«Жұлдыз ауруымен ауырдым» – «Тракторист» әнімен танылған Арман Әлиев

0
300

Тыңдарманға «Тракторист» әнімен танылған Арман Әлиевтің жұлдызы 2004-2009 жылдар аралығында жанды. Ол кезде аталған хиттің орындаушысы небәрі 26 жаста еді. KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұхбат берген Арман Әлиев бұрын-соңды айтпаған құпиясын бөлісті.

Арман Әлиев – Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Шымкент қаласындағы бұрынғы мәдениет институтында «режиссура және актерлік өнер» мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын 1999 жылы «Шымкент шоу» театрында бастаған. Кейінгі жылдары оңтүстік өңірдегі отандық телеарналардың бірінде продюсер қызметін атқарса, қазір Түркістандағы Райымбек Сейтметов атындағы театрдың директоры екен. Зайыбы екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр.

Тракторист, тракторист…

Әй, Айгүл, Сәуле, есікті аш,

Шиеліден келіп тұрмын, бір қап күрішім бар…

Бұл – 2000-жылдардың ортасында хитке айналған «Тракторист» әнінің мәтіні. Туынды аз уақыт ішінде мыңдаған жүректі жаулап үлгерді.

«Тракторист» әні 2004 жылдың жазында жарыққа шықты. Үш күннің ішінде бүкіл аймаққа таралып кетіпті. Ол кезде флэшка, диск деген жоқ, тек аудио кассета арқылы тарайтын. Шындығы керек, «Тракторист» әнін орындап шыққан кезде, мені көп адам «осы трактордың айналасында жүрген, білімі жоқ жігіт» деп ойлаған екен. Кейін қаншама елден телефон соғып, әніңізді тыңдап отырмыз, ризамыз, қазақтың әні шетелде дүрілдеп тұр дейтін. Басқа елдерде де хит болған еді. Американың қаншама штатынан қазақ жігіттері, Ресейдегі, Қытайдағы қандастарымыз хабарласты. Сол жақта сатылымда болды. «Тракторист» әнінің арқасында аяқ баспаған жерім жоқ. Бүкіл Қазақстанды шайқадық. 2004-2009 жылдар арасында үздіксіз тойға бардым, бір күнім бос емес еді. Көшеде емін-еркін жүре алмайтын жағдайға жеттім. Масқара танымал болдым. Былайша айтқанда, сол кезде Қазақстанның Митхун Чакрабортиі болдым ғой, – дейді «Тракторист» әнінің орындаушысы.

2004 жылы Арманның табысы 50 доллар, яғни бір тойдан 3 500 теңге ғана алатын еді. Кейін «Тракторист» әні жарыққа шыққан кезде танымалдылығы артып, гонорары 3 мың долларға дейін өскен. Бірақ басына қонған бақты бағалай алмағанын жасырмайды.

Бір күнде 800 мың теңге тапқан кез болды. 2004 жылы ол керемет ақша еді. Кез келген мегополистен бір пәтерді ойып тұрып алатын жағдайым болды. Бірақ танымалдылықтың арқасында табыстың қадірін білмей мастанып, жастықтың кесірінен соның бәрін шашып-төктім. Қатты қадіріне жете алмадым. Осылай тұра береді деп ойладық қой. Жұлдыз ауруымен де ауырдым, оны мойындаймын. Тәкаппарлық пайда болды, күнде табыс, телефонға тыным жоқ. Аузыңа келген бағаны айта саласың, халық келісе кетеді. «Тойда ән айтпасаң да 500 доллар береміз, суретке түсіп кетші» деген ұсыныстар да болды. Сол кездегі партиялардың, депутаттардың іс-шарасына мені шақыратын. «Арман тракторист» келе жатыр десе, халық жиналатын, маған қомақты гонорар төлейтін. Қазір өнердегі жігіттердің арасында мынадай әңгіме бар: Негізі «Тракторист» әнін дәл қазір, яғни Youtube пен Tiktok-тың заманында шығарған кезде Арекең миллиардер болатын еді» дейді. Ол кезде интернет, әлеуметтік желі деген жоқ. Тек телеарна арқылы шығатынбыз, – дейді өнер иесі.

Арманның айтуынша, «Тракторист» әніне түсірілген бейнебаян – Қазақстандағы тұңғыш анимациялық клип. Бұл хит кезінде талай тойдың көркін қыздырғанмен, танымал ән мен орындаушысын сынағандар да аз болмапты.

Негізі бұл әнді адамдар мұқият тыңдамайды. Егер сөзіне мән берсе, бұл әнде махаббат, трагедия жатыр. Мысалы, жігіт 8-сыныптан кейін «тракторист» мамандығын оқып, ауылда қалады. Ал ауылдағы сүйген қызы үлкен қаладағы жоғары оқу орнына түсіп, басқа жігіттермен жүріп кетеді. Жігітті менсінбей тастап кетті, бала махаббаты аяқ астында тапталып қалды. Бірақ жігіт қызды іздеп қалаға барды. Басқа жігітпен жүргенін көріп, көңілі суыды деген сияқты мағына жатыр. Бұл әнге мән беріп қарау керек. Ауыл баласының намысы тапталып жатыр. Ауыл баласының жанайқайы ғой, – дейді Арман Әлиев.

Арман Әлиевтің әннен қол үзгеніне 18 жылдан асты. Ол 2011 жылы ағаларының ақыл-кеңесімен өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге бел буған.

Сол 2004-2009 жылдары кейде бір үлкен тойларға барғанда қысылатынмын. Мысалы, ән айтуға барсаң, ол ортада Роза Рымбаева бастаған мүйізі қарағайдай әншілер отырады. Олардың алдында мен әнші емеспін. Бала-шағаңның нәпақасын алуға барғаннан кейін амал жоқ, әнді орындайсың. Содан кейін басқа қызметке ауысып кеттім. Бірақ 18 жыл өтсе де әлі күнге дейін халық көшеде танып, суретке түсіп, қолтаңба алып жатады, – дейді Арман.

Фото: instagram.com/armanaliev1978



ПІКІР ЖАЗУ