Мемлекет басшысы Иран Президенті Ибрахим Раисимен кездесті

0
36

Қасым-Жомарт Тоқаев Самарқанд қаласында өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен кездесу өткізді. Кездесуде Қазақстан Президенті биыл маусым айында өзінің Тегеранға жасаған сапарын ықыласпен еске алып, қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін Үкіметке тиісті тапсырмалар берілгенін атап өтті.

Қазақстан тарапы қысқа мерзімде Иранға жеткізілетін тауарлар тізімін әзірлеген. Сондай-ақ біздің еліміз Иран тарапының да осындай тауарлар тізімін қарастыруға және қолдауға дайын. Бұл екіжақты сауда-саттық көлемін 3 миллиард долларға дейін арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізеді.

Президент маусым айында Тегеранда екі ел басшылары негізін қалаған көлік-транзит дәлізінің табысты дамып келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.

Кездесуде транзиттік жүк тасымалын одан әрі ұлғайту мақсатында «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржол тармағының әлеуетін дамытудың маңыздылығы, сондай-ақ Каспий маңы елдерінің порттары арасындағы тұрақты паром қатынасының мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігі атап өтілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан екі ел халқы үшін маңызды тарихи тұлғаларға қатысты бірлескен зерттеулер ұйымдастыру жөніндегі Иранның бастамасын қолдады.

Қазақстан Президенті Иранның ШЫҰ-ға толыққанды мүше болуға деген ниетін құптады және Ислам Республикасының аталған ұйымға қосылуы өңірлік өзара іс-әрекетті жандандырып, оның жұмысына тың серпін беретініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Иран Президенті елдеріміздің сауда-экономикалық мүмкіндіктері мол екенін, сондай-ақ ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Ибрахим Раиси қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижелері келешектегі өзара тығыз іс-әрекеттің берік іргетасы болатынына сенім білдірді.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Иранмен арадағы ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға бейілді екенін айтып, Ибрахим Раисиді елімізге қарымта сапармен келуге шақырды.

 

 



ПІКІР ЖАЗУ