ІІМ-нің бұрынғы басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты сот үкімі шықты

0
163

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаевқа қатысты билікті асыра пайдаланды деп айыпталған қылмыстық істі қарады. Бұл туралы Politico.kz соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл іс «құпия» деген белгімен кінәні мойындау бойынша іс жүргізу келісімімен келіп түсті. Сондықтан оның қаралуы жабық форматта өтті.

Сотта прокурор тағылған айыпты қолдап, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Бұл ретте қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде жаза пробациялық бақылауды белгілей отырып, сол мерзімге шартты түрде айқындалады.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, шын жүректен өкінген.

Сот үкімімен Тұрғымбаев Қылмыстық кодекстің 362-бабының 4-бөлігінде көзделген («билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану») қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

ІІМ-нің бұрынғы басшысына сыбайлас жемқорлық қылмыс белгілері жоқ айып тағылғандықтан, қылмыстық кодекстің 63-бабының негізінде тағайындалған жазаны шартты деп санау туралы қаулы шығарылды.

Бұл ретте сот сотталушының кінәсін мойындауын, оның шын жүректен өкінуін және алғаш рет қылмыс жасағанын ескерді.

Қазақстан Президентінің атына Тұрғымбаевты арнаулы атақтан және мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізілетін болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


ПІКІР ЖАЗУ