Алматы мен Астананы жалғайтын тасжол: Тоқаевтың бірнеше жыл бұрынғы тапсырмасы толық жүзеге асты ма?

0
197

Мемлекет басшысы еліміздегі аумағы жағынан ең үлкен облыс – Қарағанды өңірін екіге бөліп, аймақтың гүлденуіне жаңа серпін берген. Қасым-Жомарт Тоқаев облыстағы күрделі мәселелердің бірі – республикалық маңызы бар тасжолдардың құрылысына ерекше көңіл бөлді. 2022 жылдың қазан айында Президент аймақ тұрғындарымен кездесуінде «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тасжолдарын бір жыл ішінде аяқтауды тапсырған. Politico.kz тілшісі Мемлекет басшысының осы тапсырмасы қаншалықты деңгейде орындалғанына шолу жасап шықты.

Президент сол жылы аймақ тұрғындарымен кездесуінде Қарағанды өңірінің оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын облыс екеніне айта келе маңызына ерекше тоқталып өткен.

«Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық.

Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын», – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, ол «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды екеніне қозғап өтті.

«Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек.

Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Арада екі жылға уақыт өтті. Президент тапсырмасы әлі күнге дейін толық аяқталған жоқ. 2022 жылдың соңында қызметіне кіріскен әкім Ермағанбет Бөлекпаевқа осы мәселе жөнінде шағымданған қазақстандықтар аз емес.

«Алматы мен Астана арасында көлігіммен жиі қатынаймын. Жөндеу жұмысы басталғанын көріп, бастапқыда қатты қуанып едім. Бірақ толықтай қашан аяқталады деп әлі жүрмін. Басы бар, аяғы жоқ болып кетті. Тезірек бітіп, мен сияқты жүргізушілер қызығын көрсе екен деп жүрмін. Әйтпесе құрылысы жүріп жатқан тұстардан айналып өтемін деп көлігімнің астын жиі-жиі ұрып аламын», – деп наразылық білдірді жүргізуші Бауыржан Байторы.

Бірер күн бұрын Ranking басылымы еліміздегі жол-көлік оқиғалары туралы адам шошырлық мәліметтерді жариялады. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны жылдық мәнде 88,3%-ға артыпты.

«Бұл ретте жолдардың жағдайы нашар өңірлерде ірі қалаларға қарағанда өліммен аяқталған апаттардың үлесі көбірек. Мысалы, Алматыда өлім-жітім үлесі небәрі 1,2% болса, Қарағанды облысында – 23,6%», – деп сарапшылар атап өтті.

Айта кетейік, Ішкі істер министрлігі жоғары апат пен нашар жолдар туралы атап өтті. Мысалы, Қарағанды облысындағы Балқаш-Приозерск тасжолындағы жол апатынан тоғыз адам қаза тапты. Сарапшылардың пікірінше мұндай апаттар жиі болды.

Инспекторлар Қарағанды облысындағы жол апатының себебі – шұрық тесік шұңқырлардан қашамын деген жүргізушілер қарсы бетке жиі шығып кетеді. Көптеген тұстарда жол төсемі бұзылған, ешқандай белгілер жоқ. Сол сияқты басқа да бұзушылықтар бар.

«Бұл ретте жол сапасы бойынша өңірлер рейтингінде Қарағанды облысы төртінші орында тұр. Елдің осы орталық бөлігіндегі нормативтік жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 94%-ды құрайды. Жағдай Батыс Қазақстан (52%), Ақтөбе (75%) және Атырау (76%) облыстарында нашар», – дейді сарапшылар.

2024 жылы жолдарды салуға және жөндеуге бюджеттен 595 млрд теңге бөлінді. Бұл ақшаның жартысы республикалық маңызы бар жолдарға арналған. Көптеген жобалар қазірдің өзінде ұзақ құрылысқа айналды. Олардың қатарында Қарағанды-Алматы тасжолы да бар.

Мемлекет басшысының дәл осы тапсырмасына Ермағанбет Бөлекпаев басшылық ететін Қарағанды облысының әкімдігі жүрдім-бардым қарағандай әсер қалдырады. Президент тапсырмасының толықтай орындалмауынан жол апатына ұшырап, қаза болғандар саны да артып барады. Қарағанды облысының әкімдігіне осы мәселеге қатысты пікір білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасы қашан аяқталатыны туралы мәлімет беруін сұраймыз.



ПІКІР ЖАЗУ