«Елдің көңілі толған жоқ»: Мырзағали Айтжанов Олимпиададағы бокс нәтижесі үшін халықтан кешірім сұрады

0
353

Бокстан Қазақстанның бас бапкері Мырзағали Айтжанов Париждегі жазғы Олимпиада ойындарындағы бокс нәтижесіне қатысты пікір білдірді. Бас бапкер жалғыз күміске қол жеткізген былғары қолғап шеберлері үшін халықтан кешірім сұрады, деп хабарлайды politico.kz «Хабар» арнасының Telegram-дағы ресми арнасына сілтеме жасап.

Төрткүл дүние көз тіккен Олимпиаданы қорытындылаған бапкер бірден жігіттердің дайындығы туралы сөз қозғады. Ол Парижден тек күміс жүлдемен қайтқан былғары қолғап шеберлеріне сәттілік жетіспегенін алға тартты.

«Түсінемін, елдің, жанкүйерлердің біздің жекпе-жектерге көңілі толған жоқ. Сол үшін кешірім сұраймыз. Жалпы ешкім ұтыламын деп келген жоқ. Жігіттердің бәрі барын салып жұдырықтасты. Жақсы дайындықпен келді. Бірақ бір сәттілік жетпеді деп ойлаймын.

Бізді жақтады, қорғамады демеймін. Мен ондайға үйренген емеспін. Біз бәрін өзімізден көреміз. Бұйырмай тұр, кем-кетік бар шығар. Сол себепті жеңіске жетпеген шығармыз», – деді ол.

Осы ретте Мырзағали Айтжанов боксшыларды сынағандарға жауап берді. Ол отандастарына қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс айтуды ұмытқан жоқ.

«Бірақ жігіттердің ешқайсысы шаршаған жоқ. «Шаршады, дайындық нашар» дегендей небір сөзді естіп жатырмыз. Бүкіл әлем, әріптестерім біздің балаларға риза болып жатыр. «Жеңістеріңді алып қойды ғой» деген кезде біздің ел даттап жатқанын көріп, «қалай ел боламыз?» деп ойлаймын. Ал жалпы барша жанкүйерге рақмет.

Мүмкін, елдің намысын қатты ойлаған соң солай айтып жатқан шығар, бірақ бәрі аман болсын. Қолдағаны да, қолдамағаны да, даттағандар да, қолдап жатқандар да…

Қазақпыз, бір-бірімізді осындайда қолдамағанда қалай қолдаймыз? «Менмін» деген әлемнің бес дүркін чемпиондары, Олимпиада чемпиондары ұтылып жатыр, бұл – Олимпиада. Бәрімізге осы сабақ болды, желеу іздемейміз, кінә өзімізден»,- деді Мырзағали Айтжанов.


ПІКІР ЖАЗУ