Нартұлға

0
79

«Бұл қазақта жігіттер бар нар қасқа», – деп ақын Төлеген Айбергенов айтқандай қазақта «жарқылдаған алмастай» талай азаматтар болған, әлі талай болады да. Солардың бірі һәм бірегейі есімі өткен ғасырдың 70-жылдары Қазақстан ғана емес, Одақ көлемінде жарқылдап тұрған көрнекті мемлекет қайраткері, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты Шаһмардан Есенов болды. Жұртшылық «Қонаевтың ізбасары болуы мүмкін» деп қабылдаған осындай Нартұлға сол жылдары билік басына келгенде бүгінгі Қазақстанның кескін-келбеті мүлде басқаша болуы да мүмкін еді. Осы және басқа да жағдаяттар суреттелетін академик, сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Нартұлға» атты эссесін оқырмандар назарына ұсынамыз.


«Менің ағаларым» сериясынан

«Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждаһаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес көптің қажетіне жаратуға тиіс. Өлшеп берген өмір тұйықталып, аманат иесіне қайтқанда сондай жандардың тағылымды істері барша адамзаттың ортақ игілігіне айналады. Осылай өмір сүргендердің екі дүниеде жүзі жарқын болады».

Сұлтан Санжар,
ортағасырлық философ.


Ұлттық университетті бітірген соң араға небәрі екі жарым ай салып, мен Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясына қызметке тұрдым. Ұлттық Ғылым академиясынан кейінгі қазақ ғылымы мен білімінің қарашаңырағы саналатын осы мекемеде еңбек еткен он жылымды кейінгі бүкіл өміріме таусылмас рухани азық сыйлаған ең жемісті кезең ретінде әлі күнге дейін зор қанағат сезіммен еске аламын.

Кеңес заманында энциклопедияға мақала жазу кез келген ғалым үшін үлкен абырой саналатын. Небір марқасқалардың көз майын тамызып, ғұмыр бойы жазған кереқарыс монографиялары энциклопедияға етек-жеңі жиналып, ықшамдалып, ары кеткенде екі-үш бетке, кейде жалғыз бағанаға, ал енді бірде бірнеше жолдық мақалаға сыйып кететін. Энциклопедияға ену ешбір артық-кемі жоқ тарихқа енумен бірдей саналатын. Сол себепті, ғалымдар энциклопедиямен авторлық байланыс орнатуды өзіне мәртебе санайтын. Менің қазақтың біртуар азаматы, қайраткер тұлға, академик Шаһмардан Есеновпен таныстығым өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында дәл осы Қазақ энциклопедиясында басталып, оның өмірінің соңына дейін жалғасты.

– Мұхтар шырақ сіз боларсыз? – деп айқара ашылған есіктен ұзын бойлы, қапсағай денелі, кең маңдайлы, келісті, келбетті жігіт ағасы кіріп келді.

Әрине, мен бірден таныдым. Энциклопедияда оны білмейтін адам жоқ еді. Өйткені, Қазақ Совет Энциклопедиясы дәл осы Шаһмардан ағамыз Ғылым академиясының президенті болып тұрғанда шаңырақ көтергенін аға буын өкілдері әрдайым үлкен құрметпен айтып отыратын.

Келген бұйымтайы орындалған соң, Шаһаң орнынан тұрып:

– Ал, бауырым, Сыр еліне бару керек. Әсіресе, қазақ тарихын білем деген адамға бұл ауадай қажет нәрсе. Сәті түскенде барасың, көресің, – деп шегелей сөйлеп, ұсынған қолымды күректей алақанымен құшырлана қысты.

Аты аңызға айналған қайраткер тұлғамен болған алғашқы кездесу жадымда мәңгілік жатталып қалды. Әсіресе, оның «Барасың. Көресің» деген көрегендік сөздерін Сыр елінде қызмет істеген жылдары үнемі шапағатпен еске алып жүрдім.

Сыр елі – шындығында, тұнып тұрған тарих. Сол тарихты жасаушы – Шаһмардан Есеновтей біртуар тұлғалар. Туған жерінде Шаһаңның өзі ғана емес, оның даңқты әулеті жайлы небір аңызға бергісіз ақиқат әңгімелер өте көп. Әуелі соның бір парасына орын берейік.

ХХ ғасырдың басында Сыр елінен орысша оқып, Ресейдің аса ғылыми орталықтарынан білім алған қазақ зиялы қауымының үркердей үлкен тобы өсіп шықты. Оның өзіндік сыры да жоқ емес еді.

Сыр өңіріндегі үлкенді-кішілі мектептер мен орталау оқу орындарының саны қазан төңкерісі қарсаңында 50-ден еркін асқан.

Міне, осындай бастауыш және орталау білімді ауыл-аймақтан алыстамай-ақ елде жүріп алған Сыр жастары кейін империяның үлкен қалаларындағы әйгілі оқу орындарына түсіп, төңкеріске дейін-ақ қоғамдық-саяси қызметке араласа бастайды. Солардың ішінде әйгілі би, болыс болған Мұңайтпас Лапиннің ұлы Сералы Лапин қазақтардың ішінде алғашқылардың бірі болып, 1891 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін, Әли Көтібаров 1898 жылы Санкт-Петербург әскери-медицина академиясын, ал Алаш ардагері Мұстафа Шоқай 1917 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетін бітіріп шықты. Бұлардың үшеуі де бастауыш сыныпты – елде, гимназияны губернаторлық астанасы Ташкентте тәмамдаған. Шаһмардан Есеновтің әкесі Жорабек Есенов те дәл осындай жолмен бастапқы білімді ауылда алып, кейін семинарияны Ташкентте аяқтаған өте сауатты адам болыпты.

Шаһаң мен оның әулеті туралы әңгімеге кіріспес бұрын бірден басын ашып алатын мәселе бар. Барлық энциклопедиялар мен анықтамалықтарда оның фамилиясы мен өз есімі ғана беріліп, әкесінің аты көрсетілмеген. Барша замандастары мен әріптестері оны Шаһмардан Есенұлы деп кетті. Бұған ол көзі тірісінде ешқандай түзету жасамаған. Енді осының себебіне тоқталайық.

Шаһаң Сыр елінің ең бір көрікті мекені Шиелі өңірінде дүниеге келді. Шиелі – қарт Қаратаудың Түркістан мен Созақты көктей өтіп, Жаңақорғанды еркін қамтып, бірте-бірте барқынданып, қалың жынысты, құйқалы қыраттарға айналар тұсы. Жоғалып қалған жалғыз тоқты мың қойға айналатын, түгін тартсаң майы шығатын, әр жидесінің түбінен бір асым ет табылатын, сулы-нулы, берекелі, байсын өлке. Содан болар, сырбойылықтар «Сыр – елдің көркі, Шиелі – жердің көркі» деп орынды мақтан етеді.

Міне, осы өлкеде түп атасы Арқа төңірегіндегі Торғай, Қостанай өңірінен шыққан Есен Деріпсалдыұлы деген жауға шапса – қылыш, дауға түссе – қамшы ұстаған, ел ішінде қадір-қасиеті мол, іске мығым, дәтке берік, әрдайым халыққа жөн айтып, жоба сілтеген, жеті атасынан қаракөк жан өтіпті. Оның Жорабек, Бабабек атты екі ұлы болған екен.

Заманның беталыс, бағдарын алдын ала болжай білген сұңғыла Есен екі баласын әуелі Шиелідегі орыс-қазақ мектебіне беріп, оны бітірген соң Ташкентке оқуға жібереді.

Ағайынды Есеновтердің үлкені Жорабек Ташкенттегі діни семинарияға, ал Бабабек оқытушылар семинариясына түседі.

Ташкент Түркістан генерал-губернаторлығының астанасы болғандықтан, өлкедегі ең басты оқу орындары дәл осы қалада орналасқан еді. Бірақ онда оқитын орыстан басқа ұлт жастары ішінде ежелден оқу-білімге құштар қазақ балалары басым болды. Мәселен, Ташкент оқытушылар семинариясы ашылған алғашқы 25 жыл ішінде (1883-1904) оны 415 адам бітірген. Соның 13 пайызы қазақ болса, небәрі 2 пайызы ғана өзбек ұлтынан еді.

Жорабек Есенұлы ХІХ ғасырдың соңында семинарияны бітірген соң елге оралып, тілмаштық, ағартушылық қызметтер атқарыпты. Тіпті 1913 жылы Ташкентте өткен Романовтар әулеті таққа отыруының 300 жылдық империялық тойына да қатысыпты. Кейін Кеңес өкіметі орнаған соң Перовск совдепі төрағасының орынбасары, уездік милиция бастығы сияқты үлкенді-кішілі қызметтер атқарған екен. Оған кейін «ескішіл», «ұлтшыл» деген айып тағылып екі мәрте түрмеге де отырып шығыпты. Жорекең соның бәрінен білімі, заң-законды жетік білуі арқасында аман-есен құтылып, беймарал тірлік етіп, 1950 жылы дүние салыпты. Міне, осы Сыр елінде есімі аңызға айналған Жорабек ағамыз біздің басты кейіпкеріміздің туған әкесі болады.

Ағайынды Жорабек және Бабабек Есеновтер 

Ел аузында Жорабек Есенұлы туралы сақталған әңгімелер өте көп.

Ол бойы екі метрге жуық, алпамсадай алып денелі, алапат күш-қуаттың адамы болыпты. Шау тартқан кезінде түскен суреттерінің өзінен-ақ оның орасан қайраттың иесі, айбынды азамат болғанын айқын аңғарасың. Екі заманда да серілігінен жазбай, еліне еркін-ақ еркелеген екен. Және онысын халқы көтере де білген.

Жөкең жас кезінде бір асқан байдың Ақкенже деген сұлу қызымен сөз байласып жүреді. Қызының қарсылығына қарамастан әкесі бір-ақ күнде Ақкенжені өзіндей бір байдың баласына ұзатып жібереді. Мұны ести салысымен Жорабек қасына ерген сенімді жолдастарымен тапай талтүсте тойлы ауылға келіп, жұрттың көзін бақырайтып қойып, Ақкенжені өзі жетелеп әкелген ақбоз атқа мінгізіп алып кеткен екен. Кетер алдында үрпиіскен жұрттың көзінше Ақкенжеден «Маған күйеуге шығуға ықтиярсың ба?», — деп үш қайыра сұрапты. Жұрттың бәрі еститін жауап алған соң: «Сен енді Құдай алдында да, заң алдында да менің таңдап сүйген жарымсың. Бұған мойынсынбаған адамның жазасын осы екеуі беретін болады», — деп Ақкенже сұлуды ақ күміспен әбзелденген сәйгүлікке жалғыз алақанына салып-ақ мінгізген бойы аттанып кетіпті. Қанша тентек болса да әдептен де, әдеттен де озбаған, жолынан жығылмаған батыр қайынатасына қарата: «Ашуыңыз тарқаған соң қалыңмалды Есен құдаңыздан аларсыз» деп басын июді де ұмытпаған екен дейді ел аузындағы әңгімеде.

Жорабек атамыз Ақкенже сұлудан бір ұл, бір қыз көріпті. Қызы Сақыпжамал кезінде Түркістан АССР Жоғары Сотының төрағасы, Ішкі істер халық комиссары (министрі), ал 1925 жылы Қазақ АССР Орталық Атқару Комитетінің хатшысы қызметін атқарып, кейін репрессияға ұшыраған Сыр елінің қайраткер азаматы Бегайдар Жантөреұлы Аралбаевқа тұрмысқа шығады.

Қашанда қолы ашық, мәрт Жорабек Сақыпжамалды ұзатқанда ас та төк той жасап, күйеу баласына бәйгенің алдын бермеген Торықасқа сәйгүлігін сыйлаған екен.

Сыр елі сөз қадірін ерекше біледі және тауып айтылған сөзді жадында жақсы сақтайды. Ел ішінде «Жөкең айтыпты» деген тапқыр сөз, қуақы қалжың, ащы әжуа көп-ақ.

Мәселен, қонақбай руынан шыққан, ел-жұртты әбден ығыр қылған әумесерлеу шолақ белсенді халыққа тыныштық бермей, күн сайын қоқаңдай береді екен. Жазықсыз жапа шеккен сондай жандардың бірі әділдік іздеп Жөкеңе келіпті. Жөкең салған бойда әлгі белсендінің кеңсесіне кіріп келіп, дүйім жұрттың көзінше:

– Әй, қонақбай! Сен бүгінге дейін қонақбай едің, ол ортасында бір ноқаты бар тәп-тәуір есім еді. Ендігі жерде халыққа жасаған мына қысастығыңды қоймасаң тас төбеңнен бір ұрып, бір ноқатыңды екеу қыламын. Сонда неге айналатыныңды ескіше білетін әкеңнен сұрап ал, – деген екен. Абыройы айрандай төгілерін сезген әлгі байғұс Жөкеңнен кешірім сұрап, ат-шапан айыбын тартыпты.

Жорабек ағамыз қыннан шыққан қырық беске келген 1923 жылы Шәрипа атты сұлуға үйленеді. Одан 1924 жылы Шаһзада, ал 1927 жылы Шаһмардан атты ұл дүниеге келеді.

Шаһмардан анасы Шәрипа апаймен бірге

Ағайынды Есеновтер мектепке қатар барады, тіпті екеуі де жас айырмасына қарамай әуелі бір сыныпта оқыса керек. Мұғалімдердің ұсынысымен ағасы Шаһзада Жорабеков, ал Шаһмардан атасының атымен Есенов болып жазылады. Тамаша азамат болып өскен Шаһзада Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза табады.

Барлық ресми құжаттарда Шаһмардан Есеновтің туған күні 1927 жылдың 5 тамызы, ал ол оқыған Қызылорда педучилищесіндегі деректерде оның туған жылы 1926 жыл деп көрсетілген. Сондықтан оны мектепке алты жасынан беру үшін әуелгіде туған жылын 1926 жыл деп көрсетіп, кейін бастапқы қалпына келтірген сияқты (Қызылорда облыстық архиві, 377-қор, 2-тізім, 22-іс).

Шаһмардан Есенов 6-сынып оқушысы (оңнан солға қарай екінші)

Міне, осылайша, Шаһмардан Есенов әуелі 1941 жылы Шиелідегі 7 сыныптық орталау мектепті, ал 1944 жылы Қызылорда педагогика училищесін үздік бітіріп, сол жылы Қазақ тау-кен институтына түседі. Зерделі, зерек жас институтты «пайдалы қазбалар кендерінің геологиясы мен барлауы» мамандығы бойынша 1949 жылы бітіріп, мемлекеттік емтихан комиссиясының 1949 жылғы 4 маусымдағы шешімі бойынша өзі армандаған «тау инженер-геологы» мамандығына ие болады.

Шаһмардан Есенов – Қазақ тау-кен институтының студенті

Шаһаң мектепте оқып жүрген шағында да өлең-жырға, әдебиетке өте әуес болыпты. Өзі техникалық оқу орнында оқыса да Сыр елінен шыққан ақын-жазушыларға жақын жүріпті. Солардың бірі заманында атағы аспандап тұрған арқалы ақын Әбділда Тәжібаев еді.

Әбділда ағамыз өзінің естелігінде Шаһмардан студент кезінде оған әкесі Жорабекті әкеп таныстырғанын айтады. Бір-бірін сыртынан жақсы білетін қос арыс бұл таныстыққа бек қуанып, бірден шүйіркелесе әңгімеге кіріскен. Сол күні Әбекеңнің үйіне мәскеулік ақын, аудармашы Михаил Луконин келе қалады. Басында ауыл адамына тән олпы-солпы киінген қарапайым қазақтың шалына шекесінен қараған мәскеулік ақын Жорекең сөйлеп кеп бергенде, аузын ашып, көзін жұмып, оның орыстың тілін осыншама терең білетініне таң-тамаша қалады. Сол кезде Әбекең ағасының «Евгений Онегинді» жатқа айтатынын да мақтанышпен жеткізеді. Мәскеулік қонақтың бұған сенімсіздікпен қарап отырғанын сезіп қалған қария жарты сағат бойы «Евгений Онегинді» мәнеріне келтіре жатқа соғады.

Бұл оқиға Жорабек ағамыздың қайтыс болуынан 2-3 жыл бұрын, шамамен 1947-1948 жылдары орын алса керек.

Шаһаңның ата-тегі, әкесінің батырлығы, серілігі, шешендігі, білімдарлығы, орысша сауатының кереметтілігі туралы деректерді толық келтіріп отырған себебіміз, оның уызынан жарып туған, «әке көріп оқ жонған» текті атаның ұланы екендігіне оқырман назарын аудару.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді халық даналығы. Шаһаң – дала қыранының ұясында тәрбиеленіп, қыранша тәрбие алған жан. Бүкіл түр-тұлғасы, болмыс-бітімімен әкесінің аузынан түсіп қалғандай ол өмір бойы әкесін мақтан етіп өтті және Жөкең де мақтаудың қандайына болмасын татитын, ғапыл дүниеде айтқаны болып, атқаны тиген айрықша тұлға еді. Жорабек ағамыз жалғыз ұлының институт бітіріп, үлкен білім ордасынан түлеп ұшқанын, аталарына мыңдаған жылдар бойы құтты мекен болған Арқаға бабалар байлығын іздеп қызметке аттанғанын өз көзімен көріп, 1950 жылы дүние салды.

Сонымен, Шаһмардан Жорабекұлы Есенов оқуын бітірген соң 1949 жылы Жезқазған геологиялық-барлау экспедициясына әуелі қатардағы геолог, кейін аға геолог болып қызметін бастап кетеді. Әуелгіде екі тілге бірдей ағып тұрған, дала көрген, қала тәрбиесін алған, студент кезінде-ақ ғылымға деген бейімін көрсете білген оны ұстаздары аспирантураға қалуға үгіттеген. Бірақ сол жылдары студенттерге дәріс оқып, кездесу өткізген, тіпті мемлекеттік қабылдау емтиханына төрағалық жасаған қазақтың ұлы ғалымы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болашақта қазақ жерінің мол байлығын игеру үшін төңірегіне талантты жастарды жинай бастаған. Қыран қазақтың қырағы көзі болайын деген тастүлек Шаһмарданға да түседі.

Ш.Есенов Жезқазған рудниктерінің бірінде

Шаһмардан Жезқазғанға бір кеткеннен мол кетіп, табаны күректей он бір жылын өткізеді. Қатардағы геологтан сол кездегі Кеңес Одағындағы ең үлкен барлау мекемесі – Жезқазған геологиялық барлау экспедициясының бас геологы әрі бас инженері дәрежесіне дейін көтеріледі.

Шаһаң Арқада өткізген 11 жылын кәсіби мақсатқа пайдалана білді. Ұстазы Қ.Сәтбаев жүрген соқтықпалы соқпақтармен жүріп отырып, азынаған суығы мен аңызақ желі қатар жүретін Ұлытау-Жезқазған аймағын түгел аралап шықты. Дәл осы кезеңде ол Қаныш Имантайұлының ақыл-кеңесімен Үлкен Жезқазған кен орындары жүйесінің кең ауқымдағы геологиялық картасын жасап, оның қоры алдын ала болжамданған нұсқадан 3-4 есе көп екендігін дәлелдейді. Ол экспедициядағы аса қат болып есептелетін қуатты кен бұрғылау агрегаттарының санын 5 есеге арттырып, оларды 100-ге дейін жеткізді. Ұстазымен ақылдаса отырып, Жезқазған кен тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарашошақ, Қыпшақпай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас атты кен орындарын ашып, олардың қорын анықтайды.

Жезқазғанда жүргізілген жүйелі зерттеулердің нәтижесінде мыстан басқа, марганец, никель, кобальт, сирек кездесетін радусит-асбест пен көгілдір асбест кен орындарын ашады.

Металлургияны дамыту үшін кен ғана емес, аса үлкен су қоры да қажет. Жас геолог Ш.Есенов Жезқазған сияқты ауыз суы тапшы өлкеден аса үлкен жерасты су қоры бар Жанай және Айдос су кендерін тауып, оны пайдалануға бергізеді. Бұл Жезқазғанның өндірістік қажеттігін ғана емес, халықтың таза суға деген тұрмыстық мұқтаждығын да молынан өтеп, көп қабатты үйлерге дейін су жеткізуге мүмкіндік туғызады.

Сарыарқаның қақ төрінде оның ыстығы мен суығына бірдей төзе жүріп, бірінен соң бірі жаңа кен орындарын ашып, оны өндірістік мақсатта игеруге жол ашқан геолог-инженердің еңбегі одақтық және республикалық басшылардың назарына іліге бастайды. Осылайша ол 1960 жылы небәрі 33 жасында министрдің орынбасары, ал арада жыл өтпей жатып Қазақстанның геология және жер қойнауын қорғау министрі болып тағайындалады.

Қазір жас министрлермен ешкімді таңдандыра алмайсың, ал кеңестік заман үшін бұл сенсациялық тағайындау болатын.

Жер көлемі жағынан Одақтағы екінші республика саналатын Қазақстан үшін Геология ел болашағын айқындайтын жетекші министрлік болып саналды.

Шаһаң жаңа қызметіне жас та болса мол тәжірибе жинақтап келді. Бұл кездері Ғылым академиясының президенті әрі Геология ғылымдары институтының директоры қызметін қоса қатар атқарып отырған тәлімгер ұстазы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың кеңесімен өзі әбден жетік білетін пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың методикасы тақырыбына арналған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығып, 1962 жылы авторлар тобымен бірге Жезқазғандағы көп жылғы ізденістерінің нәтижесі іспеттес «Геология и металлогения Большого Джезказгана» атты іргелі еңбегін жарыққа шығарады. Дәл осы еңбек Шаһмардан Есеновтің болашақта геология-минералогия ғылымында олжа жасар мол мүмкіндігі бар ғалым екендігін кеңінен танытты.

Министрдің қызметі адамға ғылыммен шындап айналысуға мүмкіндік бере қоймайды. Мұндайда тек екінің бірін ғана таңдауға тура келеді.

Сондықтан алғашқы кезде ол докторлық диссертациясын кейінге ысырып қойып, Қазақстанның әр қиырындағы кен орындарын игеруге ерекше назар аударады. Ғылым мен өндірісті, геология ғылымындағы инновациялық бағыт саналатын геофизиканы дамытуды қолға алып, Бүкілодақтық барлау геофизикасы институтының Қазақ филиалын аштырады.

Ш.Есенов Маңғыстау түбегіндегі мұнай кендерін игеруге батыл кіріседі. Оның басшылығымен бүгінге дейін Қазақстан экономикасына үлкен үлес қосып келе жатқан Өзен, Жетібай, Қаражамбас, Қаламқас мұнай кендері ашылып, оны игерудің алғышарттары жасалады. Көнекөз геологтар оның осы кезде Қазақстан мен Одақтың айтулы ғалымдары мен мамандарын шақырып, ғылыми кеңесті Жетібай мен Өзен кенішінің басында өткізгенін жыр ғып айтады. Маңғыстау мұнайы туралы әңгіме қозғалғанда оның ерлікпен бара-бар бағаланып, ел аузында әлі күнге дейін аңыздай айтылып жүрген мына бір еңбегін ерекше атап өткен жөн деп есептеймін.

Ш.Есенов Маңғыстау облысында

Кеңес Одағын колхозшы Никита Хрущев басқарған жылдары ол ойына келгенін істеп, бір республиканың жерін екіншісіне балық үлестіргендей таратуға кіріседі.

Сондай жағдай 1962 жылы ежелден майлы қиян атанған мұнайлы түбек – Маңғыстаудың да мойнына түсе жаздады. Тағы сол Н.Хрущев Маңғыстау түбегін мұнай өндірудегі тәжірибесі мол Түрікменстанға беру жөнінде мәселе қояды. Арнайы отырыста Қазақстан позициясын қолдап шығу үшін Мәскеуге әлі беті қайтып, тауы шағылып көрмеген, алған бетінен қайтпайтын жас министр Шаһмардан Есенов жіберіледі.

Ол Н.Хрущев төрағалық еткен жиында Маңғыстау мұнайын игеруге Қазақстанның әлеуеті де, тәжірибесі де, кадрлары да молынан жететіндігін нақты фактілер мен цифрлар және ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп шығады.

Осы отырыста жас қазақ министрінің позициясын сол кездегі одақтық геологияның дуалы ауыздарының бірі, КСРО Геология министрі академик А.В.Сидоренко ашық қолдайды. Қырқыншы жылдары КСРО Ғылым академиясы Түрікмен филиалына қарасты Тау-кен институтын басқарып, сол елдің жай-жапсарын жақсы білетін академик-министрдің бұл сөзінен кейін қазақ министрінің позициясын КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы А.Н.Косыгин де жақтап шығады. Осылайша, Ш.Есенов Ленин төрағалық еткен 1920 жылғы жиында қазақ жерінің шекарасын айқындап берген Алаш ардагері Әлімхан Ермековтің ерлігін қайталап, орда бұзар отызында қазақ жерінің тұтастығын қайсарлықпен қорғап қалады.

Шаһмардан Есеновтің Маңғыстау тағдырына байланысты көрсеткен дәл осы ерлігін өз естеліктерінде академик Сұлтан Сартаев пен академик Әбдірахман Нұрлыбаевтар және тау-кен саласының ардагері, техника ғылымдарының докторы Ибрагим Баймұратұлы Еділбаев та растайды.

Академик Сартаев бұл фактіні Алматыға келген сапарында Бас хатшы Брежневтің көмекшісі болған Федюкин айтқанын алға тартады.

Маңғыстау «қолды» бола жаздағаннан кейін министр Есенов Қазақстанда мұнай кадрларын даярлау ісін мықтап қолға алады. Атыраудағы Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының жұмысын жандандырады. Қазақ политехникалық институтындағы мұнай факультетіне студент қабылдау көлемін дереу арттырып, олардың санын 250-ге дейін жеткізеді, бұған қосымша дайындау бөліміне 100 тыңдаушы қоса қабылдатады. Ресейдегі Мәскеу, Уфа, Орынбордағы мұнайшылар даярлайтын жоғары оқу орындарынан қосымша мамандар шақырады. Мұның бәрі 60-70-жылдары Қазақстанда мұнайшылардың жаңа генерациясын қалыптастыруға берік негіз жасады.

Жалпы, Ш.Есеновтің республика геология саласын бірден ұршықтай үйіріп әкетуінің екі себебі болды. Біріншіден, ол Одақ бойынша Ленинград тау-кен институтынан кейінгі екінші беделді жоғары оқу орны саналатын Қазақ тау-кен институтын тәмамдады. Есенов білім алған кезде дәл осы институтта Қ.И.Сәтбаевтан басқа есімі бүкіл Кеңес Одағына әйгілі Е.Шлыгин, И.Бок, Г.Медоев, Н.Сергиев сияқты ғылымды өндіріспен ұштастыра білген мықты ұстаздар сабақ берді. Екіншіден, ол 11 жыл уақытын Жезқазған геологиялық барлау экспедициясында өткізіп, геологияның бүге-шігесіне дейін әбден меңгерген кәсіби шыңдалу мектебінен өтіп, білікті тау-кен инженері ретінде қалыптасты. Ол қызмет істеген экспедиция құрамында тісқаққан инженерлер мен тәжірибелі геологтар жетіп артылатын.

Егер Есенов өмірбаянының дәл осы кезеңіне мұқият үңілсек, оның белгілі дәрежеде ұстазы Қ.И.Сәтбаев салған соқпақпен жүргендігін айқын аңғарамыз. Қаныш Имантайұлы жиырма жыл бойы Жезқазған-Ұлытау атырабын түгел шарлап өткен соң ғана ғылымға келген болатын.

Қаз ССР Ғылым Академиясының жылжымалы сессиясы, Жезқазған қаласы. Солдан оңға қарай: О.Байқоңыров, Қ.Сәтбаев, министр Ш.Есенов және Е.Букетов

Есенов сияқты орыс әдеби тілін еркін меңгеріп, кез келген аудиторияда ешбір мүдіріссіз көсіле де, шешіле де сөйлейтін, ақжарқын мінезді, батыр тұлғалы, бүгінгі тілмен айтқанда, харизмасы күшті министр одақтық деңгейдегі әріптестерінің назарына да бірден ілігеді. Қаныш Имантайұлы Одақтағы ең бай, ең беделді министрліктің басшысы, өзінің ұзақ жылдар бойы сыйлас досы болған үш мәрте Социалистік Еңбек Ері КСРО Орта машина жасау министрі (аты жұпынылау көрінген бұл министрлік қызыл империядағы әскери-өндірістік кешенді басқаратын ең азулы орган болды)Е.П.Славскиймен таныстырады. Қазақстанға өте көп жақсылық жасаған Ефим Павловичпен Шаһмарданның достығы өмірінің соңына дейін жалғасты.

Шаһаң бұл жылдары СССР Геология министрі болған ірі ғалым, академик Александр Васильевич Сидоренкомен де адал әріптестікке негізделген шынайы достық қатынас орнатады.

Қазақстандағы Геология министрлігі Шаһаң осында басшылыққа келуден бес-ақ жыл ғана бұрын 1956 жылы ашылған болатын. Бұл кезде басқа одақтас республикаларда, оның ішінде ғылым-білім, өнеркәсібі дамыған Ресей, Украина, Белоруссияның өзінде мұндай министрліктер әлі ашылмаған еді.

Мұның екі себебі болды. Біріншіден, 1940-1950 жылдары Қ.И.Сәтбаев бастаған ғалымдардың геология саласындағы орасан зор табыстары жер қойнауы пайдалы қазбаларға аса бай Қазақстанға мамандардың назарын аударды. Екіншіден, тағы да сол Қаныш Имантайұлының арқасында республикада геолог мамандары мен ғылымдардың жаңа мектебі қалыптасып, одақтық деңгейде мойындала бастаған кадрлық корпус жасалды.

Министр Есенов орталық аппаратпен алысқа бармайтынын бірден түсінді. Ол әуелі Қазақстанның геологиялық перспективасы жоғары өңірлерінен 5 өңірлік басқарма ашып, бүкіл геологиялық барлау жұмыстарын сонда шоғырландырды. Бұған қосымша мұнай-газ, гидрогеология және геофизика саласы бойынша республикалық деңгейдегі үш мамандандырылған кәсіпорын ашып, тәжірибелік, өндірістік стансалар жүйесін жасайды. Өндіріс пен ғылымды ұштастыру бағытында Қазақ минералды шикізат институтын (ҚазИМС), Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты (ҚазНИГРИ) және Қазгеофизика ғылыми-зерттеу институттары мен көптеген тәжірибелік лабораториялар ашты.

Министр Есеновтің осындай қажырлы һәм жүйелі еңбегінің нәтижесінде бес жыл ішінде республикамыздың түрлі мекемелерінде бытыраңқы қызмет істейтін 50 мыңға жуық мамандар бір министрліктен басқарылатын ортақ жүйеге біріктіріліп, мықты материалдық база жасалды. Дәл осы жылдары салаға бөлінетін қаржы да еселеп артты.

Кейін алпысыншы жылдардың ортасында өзге де одақтас республикаларда геология министрліктері ашыла бастаған кезде олардың басшылары үйрену үшін Қазақстанға келетін болды. Осылайша, геологиялық қызмет саласында жүздеген жыл артта қалып қойған Қазақстан Қ.И.Сәтбаев пен оның талантты шәкірті Ш.Есеновтің арқасында Одақ бойынша суырылып алға шықты. Жас министрдің жүйелі еңбегі басшылық тарапынан ескерусіз қалған жоқ, ол 1965 жылы Қазақстан Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Жаңа қызметінде ол геологияға ғана емес, оның тапқан жаңалықтарын тікелей өндірістік мақсатқа жаратумен айналысатын ауыр өнеркәсіп саласына да басшылық жасай бастады.

Ш.Есеновті Қазақ ССР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындау туралы жарлық

Шаһаңның бұл кездегі қызметі мен әріптестері алдындағы беделі жөнінде 10 жыл РСФСР Геология министрінің және 11 жыл КСРО Геология министрінің бірінші орынбасары болған, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Б.М.Зубарев: «Несмотря на то, что я был старше по возрасту, длительное время работал первым заместителем министра геологии СССР, я у него учился, пользовался советами. В Москве и в других краях Союза у него был широкий круг знакомых, друзей, коллег, товарищей. Все они с большим уважением, я бы сказал с любовью, относились к нему», деп жазады. Ағынан жарыла сөйлеген геология ардагерінің бұл сөзіне бірдеңені алып-қосудың өзі артық.

Ол Үкімет төрағасының орынбасары ретіндегі бір кездері өзі жанын сала қорғаған Маңғыстау мұнайын өндірістік негізде игеруге ерекше мән береді. Тіпті 1966 жылы «Тектоника и нефтегазоносность Мангышлака» атты монографиясын аяқтайды. Кезінде өз бастамасымен 1964 жылы құрылған «Маңғыстаумұнай» бірлестігінің жұмысын ұдайы бақылауында ұстайды. Бұған қосымша 1966 жылы «Жетібай мұнай өндіру» басқармасы құрылады, 1964-1965 жылдары Теңге, Тасболат, Қарамандыбас, Шығыс Жетібай мұнай-газ кен орындары ашылады.

Есенов бастамасымен 1965 жылы мамыр айында қазіргі Ақтау қаласында мұнайшылардың 1-ші Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференциясы өтіп, оған осы саланың Одақ бойынша кілең ығай мен сығайлары қатысады. Сол жылдың 10 маусымында Өзен – Маңғыстау – Мақат теміржолымен алғашқы рет Өзен мұнайы Атырау мұнай айыру зауытына жіберіледі. Ал 10 шілде күні Өзен кен орнынан тұңғыш рет 1 миллион тонна мұнай өндіріліп, ұзындығы 140 шақырым болатын Өзен – Жетібай – Ақтау мұнай құбыры пайдалануға беріледі.

Маңғыстау мұнайын меңгерудегі осындай орасан зор табыстары үшін бір топ ғалымдар және мұнайшылармен бірге 39 жасар вице-премьер Шаһмардан Есеновке Кеңес Одағының ең мәртебелі сыйлығы – техника саласындағы Лениндік сыйлық берілді.

Лениндік сыйлық құжаты мен төсбелгісі

Бұл оның мансабындағы ең биік жетістік әрі ұзақ жылдар бойы қудалаудың басы болатын. Өйткені, мұндай сыйлық ғылым кандидаты Ш.Есеновті қойып, республиканың академик басшысы Д.Қонаевта жоқ еді. Ол ол ма, Лениндік сыйлықты «сылдырмақ» дертімен қатты ауыратын Бас хатшы Л.Брежневтің өзі өмірінің соңына қарай 1979 жылы әупірімдеп жүріп әрең дегенде алған болатын. Сондықтан екі ортада сөз тасып, сыпсың қаққан жарамсақтар тобы Қонаев пен Есенов арасына сына қаға бастайды.

Өркениетті орта, ғылыми қауым үшін мұнда тұрған ешқандай өрескелдік жоқ еді. Кеңес Одағында геология ғылымы мен атом өнеркәсібі, қорғаныс өнеркәсібі, химия мен физика саласындағы ел экономикасына орасан зор пайда әкелетін жаңалықтар ашылғанда оның авторларының жасына қарамай-ақ жоғары дәрежелі марапаттар берілетін (академик А.Сахаров қырыққа жетпей-ақ үш мәрте Социалистік Еңбек Ері болып үлгерген). Оның үстіне Есенов Маңғыстау мұнайының ашылуын кабинетте отырып емес, кәсіби геолог ретінде майлы қиянның ойы мен қырын түгел кезіп жүріп басқарды және осы тақырыпқа әріптестері жоғары бағалаған іргелі монография жазды. Бұған қосымша Лениндік сыйлықтан үміткерлер Мәскеу тарапынан жан-жақты сүзгіден өткізілетін. Бірақ… Иә, бірақтың соңында осы күнге дейін ашылмаған көп кілтипандар жатыр.

Шаһаң көзі тірісінде журналист Марат Мәжитовке берген сұхбатында: «Мен бұл жолда білімімді де, тәжірибемді де ортаға салдым. Мұнай барын, оның мол қорын нақты дәлелдедім. Осы теңдесі жоқ мұнай-газ көздерін ашқанымыз үшін бес кісі Лениндік сыйлықтың лауреаттары атандық. Жетеу едік, Мәскеу екі қазақты сызып тастапты. Менің жеке еңбегім болмаса, өзімді осы топтан өзім-ақ сызып тастар едім, оған адамдық арым да, құдіретім де жетер еді. Мен жалпы өзімді билеп-төстей алатын кісімін. Ешуақытта біреудің айтқанына еріп, жетегінде жүріп көрмеген адаммын. Өз ақылым – өзіме төреші», – деп өзіне тән өршіл мінез бен тәкаппар туралықпен жауап беріпті. Шаһаңдай жалтақтап, жалбақтауды білмейтін қыран мінезді қазақтың басқаша айтуы мүмкін емес.

Тарихтың тегершігін кері айналдыруға болмайды. Егер сыйлықты былай қойып, оның атын иемденген Лениннің өзін мүлде білмейтін жас ұрпақ өсіп шыққан бүгінгі заманда Шаһмардан Есеновтің тау тұлғасы сол сыйлығы құрғырды алмаса да тәуелсіз қазақтардың жаңа буыны алдында бір пәске де төмендемейтініне ешкім күмән келтіре қоймас. Санада жамыраған сансыз көп сұрақтарға болжам жасауға болар-ау, бірақ дәл жауап табу өте қиын, ал анығы біреу – тура бір жылдан соң Ш.Есенов вице-премьер қызметінен босатылады.

Республикада ғана емес Мәскеудің небір жақсысы мен жайсаңдары алдында зор бедел жинап үлгерген Шаһмардан сияқты жас арыстанды тым алысқа жібермей, жақында, ұдайы назарда ұстау үшін оны Қазақстан басшылығы республика Ғылым академиясының президенттігіне ұсынады.

Ғылыми қауым — қашанда биліктің айтқанына көніп, айдауына жүре бермейтін, өз ортасына «жатты» көп кіргізбейтін консервативті орта. Оның үстіне, қаншама іскерлігімен аты шықса да Шаһмардан Есенов азулы академиктер үшін бар болғаны ғылым кандидаты ғана еді, ал академия президенті болу үшін әуелі оның мүшесі, яғни академик болуы керек деген бұлжымайтын жарғы талабы және бар болатын.

Ш.Есеновтің Қазақстан Ғылым академиясының президенті болып сайлануы бүкіл Одақ бойынша бұрын-соңды болмаған оқиға ретінде тарихқа енді. Әуелі әлі докторлық диссертациясын да қорғамаған, академикті былай қойғанда мүше-корреспонденттікке де өтпеген үміткер бірден академияның толық мүшелігіне (академиктігіне) сайланады. Бұдан кейін су жаңа академик сол сәтте президенттікке ұсынылады. Үш рет дауыс берудің нәтижесінде Шаһаң үш ұмтылып барып, әрең дегенде ұстазы Қаныш Имантайұлының креслосына отырады.

Дәл осы сайлауда академия жарғысы бұзылған тағы бір өрескел оқиға орын алды.

Есеновті Академияға әкелу үшін әуелі Қаныш Имантайұлынан кейін бұл қызметті абыройымен атқарып отырған академик Шапық Шокинді президенттіктен босату керек болды.

Мұның алдында ғана Қазақстанға КСРО Ғылым академиясының президенті М.В.Келдыштың өзі келіп, академик Шокиннің еңбегіне жоғары баға берген еді. Соған қарамастан ол аяқ астынан Орталық комитетке шақырылады. Бұл туралы Халық Қаһарманы өз естелігінде: «Заседание проходило при закрытых дверях, руководил им Д.А.Кунаев, почему-то протокольные записи не проводились… Члены бюро ЦК сидели, как в рот воды набрали. Только второй секретарь ЦК партии В.Титов, председатель Совмина М.Бейсебаев и председатель Верховного Совета С.Б.Ниязбеков предложили мне подать заявление об освобождении от должности президента Академии наук. Я наотрез отказался сделать это», – деп жазады.

Д.Қонаев өз естелігінде Ш.Шокин «өз өтінішімен қызметтен босады» деп жазса да, шындық Шокин жағында болды.

Ары қарай оқиға былайша өрбиді.

Академияның жалпы жиналысында «Ғылым академиясын басқаруда жіберген елеулі қателіктері үшін» Ш.Шокин қызметінен босатылды. Сөйтіп, Сәтбаев салған сара жолдан айнымай, қара шаңырақты қара қылды қақ жара әділдікпен басқарған, шымыр жаңғақ Шапық Шокин қызметінен кетіріліп, босаған орынға Есеновті жылжыту «ойыны» басталады.

Шаһмардан Есеновтің жаңа қызметі, қоғамда алар орны, бедел жинауы, жұртқа танылуы жағынан келгенде, вице-премьерлердің орынтағынан әлдеқайда жоғары болатын. Оның үстіне ұлы ғалым, академик Қ.И.Сәтбаев іргетасын өз қолымен қалап, Одақ, әлем таныған Ғылым академиясымен Орталық партия комитеті де, Үкімет те, қолбала парламент те ерекше санасатын. Бірақ кандидат Есеновті академия президенттігіне осыншама өлермендікпен «ұсынушылардың» өз есебі болды.

Есімі елге кеңінен танымал ғалымдардың басын біріктіретін Ғылым академиясының еш жерде жазылмаған өз «заңы», өз тәртібі бар еді. Өздері көз майын тауыса жүріп, самайын қырау шалған кезде әрең жететін академиктің атағын қанша талантты болса да қырыққа енді ғана толған ғылым кандидатының «қалпақпен ұрып» алғанын олардың көпшілігі іштей жақтыра қойған жоқ. «Ұсынушылардың» есебі бойынша дәл осы консервативті топ арыздың астына ала жүріп, Шаһмарданды жаңа қызметінен кетуге мәжбүр етуге тиіс еді. Бірақ оқиға мүлде басқаша жағдайда өрбіді.

Су жаңа президент ең әуелі өзінің ғылыми өмірбаянындағы олқылықтың орнын толтыру үшін келесі, яғни 1968 жылы «Геологоструктурные особенности методики разведки Джезказганского рудного поля» және «Недра Казахстана» атты қос бірдей монографиясын жариялап, Мәскеуде «Жезқазған кен орындарын барлау методикасының құрылымдық ерекшеліктері» тақырыбында докторлық диссертациясын жарқырата қорғап шығады. Шаһаңның докторлық диссертациясын қорғауға қатысқан академик Х.Бесбаевтың естелігінде оған одақтық дәрежедегі айтулы ғалымдар қатысып, Қаныш ағаның қимас досы болған П.Я.Антропов бастаған мәскеулік ғалымдар өте жоғары баға бергені келтірілген.

Орайы келгенде айта кету керек: Петр Яковлевич Антропов – КСРО-ның тұңғыш геология министрі (1953-1962) ретінде Қаныш Имантайұлына ғана емес, бүкіл Қазақстанның геологиясының өркендеуіне, республикаға геолог мамандар даярлау ісіне үлкен үлес қосқан қайраткер. Сондықтан ғылыми қауым оны тұңғыш геология министрі әрі еліміздің бас геологы ретінде ерекше құрметтеген.

Доктор, профессор, академик, президент сияқты атақ, дәреже, лауазымдармен төрт құбыласын бірдей түгендеген Шаһаң ендігі жерде Академияның жұмысына білек сыбана кіріседі. 1968 жылы Ғылым академиясында жаңадан сайлау өткізіліп, академиктер мен мүше-корреспонденттердің қатары болашағы зор талантты ғалымдармен толығады, 17 бірдей ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қызметіне бекітіледі. Үш жаңа институт: Жоғарғы энергиялар физикасы, Гидрогеология және гидрофизика, Сейсмология институттары жасақталып, көптеген жаңа ғылыми лабораториялар мен бөлімдер ашылады. Ескі ғимараттарда отырған институттарға жаңа корпустар салынып, жылдар бойы пәтер кезегінде тұрғандарға қаланың дәл ортасынан 45 және 35 пәтерлік екі үй пайдалануға беріледі.

Есенов қолға алып, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келе жатқан тағы бір тағылымды іс – ұлттық энциклопедия шығару.

Кеңес Одағында Ресейден кейін Украина өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында энциклопедиялық басылымдарды шығаруды қолға алды. Міне, осы Украинадан кейін әмбебап ұлттық энциклопедия дайындауда қазақтарды Одақ бойынша екінші қатарға шығарған Шаһмардан Есенов болды.

Ол ұлттық энциклопедия ісін бірден қолдап, 1968 жылы тиісті Үкімет қаулысын әзірлетті. Қазақ Совет Энциклопедиясының Бас редакциясы Ғылым Академиясының құрылымы болып есептеліп, оған ғылыми-зерттеу институтының мәртебесі берілді.

Академия президенті жаңа мекемені алғашқы күннен бастап-ақ тікелей қамқорлығына алып, оған тиісті штат, қаржы-қаражатты молынан бергізді. Энциклопедия қызметкерлері пәтер мәселесінен де еш тарыққан емес. Нәтижесінде қазақтың 12 томдық тұңғыш әмбебап энциклопедиясы бас-аяғы 6 жылдың ішінде әр томы 40 000 тиражбен басылып, қалың оқырманға жол тартты. Реті келгенде айта кету керек, Есеновтің қолдауымен қазақтар әмбебап энциклопедия шығаруда ежелден кітап басу ісінен бізден ілгерілеу кеткен латыш, литва, эстон, грузин, армян энциклопедияшыларының алдына түсіп, зор абыройға бөленді. Осылайша, бүгінгі күнге дейін үзілмей, үздіксіз басылып келе жатқан ұлттық энциклопедиялар шығару ісінің басы-қасында қашанда қажымайтын, талмайтын академик Есенов тұрды.

Ол президент қызметіне кіріскен екі жыл ішінде Қазақстан ғылымының 1969 жылға дейінгі бүкіл тарихы мен жетістігіне талдау жасап, «Наука и ученые Советского Казахстана» атты монографиясын жазып шықты.

Монографиядағы деректер бойынша дәл сол жылы Қазақстанның 168 ғылыми мекемесінде 25 мың ғылыми қызметкер, оның ішінде 300 ғылым докторы мен 5000 ғылым кандидаты еңбек еткен. Ал Ғылым академиясында 54 академик, 45 мүше-корреспондент, 200 доктор, 1000 кандидат және 600 аспирант болған екен.

Автор өз монографиясында ғылым тарихын, партиялық дәстүр бойынша Октябрь төңкерісінен бастамай, қазақ топырағындағы Әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқари заманынан тартып, өзіне дейінгі қазақ ғылымының дамуы, бүгінгі жай-күйі, болашақтағы бағыт-бағдары жайлы егжей-тегжейлі талдаулар жасаған.

Шағын пішіммен басылса да 100 беттен еркін асатын монографияда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшысы, 1952-55 жылдары Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған академик Д.А.Қонаевтың есімі не академияның құрылуына, не тау-кен ісіне, не металлургия саласына арналған бөлігінде бірде бір рет аталмады. Қалай болғанда да, көнекөз академиктердің айтуынша, бұл Қонаев пен Есенов арасындағы сызатты одан әрі тереңдете түскен.

Есенов басшылыққа келгеннен кейін Ғылым академиясының беделі де, әлеуеті де артып, оның ғылымды ғана емес, экономиканы дамытуға қосқан үлесі де молая түсті. Бір кездері жатырқай қараған академик ағалары «жарайсың, бауырым» деп арқасынан қағып, інілері «Шаһ аға» деп бауырына кірді. Сол кезеңнің статистикасына сүйенсек, 7-ші бесжылдықпен салыстырғанда, 8-ші бесжылдықта (1966-1970 жылдары) ғылымға бөлінген қаражат республикамызда 11 есеге өсіпті.

Осындай ауыз толтырып айтуға тұрарлық толайым табыстармен ол 1971 жылы академик Сәтбаев негізін салған Ғылым академиясының 25 жылдық мерейтойын қарсы алды.

Республика ғылымы үшін ұлан-асыр мереке болған бұл жиынға Одақтың ғана емес, дүниежүзінің әр қиырынан маңдайы жарқыраған небір марғасқалар жиналып, олардың алдында Шаһмардан Есенов «Қазақ ССР-інің Ғылым Академиясы – республика ғылымының орталығы» атты баяндама жасайды.

Жиналыстың төрінде есімі бүкіл әлемге әйгілі Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері академик М.В.Келдыш отырды. Шаһмардан Лениндік сыйлыққа ұсынылғанда оны Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комитеттің төрағасы ретінде аяғына дейін қолдап шыққан дәл осы Мстислав Всеволодович еді. Ол әйгілі ғалыммен достығын үнемі мақтан тұтып өтті.

Қаз ССР ҒА президенті Ш.Есенов пен КСРО ҒА президенті М.Келдыш

Мерекелік сессияда КСРО Геология министрі, КСРО Түсті металлургия министрі, КСРО Ғылым академиясының академиктері, қазақстандық министрлер мен ғалымдар сөз сөйлеп, академик Ш.Есенов басқарған Ғылым академиясының жетістіктеріне жоғары баға берді. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаев сессия жұмысына басынан аяғына дейін қатысып, Шаһмардан Есеновтің беделі одақтың министрлер мен академиктер арасында қаншалықты бел алып бара жатқанын өз көзімен көрді.

Ұлттық академияны өркендетудегі үлесі үшін Ш.Есенов осы жолы КСРО Ғылым академиясының ұсынысымен Ленин орденімен марапатталды.

Қазақ Ғылым академиясының мерейтойы одақ және республика көлемінде кеңінен аталып өтті және осыған орай көптеген қазақстандық ғалымдар өздері ұзақ жылдар күткен лайықты марапаттарға ие болды.

Осындай үлкен абырой, беделмен мерейтойлық сессияны жарқырата өткізген Шаһмардан Есеновті 1972 жылдың 24 ақпанында академияның жалпы жиналысы жабық дауыспен бірауыздан жаңа мерзімге президенттікке сайлайды.

Президент Есенов геология, тау-кен, металлургия саласына ғана емес, қоғамдық ғылымдардың дамуына да ерекше мән берді. Оның Одақ алдындағы аса зор беделінің арқасында Отырардан шыққан күллі мұсылман шығысының ұлы философы әл-Фарабидің туғанына 1100 жылдығына арналған халықаралық конференция Мәскеу мен Бағдаттан кейін, әдеттегідей Ташкентте емес Алматыда өтті. Ақиқатын айтар болсақ, конференция өткен 1973 жылы С.М.Киров атын иеленген Қазақ Мемлекеттік университетінде шығыстану факультеті ашылмаған, ал Академия құрамында Шығыстану институты әлі құрылмаған еді.

Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық конференция

Есенов Фараби тойын өткізуге ертеден дайындалып, 1966 жылы Қазақстанда фарабитану ғылымының негізін салушы ғұлама ғалым Ағжан Машановтың ұсынысымен фарабитану тобын құрған болатын. Бұл топқа жетекшілік етуді қазақтың аса талантты философ ғалымы Ағын Хайроллаұлы Қасымжановқа жүктеп, тез арада әл-Фараби шығармаларын аударуды тапсырады.

Бұл туралы Ағын Хайроллаұлы: «Ш.Есенов требовал, чтобы мы входили в контакты с зарубежными фарабиеведами, доставали, добывали рукописи, тексты, привлекали к работе всех, кого можно, извне в качестве консультантов, рецензентов и редакторов», деп жазады.

Есеновтің ұсынысымен қазақстандық фарабитанушылар еңбегі Мәскеудің «Вопросы философии», Киевтің «Философские думки», Праганың «Философски часолие» журналдарына шығады. Сол кезде мәскеулік ғалымдардың бірі Ағын Хайроллаұлына төбеден түскендей: «Нельзя ли показать влияние русской культуры на аль-Фараби», депті… Міне, біз шыбындап бас изеген мәскеулік философтардың шынайы сықпыты осындай болған.

Мен энциклопедияда қызмет істеген жылдары Ағын Хайроллаұлымен көп араластым. Терең білімді, теңдесі жоқ философ еді. Ол кейін тәжік халқынан шыққан аса көрнекті шығыстанушы ғалым, академик, одақтық Шығыстану институтының директоры Бабоджан Ғафуровпен бірге Мәскеуден 1975 жылы «Аль-Фараби: история мировой культуры», ал 1983 жылы «Мысль» баспасынан өзінің жеке дара авторлығымен «Абу Наср Аль-Фараби» атты тамаша монографияларын шығарды. Бұл екі кітап әлі күнге дейін әлемдік фарабитануға қосылған сүбелі үлес ретінде бағаланады.

Бүгінде әл-Фарабидің Қазақстанға қатыстылығына күмән келтіретіндер аз. Ал Алматы конференциясына дейін оны араб ағайындар – араб, ирандық бауырларымыз – парсы, ал өзбек көршілеріміз өз қандасымыз деп санайтын. Есеновтің білек сыбана араласуымен ұлы ұстаз араға мың жыл салып ғасырлар қойнауынан қайтып оралды. Тәуелсіздік тұсында Елбасымыз Аристотельден кейінгі «екінші ұстаз» саналатын әл-Фарабидің есімін Ұлттық университетке беріп, оны біржолата туған халқымен табыстырды.

Жетпіс екінші жыл Шаһмардан Есенов үшін жемісті жыл болды. Ол Успен кен белдеуін геологиялық, өндірістік тұрғыдан зерттеуге арналған еңбектері үшін еліміздің бір топ ғалымдары және өндірісшілерімен бірге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Орыс ағайындардың өмір сынағынан сүрінбей өткен адамды «прошел огонь, воду и медные трубы» дейтін сөзі бар. Адамды отпен, сумен аластау әлемнің көптеген халықтарында бар, ал соңғысын орыс ағайындар ойлап тапқан, мағынасы – «атақ, даңқпен сынау» (сыйлық алғанда мыстан жасалатын үрмелі аспаптардан тұратын оркестрдің туш ойнауын меңзейді). Ертегінің батырындай «отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын» Шаһмардан ағамыз жез қаңылтырға келгенде осалдық таныта берген. Әрине, алынған сыйлықтың қайсысында да оның үлесі болғанына ешкім күмән келтіре қоймас. Бірақ министр, үкімет басшысының орынбасары, Ғылым академиясының президенті, бұл аз десеңіз, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің мүшесі, СОКП орталық комитетінің мүшелігіне кандидат, тіпті Жоғарғы Кеңестің төрағасына дейін лауазымды қызмет атқарған, досы қайдан келіп, жауы қайдан шығатынын білетін ақылды адамның осындай ұсақ-түйекке келгенде арандай беретініне таң қалмасқа болмайды.

Көп ұзамай Шаһмардан Есеновтің басына тағы да бұлт үйіріле бастайды. Оны екі күннің бірінде Орталық комитетке шақырып, мүйіздеу қалыпты жағдайға айналады. Өзгені былай қойғанда, Есеновке оның орынбасарлары айдап салынады. Сол кездегі атмосфера туралы академия ардагері Н.В.Ниретина: «Давление на него было огромным. По настроению мы определяли, как прошла очередная встреча. Отношения его с вице-президентами (Д.В.Сокольским, А.М.Кунаевым, А.Н.Нусупбековым) были очень натянутыми, если не сказать хуже. Ровно через два месяца Шахмардан Есенович был освобожден», – деп жазады.

Бұл 1974 жылдың 15 сәуірі күні болған оқиға еді. Аяқ астынан Ғылым академиясының сессиясы шақырылады. Оған Министрлер Кеңесінің Төрағасы Б.Әшімов, 2-ші хатшы В.К.Месяц, идеология жөніндегі хатшы С.Н.Имашев сияқты Қазақстанның Д.Қонаевтан басқа басшылары түгелдей қатысады.

Сессияда төрағалық еткен вице-президент Д.В.Сокольский Ш.Есеновтің өз қолымен жазған арызын оқиды. Тарих үшін оның да мәтінін толық келтіре кетейік: «В связи с назначением меня министром геологии Каз ССР прошу освободить меня от должности президента АН Каз ССР. Благодарю членов Президиума АН КазССР за большую поддержку и вклад в нашу совместную работу по руководству АН КазССР за период моей работы в должности президента АН КазССР. Академик Есенов».

Хат мәтіні оқылған соң оның авторына бір ауыз жылы сөз айтылмастан, ешкімге сөз берілместен, ұсыныс жарғыға қайшы болса да ашық түрде дауысқа қойылады. Іс біткен соң 2-ші хатшы В.К.Месяц жер-көкке тигізбей мақтап, босаған орынға зиялы қауым мен ғылыми ортада еш сүйкімі жоқ, білім-шарқы шамалы, «ішкілікке салынған» деген атағы шыққан, бірақ республика басшысының туған бауыры А.М.Қонаевтың кандидатурасын ұсынады. Әдеттегідей ол басым дауыспен (1 адам ғана қарсы) Академия президентінің орнын басады.

Енді Есенов арызының мәтініне де назар салайық. Ол өзінің Геология министрі қызметіне тағайындалуын әдейі шешілген мәселе ретінде көрсетеді. Бұлай жазбағанда уәде берушілердің тайқып шығуы да оп-оңай еді. Екіншіден, арызда республика басшылығына, жеке Дінмұхамед Ахметұлының атына айтылатын дәстүрлі алғыс та жазылмады. Бұл академиктің ұсынған орынға көңілі толмайтынын айқын сездірсе керек. Үшіншіден, арыздың жазылу мәнеріне қарап, оның әлдебір жоғары дәрежелі шенеуніктің кабинетінде, «сендерге керегі осы болса, мә, алыңдар да тыныңдар» деген сыңаймен жазылғаны да аңғарылады. Тіпті арыз соңында аты-жөнін де толық жазбай «Академик Есенов» деп тым қысқа қайыруының өзі де оның асығыс жазылғанынан хабар бергендей.

Қалай дегенмен де қарғадай қарқылдаған қалың тобыр қайраткер тұлғаны қызметінен кетіріп тынады.

Есенов өмірбаянын зерттеушілердің басым көпшілігі оның Академия президенттігінен қайтадан Геология министрі болуын оның осы салаға жақындығынан, академиктің ғылымда жинақтаған тәжірибесін өндіріспен ұштастыруға жағдай туғызу қажеттігінен туындады деп түсіндіруге тырысады. Шындығында, бұл тағайындау оны Ғылым академиясы сияқты салыстырмалы түрде болса да дербестігі бар мекемеден аластатып, оны мемлекеттік қызметтен біржолата кетіру үшін істелген еді.

Академик Есенов Геология министрлігіне қайтып оралған соң Орталық Қазақстандағы Ақтоғай-Айдарлы мыс кендері мен Жәйрем полиметалл кеніштерін зерттеп, оның нақты қорын анықтауды қолға алды. Бүгінде бүкіл Қызылорда облысы халқының несібесіне айналып, облысқа, республикаға мол пайда келтіріп отырған Оңтүстік Торғай мұнай кеніші (қазіргі Құмкөл) барланып, ондағы мұнай қоры анықталды. Батыс Қазақстандағы аса бай мұнай мен газ қорын барлауға, игеруге барын салды. Қазір атағы дүрілдеп тұрған Қарашығанақ, Жаңажол сияқты алып газ конденсат кендерін барлау дәл осы кезеңде жүзеге асты. Тіпті, әлемге әйгілі Теңіз кенінің ашылуы министрлікті Шаһаң басқарған жетпісінші жылдардың үлесінде еді.

Бұл жылдары қайраткер Есеновтің атағы республика шеңберінен шығып, одаққа кеңінен танымал бола бастаған еді. Мәскеуде оны ықпалды министрлермен қатар, Кеңес Одағындағы ең беделді құрылым – КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің (Госплан) төрағасы Н.К.Байбаков та ашық қолдады. Үкімет басшысы А.Н.Косыгиннің орынбасары қызметін қоса атқарған Николай Константинович кез келген одақтас республика басшылары қас-қабағына қарайтын, Кеңес Одағындағы ең беделді мемлекеттік тұлғалардың бірі атанды.

Өкінішке орай, одақ басшыларының тілін оңай тапқан Есеновтің елдегі бастамасы зор қиындықпен, бюрократиялық кедергілермен, тек мәскеулік достарының қолдауымен ғана жүзеге асырылды. Бұл туралы шындықтың текеметін тіліп айтатын профессор, геология-минералогия ғылымдарының докторы Сәдуақас Құрманов: «екінші рет министрдің орнына келген Шаһаң бұрынғыдай құлаш сермей алмады. Жоғарыдан қатаң бақылау, төменнен сыпсыңдаған өсек-аяңдар Шаһаңа қатты әсер етті. Шаһаңа теріс ниеттегі адамдар орынбасар етіп қойылып, қарсы бағытталған әрекеттер жасалып та жүрді. Шаһаңа оң ниеттегі қызметкерлерді себепсіз айыптау, қудалау, қызметтен қуу сияқты жағдайлар да орын алды. Сол жазаланғандардың біреуі мен едім. Және босату бұйрығына Шаһаңның өзіне қол қойдыруға мәжбүр етті», — деп ащы да болса ақиқатқа негізделген заман шындығының бет пердесін ашып көрсетеді және өзінің қызметтен босатылуынан гөрі құрт-құмырсқа, бақа-шаяндарға қор болған талантты тұлғаның тағдырына көбірек жаны ашиды.

Бұл жолы партократтар әбден әлсіреген арыстанды талауға бар күштерін жұмылдырады. Оның қызметінен еш кінәрат таппаған соң, күнделікті тұрмыс-тіршілігін бақылауға алып, қызметкерлері, көмекшілері, тіпті жүргізушілеріне дейін тиісті орындарға шақырып, тергеу, тексеру, бейжосық әрекеттер мен қорқытып-үркітудің небір қитұрқы тәсілдері пайдаланылады. Іс қозғауға ілік болатын зәредей қылмыс таппаса да, ол 1978 жылдың басында Орталық комитетке шақырылып, біржолата қызметінен босатылады.

Бұл тарихшылар мен саясаттанушылар «тоқырау» деп ат қойып, айдар таққан кеңес заманының әбден божырап, бодаусыз кеткен, боркемік тартқан кезеңі еді. Отызыншы жылдардағыдай жазықсыз жанды сотсыз атып тастайтын, елуінші жылдардағыдай заңды белшесінен басып, ұзақ мерзімге жер аударатын сорақы дәстүрлер келмеске кеткен болатын. Бірақ арам ниетті жандар қашан да адамды қорлаудың, жазалаудың жымысқы, жытқыр тәсілдерін ойлап табудан шаршамайтын көрінеді. Бұл жолы да солай болды.

Орталық комитет геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Шаһмардан Есеновке Алматыдан біржолата кетуді, төтесінен айтқанда, жер аударуды талап етеді. Осылайша, әлем таныған академик Балқаштан 150 шақырым қашықтағы қу медиен далада орналасқан шағын геологиялық экспедицияға жіберіледі. Ол Балқашқа аттанып кеткен күні Алматыда «академик Есенов өзіне өзі қол салыпты» деген қауесет бұрқ ете түседі. Бұл адамды тірідей өлтірудің ең сұмпайы түрі еді.

Қашанда қиындыққа қасқая қарсы тұратын қайсар рухты қазақ өлмеді. Жазы ми қайнатар ыстық, қысы сүйектен өтер ызғарлы өлкеде бір жылдан астам уақыт қызмет істеді. Бірақ он жылға жуық үздіксіз қудалау қатепті қара нардай азаматтың жүрегіне сызат, асқазанына жара салып үлгерген еді.

Кеңес Одағында жаппай партиялық бақылау орнықса да Ғылым академиясы мен жоғары оқу орындары жүйесінде орта және төменгі деңгейдегі қызметтерге конкурс жарияланып, сала мамандары сайланып қойылатын дәстүр сақталды. Ректор, проректор, декандар тағайындалса да, доцент, профессор, кафедра меңгерушілерінің қызметіне вакансия болғанда үміткерлер конкурс арқылы іріктелетін.

Қазақ политехника институты 1979 жылы пайдалы қазбаларды іздеу мен барлаудың методикасы кафедрасының меңгерушілігіне конкурс жариялайды. Экспедицияда жүрген шәкірттерінен бұл хабарды естіген Шаһаң көп дабыра жасамай, тиісті құжаттарын ресімдеп, институтқа жібереді. Ежелден академикке деген ниеті түзу институт ректоры Әбдіғаппар Әшімбаев та, конкурстық комиссия мүшелері де қиын күндерде көңіліне демеу болсын деп, онсыз да бәйгеден шаппай келіп тұрған Шаһаңды кафедра меңгерушілігіне қабылдайды.

Атағы жер жарған ғалымның өзі білім алған оқу орнына келуі ондағы профессорлар мен студенттер қауымын серпілтіп тастайды. Сол кезде институтта кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарған белгілі философ, академик Досмұхамед Кішібеков қоғамдық жұмыс ретінде институттың «Инженер кадрлары үшін» атты шағын тиражды газеттің редакторы қызметін қоса атқарған екен. Сол бір жапырақтай газетке Д.Кішібеков «Біздің түлектеріміз енді бізге ұстаз» атты шағын хабарлама бастырып, онда институтқа кейінгі кезде қызметке тұрған ұстаздар қатарында атақ-дәрежелерін түгел санамалай келе Шаһмардан Есеновтің де есімін атайды.

Өзі институттың ішінде ғана тарайтын газет. Киоскіге түспейді, жазылу каталогына енгізілмеген, тұтамдай ғана тиражы бар. Шағын ғана хабарлама. Ішінде ешқандай мақтау, марапаттау жоқ. Тек фактілердің констатациясы. Мұнда тұрған не бар?!

«Бақсам, бақа екен» дегендей, пәле іздеген адам бұдан да кінәрат табатын көрінеді.

Хабарлама газетке шыққан күннің ертеңінде ешбір артық-кемі жоқ, институт ректоры, партком хатшысы және газет редакторы Орталық комитетке шақырылады. Оның ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің меңгерушісі С.Жандосов үшеуін «Мақаланы қалай бастыңдар, кіммен ақылдастыңдар?» деп тергеудің астына алады.

Өзі Ұлы Отан соғысының ардагері, ешқашан арына дақ түспеген коммунист, қашан көрсең де сабырлы, салмақты қалпынан айнымайтын Досағаң мақаланы ұлты орыс институт оқытушысы жазғанын, өзі бастырғанын, онда көрсетілген Ш.Есеновтің доктор, профессор, академик, лауреат екендігі түп-түгелдей рас екендігін рет-ретімен айтып шығады.

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінің кен орындарын іздестіру және барлау кафедрасы

Осы оқиғадан кейін академик Есеновтің кафедра меңгерушілігінен босатылғанын оқырманға айтпасақ та түсінікті болар деймін. Бірақ бұл СОКП сияқты жуанның жіңішкеріп, Қазақстанның Компартиясы сияқты жіңішкенің үзілуге тақаған кезі еді. Сондықтан араға жыл салып академик Есенов әріптестерінің қолдауымен кафедра меңгерушілігіне қайтып оралады. Өзі қашанда құрметтеп, қадірлеп өткен ұстаздық қызметін өмірінің соңына дейін адал атқарды. Ондаған ғылым докторларын, жүздеген кандидаттарды, мыңдаған шәкірттерді тәрбиеледі.

Шаһмардан Есенов өмірінің соңы шуақты болды.

Билік басына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келген соң ол қайтадан қоғамдық-саяси өмірге белсене араласа бастады. Әріптестері академикті 1990 жылы 12-сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне Ғылым академиясынан депутат етіп сайлады.

Депутат Есенов 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңының қабылдануына да өз үлесін қосты. Тәуелсіз еліміздің жаңа атауы, Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Әнұранын бекітудің басы-қасында болды.

Ш.Есенов 1-ші шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты

Өмірінің соңғы кезеңінде оның денсаулығы жиі сыр бере бастады. Қанша мықты болса да, ұзаққа созылған үздіксіз қуғын-сүргін оның жанына ғана емес, жүрегіне де айықпас жара салып үлгерген еді. Қайсар рухты қайраткер тұлға, тамаша ғалым Шаһмардан Есенов 1994 жылдың 23 тамызында дүние салды.

Оның қазасына орай Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бастаған ел ағалары қол қойған қазанама шықты. Елбасы тапсырмасымен есімі Ақтау политехника институтына беріліп, 2007 жылы 80 жылдық мерейтойы республика көлемінде кеңінен атап өтілді.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, ұлтымыздың осындай ұлы азаматтарының жазықсыз жапа шегуі бүгінде біз асыра мақтауды әдетке айналдырған республиканың сол кездегі басшысы Д.А.Қонаевтың көз алдында, егер турасын айтар болсақ, тікелей қатысуымен жүзеге асты. Өкінішті-ақ.

Шаһмардан ағамыз мәнді, мағыналы өмір сүрді. Соңына мол ғылыми мұра, қазақтардың әлі талай буыны мақтанышпен айта жүретін өнегелі істерін қалдырды. Кәмила жеңгемізбен отбасылық өмірдің де қызығын көріп, ата-баба аманатына сай адал ұрпақ тәрбиеледі.

Ш.Есенов отбасымен бірге

Уақыт өтеді. Заман өзгереді. Ұрпақ алмасады. Тарих бәрін елеп-екшеп өз орнына қояды. Халқына шынайы еңбек сіңірген қайраткерлердің есімі ғана ел жадында мәңгілік сақталмақ. Сондай нар тұлғаның бірі әрі бірегейі Шаһмардан Есенов деп білемін.

«Егемен Қазақстан»,
14 мамыр 2014 жыл

Мұхтар Құл-Мұхаммед


ПІКІР ЖАЗУ