Президент тапсырмасы: Атырауда мәдени орталықтың құрылысы қашан аяқталады?

0
126

Фото: «Ак жайық»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президенттік қызметіне кіріскелі бері өңірлердің дамуына көп көңіл бөліп келеді. Бірер жыл бұрын Атырау өңірінің тұрғындарымен кездесуінде облыс орталығында мәдени-шығармашылық орталық ашу туралы бастама көтеріп, оны облыс әкімі Серік Шәпкеновке тапсырған. Politico.kz осы тапсырманың қандай деңгейде орындалғанына тоқталып өтпек.

Президент 2022 жылдың қараша айында Атырау қаласына іссапармен барып, өңірдің жағдайын өз көзімен көріп қайтқан.

«Облыстағы мәдениет саласын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Қалада мәдениет орындарының көбірек болғаны жөн. Мен Атырау қаласында дарынды жастар үшін мәдениет және шығармашылық орталығын салуды тапсырамын. Оны қазақ күй өнерінің алыбы – Құрманғазының атымен атауды ұсынамын. Атырау әрбір тұрғынға қолайлы, таза, заманауи қалаға айналуға тиіс. Қалада кейбір нысандардың құрылысы көп жылдан бері тоқтап тұр. Мысалы, 10 жыл бұрын салына бастаған Концерт залы әлі пайдалануға берілген жоқ. Тіпті, оның ғимараты жарамсыз күйге түсті. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, осындай нысандарды салып бітіру мәселесін біржола шешуге тиіс. Қажет болса, инвесторларды тартыңыздар. Халық мұндай ғимараттардың игілігін көруі қажет», – деген еді Қасым -Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы тиісті деңгейде жүзеге асты ма?

Сол жылдың соңында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бейсембаев арнайы брифинг өткізіп, құрылысы жылдар бойы тоқтап тұрған концерт залы толықтай сүріліп, орнына жаңа нысан бой көтеретінін айтқан.

«Концерт залы толығымен бұзылып, оның орнына жаңа шығармашылық орталық салынады. Қазір құрылысшылар мен салаға жауапты мамандар тиісті жұмыстар жүргізіп жатып. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін БАҚ-та ашық презентация өткізіледі», – деген еді облыс әкімінің орынбасары.

Одан бері екі жылға жуық уақыт болды. Президенттің тапсырмасы қаншалықты орындалып жатқаны әлі күнге дейін белгісіз. БАҚ беттерінде де, әкімдіктің ресми парақшаларында да ресми ақпарат жарияланған жоқ. Жыр алыбы Құрманғазы атындағы нысан бой көтеріп, өңір жұртшылығы қызығын көретін уақыт белгісіз.

Серік Шәпкенов атындағы әкімдік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына салғырт қарағаны ма!?

Автор: Елтай А.



ПІКІР ЖАЗУ