«Сәлем саламын»: жақында тұрмыс құрған Иманбаева бұрынғы енесімен араласып тұрады
Актриса Айгүл Иманбаева бұрынғы күйеуі Сәбит Әбдіхалықовпен қалай ажырасқанын айтып, жан сырын ақтарды. Өнер иесі алдымен ата-енесінің алдынан өтіп, олардың рұқсатын алған.
Ол күйеуімен ұлының 6 айлығында ажырасуға шешім қабылдаған. Алдымен ата-енесінің үйіне арнайы барып, жағдайын түсіндіруге тырысқан. Содан он күн бойы ата-енесінің қасында болып, үйін жинастырып, бір-ақ кеткен. Айтуынша, ата-енесі онымен қимай қоштасқан. Ажырасатынын естігенде Сәбит Әбдіхалықовтың әжесі жылап қалған.
Балам 6 айлық. Оны алып, Сәбиттің ауылына, ата-енеме бардым. Он күндей үйде болдым. Бірақ барған бойда ажырасатынымды айттым. «Сіздердің баталарыңызды алып кетейін деп едім. Немереңіз міне, қай уақытта десеңіз де алып келуге дайынмын, тек тұра алмаймын» деп түсіндірдім. Содан үлкен әжеміз тірі еді. Сол жылады, «Сәбитпен сөйлесейін, кетпе» деді. Сосын бұл менің шешімім екенін түсіндірдім. Сонымен он күн үйде болып, үйдің бәрін тазалап, әктеп, бәрімен қоштасып кеттім. Ата-анамның үйіне дейін әкеліп тастады. Анам да қой сойып, қонақ етті. Одан бөлек, «құдағидың сыбағасы» деп тағы бір қой сойып, беріп жіберді. Міне, солай үлкендердің рұқсатымен ажырастым. Себебі олардан жаманшылық көрген жоқпын. Асылжан қырқынан шыққанша енем қолымды салқын суға салғызбай, мені бақты. Әйел болып жамандайын десем, олардың жамандығын көрмедім. Күні бүгінге дейін араласамын, сәлем саламын, – деді Айгүл Иманбаева «Мамский әңгіме» подкастында.
Қазіргі күйеуі бұрынғы енесін «мама» дейтінін айтып, Иманбаеваның ол әрекетіне деген көзқарасын сұрапты. Ол да Сәбит Әбдіхалықовтың шешесін «мама» дейтінін айтып, аналардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ екенін түсіндірген.
Фото: видеодан скриншот