Қызылордада сыныптастары 16 жастағы қызды зорлап, жезөкшелікке салған

0
250

Биыл ақпан айында Қызылорда облысында 16 жастағы оқушы қызды сыныптастары жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәрінің айтуынша, жасөспірім – отбасының жалғыз қызы. Ол жоғалып кеткен соң ата-анасы полицияға, кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау инспекторы мен қылмыстық іздестіру бөліміне арыз түсірген. Алайда құқық қорғау органдары қызды іздемеген. Керісінше, ата-анасын қорқытып, ата-ана құқығынан айырамыз деген көрінеді.

Құқық қорғау органдарының қорқытуына тап болған ата-ана қызын өздері іздеуге кіріскен. Қыз ара-тұра ата-анасына видеоқоңыраумен хабарласып, кафеде даяшы немесе гүл сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істейтінін айтқан. Әкесі мен шешесі қызына барғанда, ол полиция қызметкерлерінің жай ғана видеоға түсіріп, кетіп қалғанын жеткізген. Қызы ата-анасына шу шықпас үшін өзін өтірік айтуға мәжбүрлегенін айтқан, – дейді Дина Таңсәрі.

Бұл ретте сыныптастары қызды ата-анасын өлтіретінін айтып қорқытқан.

Қыз кейде мектепке барып тұрады. Сол кезде оған сыныптастары мен мұғалімдері психологиялық соққы жасаған. Әкең мен шешең ата-ана құқығынан айырылады деп қорқытып, масқаралауға тырысқан. Тіпті сыныптастары Астанада таныстары барын, ата-анасын өлтіретінін айтып шошытқан. Қыз ата-анасын уайымдаған, себебі ол адамдардың шын мәнінде қауіпті екенін білген. Олар есірткі тұтынып, жасөспірімді зорлаған. Қыздың ата-анасының айтуынша, барлық мұғалімдер мен мектеп директоры бұл жағдайдан хабардар болған. Тіпті учаскелік полиция қызметкері біле тұра, қыздың анасы мен әкесін қорқытқан. Олар қыздан қомақты ақша сұраған. Таппаса, шашы мен қасын қырып тастайтынын айтқан. Егер өзінде ақша жоқ болса, достарынан сұрауды талап еткен. Соңында қыз шыдай алмай, ата-анасынан көмек сұраған, – дейді қор жетекшісі.

Дина Таңсәрінің айтуынша, соңында сұмдық деректер айтылған. Олар қызды азаптап, мефедрон алуға мәжбүрлеп, тұншықтырған. Жезөкшелікпен айналысатын әйелдер сайтына тіркеп, жезөкшелікке мәжбүрлеп, ақшасын алып отырған.

Қызылорда облысының ПД баспасөз қызметі күдіктілердің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу жалғасып жатыр.

Фото: Tengrinews.kz



ПІКІР ЖАЗУ