«Обалы сіздің мойныңызда!»: танымал заңгер Олимпиададағы сәтсіздік үшін Мырзағали Айтжановты айыптады
Танымал заңгер Айгүл Орынбек бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының Олимпиададағы нәтижесіне жемқорлық себеп болып отырғанын айтты деп хабарлайды Politico.kzPolitico.kz.
Ол Олимпиададағы сәтсіздікке Мырзағали Айтжановты қатаң түрде айыптады.
«Бокстан жеңіліп жатқанымыздың себебі бас бапкердің кінәсі! Өкінішке орай жемқорлық бұл жақты да жаулап кеткен. Президентіміз Азия ойындарынан кейін, спортты жемқорлықтан тазалауға нақты тапсырма берген еді. Ол тапсырма өкінішке орай орындалмағанын осы ойындардан көруге болады. Мен және бүкіл қазақ елі бокстың жанкүйеріміз!
Дәл осы олимпиада да бокстан көбірек медаль күткен едік…
Жақында ғана келген Бокс федерациясының басшылығына өкпе жоқ! Барынша лицензия алып беру міндетін атқарды. Ары қарай тактиканы дұрыс жоспарлау бас бапкер, Мырзағали Айтжановтың міндеті еді. Спортшыларды алдын ала Еуропаға апарып адаптациядан өткізіп, психологиялық тұрғыда дайындау керек еді», – деп жазды Айгүл Орынбек Facebook парақшасында.
Айтуынша, көршілес Өзбекстан елінің боксшыларды даярлау тәсілі мүлдем басқа.
«Көрші Өзбекстан елінің бас бапкері Тулкин Киличев спортшыларын алдын ала екі апта бұрын Еуропаға сборға барғанын көріп отырдым. Міне тактика! Міне профессионализм!
Ал біздің бап бапкер Олимпиадаға баратынын біле тұра чемпиондарды сол баяғы «Алматау» да дайындап, енді міне нәтижесі!
Еуропада қонақ үйлерден, тамақтан ақша жей жымқыра алмайтын болған соң, «Алматауда» жаттықтырдыңдар ма?» – дейді ол.
Сөз арасында спортшыларды кінәламайтынын, оларға күнтізбені алдын ала бас бапкер сызып беретінін қозғап өтті.
«Қанға сіңіп кеткен жемқорлық, спортшыларымыздың еңбегін жоққа шығаратын болды… Шымкенттік Мақмұт Сабырханды өз салмағында неге шығармадыңыз, Айтжанов мырза? Баланың обалы сіздің мойныңызда!
Антикор төрағасы Асхат Жұмағали біздің спорттағы басшылар «Алма тауды» неге сонша қатты жақсы көреді?!
Бір тексеріп жіберіңіздер Олимпиада ойындарынан кейін!» – деді Айгүл Орынбек.
Фото: Olympic.kz