Рыбакина қазақстандықтардан кешірім сұрады

0
459

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина қазақстандықтарға үндеу тастады, деп хабарлайды politico.kz.

«Құрметті жанкүйерлер, Отандастарым! Сіздерге Париждегі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсете алмағаныма өзімнің қаншалықты ренжігенімді және өкінетінімді айтып хабарлаймын. Мен командамен бірге белсенді дайындалып, өкінішке қарай, дәл жарыс басталар алдында сырқатанып қалдым. Дене қызуым қатты көтеріліп, тыныс алуым да қиын болды, дәрігерлер маған кортқа шығуға қатаң тыйым салды. Барлық қазақстандық жанкүйерлерден ақталмаған үміттеріңіз үшін кешірім сұрағым келеді. Бұл жағдай жүрегіме өте қатты тиді, өйткені мен өз командаммен осы Олимпиада ойындарында жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін көп жұмыс жасағанмын және медаль жеңгім келді. Токиода өткен Олимпиадада мен медаль алуға өте жақын болдым және медаль алу менің үлкен мақсатым болып қала берді. Мен жақын арада кортқа шыға аламын деп үміттенемін», — деді қазақстандық теннисші бейнеүндеуінде.

Елена Рыбакина барлық отандастарына алғысын жеткізді.

«Әлемнің қай түкпірінде ойнасам да, сіздер маған әрқашан айтарлықтай қолдау көрсетесіздер. Стадиондарда көк байрағымызды көріп әрқашан қуанамын. Көп рахмет және жақын арада кортқа ораламын деп үміттенемін», — деді ол.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстанның теннистен ұлттық құрамасының көшбасшысы Елена Рыбакина денсаулығының сыр беруіне байланысты Олимпиада ойындарына қатыса алмайтынын жазған едік.


ПІКІР ЖАЗУ