Алматылық әйелдің шотынан 5 мың доллар шешіп алған екі жігіт видеоға түсіп қалған
Алматылық әйелдің шотынан 5 мың доллар шешіп алған екі жігіт видеоға түсіп қалған. Бұл туралы Алматы полициясы камераның объективіне түсіп қалған екі ер адамның суретін жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Полиция департаментінің мәліметінше, олар жәбірленушіні алдап, ақшасын иемденіп алған.
«Әйелдің ұялы телефонына қоңырау шалған ер адам өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, одан: «Депозиттік шоттан жеке шотқа ақша аударуға өтініш бердіңіз бе?» – деп сұрайды. Содан соң күдікті әйел адамға телефонына келіп түскен кодты айтатын болса, шотқа кибершабуылдардан қорғайтын арнайы қорғаныс орнатамыз деп сендірген. Әйел айтылған талаптарды орындаған», – дейді Алматы қалалық ПД Анықтау басқармасының бастығы Олжас Шәріпов
Полиция өкілінің айтуынша, бірнеше күннен кейін банк қызметкерлері әйелге хабарласып, шотынан 5 мың доллардан астам қаражат шешілгенін айтқан. Тек сол кезде алматылық алаяқтардың құрбаны болғанын түсінеді.