселені шешуді тапсырған. Politico.kz тілшісі Президент тапсырмасы қаншалықты деңгейде орындалып жатқанына тоқталып өтпек.

2022 жылы Абай облысы құрылғаннан кейін өңірге жасаған ресми іссапарында Мемлекет басшысы Семей қаласындағы көпірлердің жағдайын ерекше назарға алып, нақты тапсырмалар берген.

«Абай облысы тоғыз жолдың торабында тұр, Ресеймен, Қытаймен шектесіп жатыр. Осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану үшін жолдарымыз сапалы әрі қауіпсіз болуы керек.

Еліміздің көлік әлеуетін дамыту үшін Бақты арқылы Қытайға баратын теміржол желісін салуды жоспарлап отырмыз. Бұл теміржолды міндетті түрде салуымыз керек. Үкімет осы мәселемен айналысады.

Өңірде «құрғақ порт», «логистикалық парк» салып, көлік дәлізін дамыту қажет. Халықаралық маңызы бар күре жол Семей арқылы өтеді. Сондықтан, ең алдымен, қаладағы екі көпірді жөндеу қажет. Биыл мұнда жаңа көпірдің құрылысы басталды. Үкімет облыс әкімдігімен бірлесіп, оны үш жылда салып бітіруге тиіс. Сондай-ақ, аспалы көпірге күрделі жөндеу жүргізуді тапсырамын», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаевқа нақты тапсырма жүктеген.

Сонымен, Президент айтқан көпірлерді жөндеу қазір қандай деңгейде жүріп жатыр? Көршілес елдермен көлік қатынасын жақсартып, мемлекет қазынасына тиісті деңгейде пайда түсіруге қауқарлы ма?

Бірер апта бұрын Семейдегі дәл осы аспалы көпірдің жөндеуіне қатысты дау шықты. «Semei» телеарнасы көтерген мәселеде жөндеу жұмысының аяқталуы емес, сапасына айрықша тоқталған.

Телеарна тілшілері көпірдің жөндеуіне қалалық бюджеттен 90 млн теңге бөлінгенін анықтады. Ал қазіргі уақытта жөндеу жұмысына небәрі 10 жұмысшы мен 5 арнайы техника ғана жұмылдырылыпты. Мамандар неміс технологиясы қолданылды деп сендіргенмен, жергілікті тұрғындар дәнекерлеу лампалары белсенді қолданылғанына куәгер болыпты.

Ал керек болса, екі бірдей алып мемлекетпен шектесетін аймақтағы жағдай осындай деңгейде болғаны ма!? Алып көпірдің жөндеу жұмысына өткен ғасырдағы әдіс-тәсілдер қолданылып жатыр ма!?

Дегенмен Абай облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы бұл мәселе туралы мүлдем басқа пікірде.

«Бұл жерде мәселе неміс технологиясында немесе дәнекерлеу лампасында емес. Бұл жерде оттың жануы маңызды», – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов.

Әлемде қазір алмағайып заман орнап тұр. Іргеміздегі Ресей санкцияның құрсауында. Қытайдың да батыс елдермен қарым-қатынасы қиындап тұр. Ал бұл зардаптың бір шеті Қазақстанға тиіп кетуі мүмкін деген болжам да жоқ емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күрделі мәселелердің бел ортасында еңбектеніп жүр. Ал сенген әкімі аспалы көпірдің құрылысын өткен ғасырдың әдіс-тәсілімен жөндеп жүр…

Айта кетейік, жуырда еліміздегі әкімдердің рейтингі жарияланды. Тізімде Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев та бар.

Автор: Елтай А.


ПІКІР ЖАЗУ