«Абай оқуларын» арзандатып алмайық…

0
119

Кемеңгер Абайдың кемел ойлары мен жақұт жырларын сансыз ұрпақтың санасына сіңіріп, жадында мәңгілік жаттату ісінің мемлекеттік маңызды шаруаға айналғаны қашан?! Тіпті қылышынан қан тамған сонау кеңестік дәуірдің өзінде Абайды оқыту алдыңғы кезекте тұрды. Әсіресе бұл шаруа ұлы ақынның туып-өскен ортасы – Абай ауданының барлық мектебінде ерекше үрдіс алды. Сол кездегі Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аңыз адам марқұм Хафиз Матаев ұстаздардың алдына оқушыларға кем дегенде Абайдың 100 өлеңін жаттату міндетін қойды. Қазір шырт ұйқыда жатқан кез келген абайлықты оятып, ақынның бір өлеңін оқып жібер десеңіз, зуылдата жөнелетіні де сондықтан шығар.

 

1995 жылы данышпан ақынның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде, бүкіләлемдік дәрежеде тойланып өтті. Ақынның басына ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің үстінде көлбей жүзген ақ кемедей алып кесене тұрғызылды. Ұмытпасам, сол кездегі ақша нарығымен есептегенде 250 миллиондай қаражат жұмсалды. Бұл жаңа құрылып жатқан жас мемлекет үшін бір қомақты қаржы болатын. Сол тойдан кейін үш жыл өткен соң Жидебайға еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тағы да келді. Жан-жағынан қаумалап жапа-тармағай еріп жүрміз. Кенет Нұрекең кесене ортасындағы амфитеатрға тоқтай қалып, түсін суытып, «осы сендер Абайдың мүрдесін Семей қаласына көшірейік деген сөзді ұқпай, айдалаға, қаншама қаражат жұмсап мынандай кесене салдырдыңдар, ал осыған келетін, көретін кісі бар ма?!» деді. Дәл осындай мәселенің сонау 1960 жылдары да қозғалып, тобықты ақсақалдарының қабірдің үстінде жатып алып бермей қойғанын естігенбіз. Содан Президенттің сөзінен кейін бәріміз тұқырып жерге қарадық. Сәл үнсіздікті бұзып, сол кездегі Абай ауданының әкімі Қонысбай Төлеу­беков жұлып алғандай: «Нұр­сұлтан Әбішұлы, былтырдан бастап біз облыс басшылығымен келісе отырып, осы арада Абай, Шәкәрім оқуларын өткізуді бастадық. Оқушылар Абай аталарының жүздеген өлеңін жатқа айтады», деп қалды. Нұрекеңнің бағанағы суық жүзіне кәдімгідей шырай кіріп: «Ой, мыналарың жақсы нәрсе ғой, ендеше келесі жылдан бас­тап мұны республикалық көлемде өткі­зу керек», деді.

Осы сөз сөз болып, 1999 жылы алғаш рет Жидебайда, ұлылар мүрдесі жатқан киелі топырақта мектеп оқу­шы­лары арасында тұңғыш рет рес­пуб­ликалық «Абай, Шәкәрім оқулары» басталды. Әр жыл сайын жүздеген оқушы қасиеттің қағ­ба­сын­дай киелі мекенге әрі бағын сынау үшін әрі бабалар рухына тағзым ету үшін үкілі үміттерін желбіретіп, ағын судай ақтарылды.

Бір кездегі Білім және ғылым министрлері болған Қырымбек Кө­шербаев, Шәмша Беркімбаева, Жақсылық Құлекеев, Күләш Наға­тайқызы, Бірғаным Әйтімова, Жан­сейіт Түймебаевтардың өздері бас­тап, Абай еліне келіп, жүрегі Абай деп соққан жас өркеннің талабына қанат бітіріп, қадамына қуана қол соқты. Әсіресе Білім және ғылым министрлігінің бас сарапшысы, Абай ауданының құрметті азаматы Роза Мұхамеджанқызы Батталдың 20 жыл бойы Абай оқуларын үздіксіз үлкен ұйымшылдықпен, шып-шырғасыз өткізудегі ерен еңбегі әлі ел есінде.

Роза Мұхамеджанқызы өткізген Абай оқуларында сайысқа қатысу­шы­ларға қойылатын талап өте қатал болды. Мәселен, ақын өлеңдерін жатқа айтушылар, ең алдымен кем дегенде 150-200-ге тарта шығарманы біліп қана қоймай, оны қазылар қой­ған сұраққа сай кез келген жері­нен мүдірмей айтуға тиіс болды. Бұл оқушы зейін-зердесінің мық­ты­­­лығын және нағыз талантының ерек­ше еңбегін танытатын сынақ еді. Бірақ жады жақсылар жасыған жоқ. Қай кезде де қалың көрермен мен тыңдаушыны таланттарына таң тамаша қылды. Мысал үшін, ұмытпасам, 2005 жылғы оқуда қостанайлық Раушан Әділбаева Абайдың 141, Шәкәрімнің 209 өлеңін жатқа оқып, өзінің шын жүйрік екенін дәлелдеп шықса, Виктор Федянин Абай әндерін құйқылжыта шырқап, бас жүлдеге ие болды. Естуімше, қазір осы бала шетелдік байқауларда да Абай әндерін айтып жүрген көрінеді.

Сондай-ақ Абай оқуына қаты­сып, жүлдегер атанған Ринат Зайытов, Рүстем Қайыртайұлы, Сара Тоқта­мы­со­ва, Қарлығаш Әубәкіро­ва­лар қазір Алаш­тың арқалы айтыс ақындары болып жүрсе, Ұлан Сағадиев, Бақытжан Байболов, Нұржан Байтөс, Жайдар Жақсылықов, Айдос Имантаевтар қазіргі қазақ поэзиясының алдыңғы шоғырынан көрінуде. 2007 жылғы Абай оқуларының бас жүлдегері, абайлық ақын Арман Шеризатов жастардың мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Сөз жоқ мұның бәрі Абай оқуларының түпкі нәтижесін көрсетеді. Ал нәтижелі істің қайырын қай кезде де халық көреді.

Биыл Абай оқулары Абай ауданында ХХІV рет өткізілді. 2019 жылдан бергі Жидебай төрінде, ашық аспан астында өткізіліп отырғаны осы. Үш жыл әлемді жайлаған коро­на­вирустың салдарынан онлайн фор­мат­та өткізілді. «Өткізілді» деге­ні­міз жай көңіл жықпас сөз ғана. Әйт­пе­се, топырағының ыстығы табанды жылытып, атырабының самалы қадамды ширатып жіберетін киелі жерге келгенге, өз көзімен көр­генге не жетсін, шіркін! Биылғы байқауға 150-ге тарта оқушы қатысты. Оларға басшылық жасап, бас-көз болып жүргендер – тек республикалық «Да­рын» орталығының астаналық және облыстық бөлімшелерінің адамдары ғана. Республикалық Оқу-ағар­ту министрлігінен ешкімді көре ал­­мадық. Осыдан-ақ жыл өткен са­­йын Абай оқуларының қожы­рап, сиырқұйымшақтанып бара жатқанын сезесің, сезесің де көңілің сары даладай құлазып сала береді. Біріншіден, байқаудың бұрынғы шарттары бұзылып, номинациялары тіпті көбейіп кеткен. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармаларын жатқа оқу» сайысы деген жаңа номинация енгізіліпті. Ниет жаман емес. Бірақ әуелі Абай мен Шәкәрім шығармаларын ұрпақтар санасына әбден сіңіріп алмай, бірді-екілі өлең, поэмалары ғана бар Ақылбай, Мағауия сияқты ақын балаларын қосып, қойыртпақ жасаудың не қажеті бар?! Ол ол ма, өлең құдіретін толық түсінбейтін байқау шартын жасаушылар Шәкәрімді ақын шәкірттеріне қосып, Абай бабамыздың өзі ақындық қуаты мен талантын қатты бағалаған Көкбай Жанатайұлы мен Уәйіс Шон­дыбаевтарды мүлде қалтарыста қал­дыр­ған.

Екіншіден, осы байқау номинациясына эссе жазуды күштеп енгі­зудің қандай қажеті бар?! Оқу про­це­­сіндегі бұл жанрды аудандық, об­­лыс­тық, республикалық білім олим­­­пиадаларының еншісіне қал­дыр­са да жарап жатыр емес пе?! Әрі-бе­рі­­ден соң Шәкәрім болмаса, Абай про­­залық шығарма жазбаған. Пәл­са­­палық 45 қарасөзі мен «Қазақтың қай­­дан шыққандығы туралы» шежі­ресін эссе жанрына жатқызуға келе қоймас. Қайсыбір байқауды ұйым­дас­­тырушылар «эссе жазудың ең бас­ты шарты – Абай өлеңдеріне талдау жасау» деген уәж айтқан бо­лады. Қазылар берген 15-20 ми­нут­та ақын шығармасына жан-жақты талдау жасаудың ақылға сыя қой­май­ты­ны­на әдебиетші мұғалім түгілі жай қа­ра­па­йым адам да илана қоймас.

Сөз жоқ, осындай көп номина­цияның байқаудың өз дәрежесінде, өте әділдікпен өтуіне үлкен кедергі келтіріп отырғаны да шындық. Себебі әр номинацияға әрі кеткенде екі, әйт­пе­се бір адам ғана қазылық жасайды. Осыдан әділдік шыға қоя ма, ойлана беріңіз?!

Үшіншіден, байқау шашыраңқы өтеді. Шашыраңқы өткен соң оның көрермені де болмайды. Көрермені жоқ байқау бола ма?!

Бұрынырақта үш-ақ номинация болатын. Бәрі де кесене ортасындағы амфитеатрда, жұртшылықтың көз ал­дында өтетін. Озғанды да, қал­ғанды да халық көріп отыратын. Қазылар қойған бағасын жұрт­шылыққа көрсе­тетін. Ал қазір тығылмақ ой­наған сияқты. Байқаудың басы – аудан­ орта­лы­ғында, ортасы – мұражай қа­­сын­дағы жатақханада, аяғы кесе­не басында. 6 аталым бойынша 6 оқу­­шы әкелген жетекші мұғалім­нің қай баласына барып, қай бала­сы­­­на қолдау көрсетерін білмей дал бо­лып жүргенін көзіміз көрді. Осы­дан барып орынды реніш туады. Рес­пуб­ликамыздың түпкір-түпкірінен 2-3 мың шақырымдай жолды артқа тас­тап, Абай бабаларының аруағына сиы­нып келген жас ұрпақты жасытып қайтарғанымыздың несі жақсы?!

Қайтарған дегеннен шығады, жа­ңа Қа­зақстанның жаңа ұрпағына Абай же­рінде көрсететініміз көбейіп ке­леді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абайдың 175 жылдығын атап өтуге айрықша маңыз беріп, тойды ас беріп, ат шаптырып, балуан күрестіріп қыруар қаражат шашып өткізгенше, халық кәдесіне, ұрпақ қажетіне жарайтын із қалатын маңызды шаруа­лар атқаруды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде Абай ауда­­нында бір-екі жылдың өзінде, пан­демияға қарамастан қыруар игі­лік­ті іс атқарылды. Мәселен, бұ­рын Абай бабамыздың кіндік қа­ны тамып, өмірге келген өңірі – Сырт Қасқабұлаққа Абай оқуларына қатысушыларды апармайтынбыз. Апара қалсақ та, бұлақты көрсетпей бұра тартып кететінбіз. Себебі бұлақ көзі күтімсіз болатын. Айналасы мал, суын балдыр басқан сасық суды көрсету абайлықтар үшін үлкен ұят іс еді. Қазір көзіміз ашылды. Бүгінгі Сырт Қасқабұлақ алыстан көз тартып, көңіл өсіреді. Заманауи талапқа сай безендіріліп, мәрмәр бручатка төселген тротуармен жүрген жолау­шы бұлақ көзіне барғанша Абай бабамыздың 45 қарасөзін қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқып танысады.

Жидебайдағы кесене де бүтін­дей жаңарды. Кірсе шыққысыз жұмақ төріндей. Тойдан кейін Прези­ден­тіміздің өзі келіп, атқарылған жұмыс­тарға ризашылығын білдірді. Іле-шала Абай облысы болып қайта құрылдық. Қайта түледік. Жаңарып, жасарып жатырмыз. Бұған да шүкір­шілік етеміз.

Абай, Шәкәрім оқуларының о бастағы мақсаты – ұлы адамдардың шығармаларын, әндері мен күйлерін жас ұрпақ бойына молынан сіңіріп, сол арқылы ел болашағын жасау­шыларды жан-жақты тәриелеу бол­са, осы мүддеден айнымайық. Абай­дың «толық адам», Шәкәрімнің «ар білімін» өзіміз толық түсініп, мойындап алмайынша, жеткіншек жетесіне жеткізу мүмкін емес. Олай болса, Абай оқуларын бұрынғысынша 3 аталым бойынша: «Абай, Шәкәрім өлеңдерін жатқа айту, Абай, Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау және жас таланттардың өз шығармашылығын саралау арқылы» өткізу керек деп ойлаймыз.

Тағы бір айта кететін жайт, Абай оқуларының насихатталуы нашар. Нашар емес-ау, мүлде жоқ. Бұ­рын­дары облыстық газеттер мен радио-телехабар тарату меке­мелері сайыстың өткені жөнінде үзіп-жұлып бірдеңе көрсетіп жатушы еді. Биыл оны да қойыпты. Теледидар арқылы күніне төрт сағат «Қосылайық», «Бірігейік» деп мән-мағынасы жоқ шоу­ларды өткіз­генше, жылына бір-ақ рет болатын, бүкіл респуб­лика оқушылары қатысатын Абай оқу­ла­ры­ның барысын ыждаһатпен насихаттап жатса, ұлтқа, ұлт ақы­ны­на деген құрмет болмас па еді?! Біздіңше, бұл да – мемлекеттік іс-шараны менсін­беушіліктің, атүсті қарап, немкеттілік танытудың бір көрінісі.

 

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ,

politico.kz

egemen.kz/


ПІКІР ЖАЗУ