Олимпиаданың 5 алтынымен рекорд орнатқан 41 жастағы балуан спортпен қош айтысты

0
1099

Грек-рим күресінен аса ауыр салмақта өнер көрсеткен кубалық балуан Михаин Лопес Нуньес Олимпиаданың 5 дүркін чемпионы атанды.

6 тамызда грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалдық бәсекелері өтті. 130 келі салмақ дәрежесінің алтын жүлдесін кубалық Михаин Лопес пен Чили спортшысы Ясмани Акоста Фернандес сарапқа салды. Нәтижесінде 41 жастағы тәжірибелі балуан 6:0 есебімен жеңіп, Олимпиада ойындарының 5 дүркін чемпионы атанды.

Белдесуден кейін Михаин боз кілем үстінде күреске арналған аяқ киімін шешіп, спорттық мансабын аяқтайтынын меңзеді. Келесі Олимпиада 2028 жылы Америкада өтеді.

Айта кетсек, Михаин Лопес белдескен 130 келі салмақ дәрежесінде біздің отандасымыз Әлімхан Сыздықов та өнер көрсеткен еді. Алайда ол Румыния балуанына 3:1 есебімен есе жіберіп, жарыс жолын 1/8 финалда аяқтады.

Лопес – грек-рим күресінен Олимпиада алтынын 5 рет жеңіп алған алғашқы балуан. Сондай-ақ оның қоржынында әлем чемпионатының 5 алтыны мен 3 күміс жүлдесі бар. Панамерика ойындары мен Панамерика чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Бұған дейін Олимпиада рекорды 3 алтыны мен 1 күміс жүлдесі бар Александр Карелинге тиесілі еді.

Фото: Sarah Stier/Getty Images



ПІКІР ЖАЗУ