Ешкімнің әкесінен қалған тағы жоқ, жастарға орын беруіміз керек! — елорда Мәслихат хатшысы

0
191

«Біздің кейбір азаматтар «ұлт» деген сөзден қашып, ұлтшыл болудан қорқады. Неге ұлтшыл болмасқа? Ұлтшыл болуымыз керек! Өз ұлтын сүйген адам ең бақытты адам деп ойлаймын. Өзіңнің ұлттық болмысыңды, ұлттық құндылығыңды дәріптеуге кім қарсы? Кім бізге ұлттық киіміңді киме деп жатыр?  Мәселен, төрт қазақ отырып, арамызға өзге этнос өкілі келсе, «анаудан ұят болады» деп бәріміз орысша сайрап кетеміз. Сонда ешқайсымыз «ол 30 жыл бойы Қазақ елінде тұрып, мемлекеттік тілді білмегені үшін неге ұялмайды» деп айтпаймыз. Ең сорақысы, сол өзге этнос өкілі де «Мен қазақты сыйлайыншы, кезінде ата-бабамды құшағын жайып қарсы алып, бауырына басып, ас-суымен бөлісіп, паналатты ғой. Осы жердің топырағын басып, өстім. Білім алдым, қызмет етіп жатырмын ғой» деп тіпті қазақша амандасуға жарамайды». Бұл пікірді Астана қалалық мәслихатының хатшысы Ерлан Ермекұлы Каналимов Adyrna.kz порталының тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

 

ЕШКІМ КӨКТЕН ЕКІ АЯҒЫ САЛБЫРАП БАСТЫҚ БОЛЫП ТҮСКЕН ЖОҚ

Менің ойымша қандай қызметте істесең де, жұмысың өміріңе өзгеріс әкеліп, өз талаптары мен тәртібін енгізеді… Дегенмен, ешкім көктен екі аяғы салбырап бірден бастық болып түскен жоқ. Қай жерде, қандай деңгейдегі қызметте жүрсек те, өз табиғи болмысымыздан ажырамай, адамгершілік құндылығын бәрінен жоғары қоюымыз керек.

 

АДАМНЫҢ АДАМ БОЛЫП ҚАЛЫПТАСУЫНА АЙНАЛАСЫ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

Кез-келген адам алдымен қоғамның мүшесі. Адамның адам болып қалыптасуына айналасы қатты ықпал етеді. Біреулер қоғамның жақсы жағын көріп, тұлға ретінде өседі, дамиды, үйренеді. Өзінің ұстанымына берік болады. Ал енді біреулер өз жолынан адасып, өзгелерге еліктеп, түрлі жәйттың жетегінде кетеді. Мұндай адамдардың не қоғамға, не мемлекетке берері шамалы…

 

ЕШКІМНІҢ ӘКЕСІНЕН ҚАЛҒАН ТАҒЫ ЖОҚ

Адам қандай қызметте болмасын, алдымен сол жерге нақты қандай мақсатпен келгенін, өзінің қызметі арқылы халыққа қандай пайда келтіретінін анықтап алуы керек. Мәселен, өзім қандай қызметке келсем де, мені ол жерге «әкім бол, орынбасар бол, мәслихат хатшысы бол» деп тегіннен-тегін ешкім жібермегенін бар жан дүниеммен сезінемін. Әр қызмет маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Шынтуайтында, ешкімнің әкесінен қалған тағы жоқ!

 

БІЗДІҢ ҚАЙ-ҚАЙСЫМЫЗ БОЛСЫН КЕЛЕР ҰРПАҚ АЛДЫНДА ЖАУАПТЫМЫЗ

Кез-келген шенеунік қандай да болсын қызметке тағайындалғанда халықтың алдындағы белгілі бір миссияны орындау үшін келеді. Уақыты келгенде «тақты» босатып, жастарға орын беруге міндеттіміз. «Әр ұрпақ өзіне артқан жүкті жетер жеріне апарып тастауы керек. Әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз»,-деп Әлихан Бөкейхан айтпақшы,  біздің қай-қайсымыз болсын келер ұрпақ алдында жауаптымыз.

 

 

ҚЫЗМЕТКЕ 1-2 ЖЫЛ ОТЫРА ТҰРУҒА КЕЛЕТІН ИДЕЯСЫЗ ШЕНДІЛЕР КӨП

Мен кейбір мемлекеттік қызметкерлерді түсінбеймін. Оларға «Қызметке не үшін келдің? Мақсатың қандай? Халық үшін не істей аласың? Қандай идея, ойларың бар?» деп сұрақ қойғанда, «Жәй 1-2 жыл отыра тұруға келдім, бұл жер ыңғайлы екен. Уақыты келгенде басқа қызметке кетемін» деп әңгіме айтқанда қарным ашады. Ең өкініштісі, бүгінде осындай алға қойған мақсаты жоқ, өзіндік идеясы жоқ, өмірлік ұстанымы жоқ, елге бір пайдам тисін дейтін жанашырлығы жоқ өмірін бос өткізіп жатқан осындай адамдар арамызда көп.

 

ӨЗІНДІК ОЙЫ МЕН ҰСТАНЫМЫ БАР АДАМДАР «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» ҚҰРАДЫ

Мықты мемлекетті мықты қоғам құрады. Халыққа берері бар, үлгі-өнеге бола алатын, өзіндік ойы мен ұстанымы бар идеяшыл адамдар ғана «Жаңа Қазақстанды» құра алатынын түсінетін кез жетті. Халыққа ешқандай пайдасы жоқ бір күндік шаралар, жалған ұраншылдық пен даңғаза шоу-тойлардың заманы өтті.

 

ХАЛЫҚ СЫНЫН ДҰРЫС ҚАБЫЛДАП, ШЕШІМ ШЫҒАРУ КЕРЕК

Бүгінгі қоғам биліктен ашықтықты, халыққа жақындықты талап етеді. «Әкім бол, халқына жақын бол» дейді емес пе?! Шенеунікке халықтың өкілі ескерту айтса немесе сын білдірсе, оны дұрыс қабылдап, шешім шығару керек. Өз халқың саған мұны жанашырлықпен айтып тұр. Елімізге болсын, мәселелер шешілсін, кемшіліктер түзелсін деген жақсы ниет деп түсінуіміз тиіс.

 

 

«МЕН БАСТЫҚПЫН, МЕНІКІ ҒАНА ДҰРЫС» ДЕГЕН ҰСТАНЫМНАН АРЫЛАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ

«Сын түзелмей, мін түзелмес» демекші, сын арқылы дамимыз. «Мен бастықпын, менің айтқандарымның бәрі дұрыс. Менің ғана айтқаным болады» деген таптаурын ұстанымнан арылатын уақыт келді. Дәл қазіргі сыналатын шақта билік өкілдері халықтың үнін естіп, қалтқысыз қызмет етуі тиіс. Шенділерді шектен тыс мақтайтын, жағымпазданып, қасынан шықпайтын, айтқанына бас шұлғи беретін адамдардан да сақтанғанымыз абзал.

 

 

КЕЗ-КЕЛГЕН АДАМ ҚЫЗМЕТІН ЖАН-ТӘНІМЕН АТҚАРСА, ӨМІРІМІЗ ЖАҚСАРАР ЕДІ

Қазіргі қоғам мейірімге зәру. Кез-келген адам өзінің қызметін жан-тәнімен атқарып, жан-жағына шуақ нұрын шашып жүрсе, өміріміз де жақсарар еді. Мәселен, қоғамдық көлік жүргізушісі жолаушыларды жылы жүзбен қарсы алып, қызмет етсе, автобустағы адамдардың әрқайсысы сол жылуды өзімен ала кетіп, басқаларға да шуағын шашар еді.  

 

«БІР-БІРІНЕ ЖАНАШЫРЛЫҚ КӨРСЕТЕТІН МЕЙІРІМДІ ҚОҒАМ — ОЛ ІЗГІ ҚОҒАМ»

Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» туралы шығармасында адамдардың бір-біріне деген жылы қарым-қатынасының қаншалықты маңызды екені айтылған. Ол жерде «бір-біріне жанашырлық көрсететін мейірімді қоғам – ол ізгі қоғам» жайлы сөз етіледі. Дәл осылайша, бақытқа жету үшін бәріміз бір-бірімізге мейіріммен қарап, көмектесер болсақ, бүкіл әлем ізгіліктің мекеніне айналар еді.

 

ЖЫҒЫЛҒАНДЫ КӨТЕРІП, СҮРІНГЕНДІ ДЕМЕЙТІН КЕҢПЕЙІЛ ҚАЗАҚ ҚАЙДА? 

Өйткені бүгін  қоғам жасаған жақсылықты көре білмейді. Жақсыны бағалай білмейді. Керісінше біреу шалт басып, сүрінсе, көп болып айыптап, жарға жығып жатамыз. Жығылғанды көтеріп, сүрінгенді демейтін кеңпейіл қазақ қайда? деп кейде қынжыламын… Кеңестік жүйемен тәрбиеленген кейбір аға буынның арасында жастарға жол бермеу, атаққұмарлық, жағымпаздық және т.б. басқа да керітартпа қасиеттері бүгінгі «Жаңа Қазақстанға» қажет емес.

 

БІЗДІҢ АШЫҚ БОЛУЫМЫЗҒА ЕШҚАНДАЙ ШЕКТЕУ ЖОҚ 

40-50 жастағы біздің буын мен қазіргі жастар қоғамға ашық. Әлеуметтік желілерде белсенді, өз оқырмандарына айтары бар саналы қоғам қалыптасып келеді. Біздің ашық болуымызға ешқандай шектеу жоқ. Дегенмен еркіндік пен ессіздікті шатастырып алмаған жөн. Кейбір адамдар біреудің жеке басына тиісіп, абыройына нұқсан келтіруді «мен оны сынап жатырмын» деп ойлайды. Бұл дұрыс үрдіс емес. Бүгінгі күні ең оңай іс – өзгенің жасағанын жоққа шығарып, жаппай сынау. Ал сол іске өзі араласып, нақты істің қасынан табылу, өзіндік идеяны ұсыну кез-келгеннің қолынан келе бермейді. Сондықтан ашық болсақ та, ел алдындағы жауапкершілікті ұмытпайық. 

 

ЖАСТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕ ЗИЯЛЫ ҚАУЫМ ӨЗ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРА АЛМАДЫ

Бүгінгі қоғам өркениеттен қалмай, дамып келеді. Жастарымыздың көзі ашық, көкірегі ояу, білімді, саналы, заманауи технологияларды меңгерген, әлеммен байланысы бар. Тек қана аға буын тарапынан жастарды тәрбиелеуде бір жерден ағаттық кетті. Бүгінгі ұрпақта патриоттық сезім аз. Әрине оған оларды кінәлай алмаймыз. Елін сүйетін, халқын құрметтейтін жастарды тәрбиелеуде зиялы қауым өкілдері де өз қызметтерін дұрыс атқара алмады. «Ештен кеш жақсы» демекші, болашақ мемлекет азаматтарын тәрбиелеуде ұлттық идеяны қолға алатын кез жетті.

 

 

«МЕН-МЕН» ДЕМЕЙ, БІЗ БОЛЫП ҚАРЕКЕТ ЖАСАЛЫҚ 

Өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдасақ, қазірден бастап бұқаралық ақпарат көздеріне көңіл бөліп, қазақтілді контентті дамытуымыз тиіс. Балаларға арналған танымдық, тәрбиелік мәні бар бағдарламалар жасап, ғаламторға шығатын дүниелерді сұрыптап отыруымыз қажет-ақ. Мысалы, Америкада YouTube Kids деген бар. Ересектерге арналған мәліметті бала қарай алмайды. Біздің елде де осындай мәселені қолға алуымыз керек. Ұлттық анимацияны дамытып, өз кейіпкерлерімізді насихаттауды күшейтуіміз қажет. «Мен-мен» демей, біз болуға қарекет жасалық. Сонда ғана қоғам түзеліп, көзқарасымыз дұрысталып, елін сүйер ұлтқа қызмет ететін ұрпақ тәрбиелей аламыз.

 

БІЗГЕ ҚОҒАМДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК

Бізге мәдениет жетіспей жатыр. Мысалы, демалыс орындары, ескерткіштер, гүлзарлар, субұрқақтар тәрізді дүниелер халықтың игілігі үшін жасалады. Біреу келеді де осының бәрін жұлып, сындырып, ойына келгенін істеп кетеді. Бұл халықтың қазынасынан жұмсалған қаражат екенін ескермейді де… Сондықтан да бізге қоғамдық мәдениет қалыптастыру керек. Мысалы, көшеге қоқыс лақтырып, қақырып-түкіріп жүретіндер болады. Әрине бүгінде ондай әдепсіз қылықтарға айыппұл қарастырылған. Бірақ дегенмен осындай тәртіп бұзушыларды қоғам болып тәрбиелесек, мемлекетіміз өсіп-өркендері сөзсіз. Қай-қайсымыз болсын мемлекеттің дүниесіндей бөліп-жармай, өзіміздің ұрпағымыз үшін қызмет етеді деп патриоттық көзқарас танытуымыз тиіс.

 

 ХАЛЫҚҚА СЕНІҢ ӘКІМ БОЛҒАНЫҢ ЕМЕС, МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМ ТАПҚАНЫ КЕРЕК

Неге көп шенеуніктер халыққа ашық емес? Неге халықтан қорқады? Қарапайым халық үшін әкім не, мәслихат не, партия не, парламент не, президент не бәрібір. Оларға өздерін толғандырған мәселенің шешімі ғана керек. Бірақ, билік өкілдерінің өз деңгейі, өз жауаптылығы, өз құзыреттілігі және құқықтығы болады. Халық оны білмейді. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің алдына келген кезде дәрежесіне қарамастан өз талабын қойып, «Сен чиновниксің. Сен істеуің керек. Міндеттісің. Болды» деп айғайға басады.


ӨЗ ҚЫЗМЕТІН ТӨМЕННЕН БАСТАМАҒАН ШЕНДІЛЕР ХАЛЫҚТАН АЛЫС БОЛАДЫ

Сол кезде кейбір мемлекеттік қызметкер тіпті нақты қандай істі шеше алатынын да айта алмайтын жағдайлар кездеседі. Себебі, ол өзі атқарып отырған қызметті басынан бастамаған. Мемлекеттік жүйенің реттілігін түсінбейді. Бұған дейін халықпен тығыз жұмыс істемеген. Халықпен кездескенде бойында комплекс туады. Өз ойын жеткізе алмайды, қобалжып қалады. Психологиялық тұрғыдан ауырлықты сезінеді, сондықтан келесі жолы халықпен кездесуден қашады. Ал халық оның бұл әрекетін түсінбей, билікке деген наразылығы күшейеді. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, бір шендінің әрекеті бүкіл билікке топырақ шашумен тең.

 

ОТБАСЫНДА ТӘРБИЕ АЛҒАН БАЛА ЕРТЕҢ ЕЛІНЕ ЖАНЫ АШИТЫН АЗАМАТ БОЛЫП ШЫҒАДЫ

Бүгінгі көп шенеуніктер өз қызметін төменнен бастамаған. Өзіміз еңбек жолымызды аудан әкімдігінде бас маман болып бастағанбыз. Мемлекеттік қызметте істеп жүргеніме 20 жылдан асты. Талай қиыншылық бастан өтті. Отанға қызмет ету сондай-ақ отбасында алған тәрбиеге де байланысты. Егер ата-анасы баласына өнегелі тәрбие беріп, адами қасиеттерге баулыса, қоғамдық жұмыстарға араластырып, жан-жақты қолдау білдірсе, мұндай баладан еліне жаны ашитын, айналасына қамқор бола алатын азамат өсіп шығады. Дәл осындай жас қабілет иесі ертең мемлекеттік қызметке барса, қоғамға ашық болып, халыққа жақын болады.

 

БАЛА ӨЗІМЕН-ӨЗІ ӨСІП ЖАТЫР, АТА-АНАЛАРДЫҢ БАЛА ТӘРБИЕЛЕУГЕ УАҚЫТЫ ЖОҚ

«Отан отбасыдан басталады» демекші, баланың тәрбиесі күн тәртібіндегі өте өзекті мәселе. Бүгінде ата-аналардың бала тәрбиелеуге уақыты жоқ. Күйбең тіршіліктің қамымен күнұзын жұмыста. Бала өзімен-өзі өсіп жатыр. Жаманға да, жақсыға да әлеуметтік желі үйретіп жатыр. Бұл дұрыс нәрсе емес. Келесі үш қағиданы берік ұстануымыз керек. 1. Патриоттық – әр азамат Отанын шексіз сүюі керек. 2. Отбасы – болашақ қоғамды тәрбиелейді. 3. Тәртіп бар жерде жауапкершілік бар. Осы үш қағиданы ұмытпай, күнделікті ұстанымымызға айналдырсақ, ертеңімізге уайымдамауымызға болады.

 

«АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА, БАЙДЫҢ БАЛАСЫ СӨЙЛЕСІН» ДЕГЕН ӘҢГІМЕ БОЛМАУЫ КЕРЕК

Билік әділетті қоғам құруы үшін халықты алаламай, «бай-кедейге», «білімді-білімсізге» бөлмей, таныс-тамыр дегеннен өзін аулақ ұстап, баршаға бірдей әділетті қарауы тиіс. Халықтың мұң-мұқтажына бейжай қарамай, сұранысына қашан да құлақ асуымыз керек. Барлық адамды бірдей қабылдап, әділ шешім шығаруымыз қажет. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген әңгіме болмауы керек. Теңдік жүйесі қалыптасып, әділеттілікті іс жүзінде орнатуға атсалысайық.

 

ЕГЕР БІЗ ҚАЖЕТТІ ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫН АШПАСАҚ, НЕСІНЕ ЖАСТАРДЫ БОСҚА ОҚЫТАМЫЗ? 

Біз бүгінде кез-келген болмайтын проблемамен күресіп жүрміз. Оның алдын-алу жағын ескермейміз. Мәселен, әлеуметтік салаға қатты мән беріп, қыруар қаржы бөлеміз. Алдымен жастарды жұмыспен қамтамасыз ете алмай, қаншама мың оқу гранттарын береміз. Кейін ЖОО-ын бітірген жастар өз мамандығымен жұмыс таба алмай, сандалып жүреді. Егер біз қажетті жұмыс орындарын ашпасақ, несіне оларды босқа оқытамыз? Ауруларды емдейміз деп қаншама ауруханалар саламыз. Ауырмау үшін не істеу керегін білмейміз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бұқаралық спортты жолға қойып, спорт кешендерін көптеп салған жөн.

 

ҚАЗІРГІ ЖАСТАР ҮШІН МАТЕРИАЛДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ АЛҒА ШЫҚҚАН

Біздің заманымыздың жастары мен бүгінгі заманның жастарының арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Осы тұрғыда мені уайымдататын бір жәйт бар. Қазіргі жастар үшін рухани құндылықтан гөрі материалдық құндылық бірінші орынға шыққан. Мысалы, біз кезінде «бір мамандық иесі болайыншы, ЖОО-на түсіп адам болайыншы деп»  армандаушы едік.

 

КЕЙБІР ЖАСТАРЫМЫЗ ОҚУЫН БІТІРЕ  САЛА «1,5 — 2 МЛН ЗАРПЛАТА БЕРІҢДЕР» ДЕЙДІ 

Ал қазіргі кейбір жастарымыз оқуын бітіре сала «Маған 1,5-2 млн зарлпата беріңдер. Осы мәселені жылдам шешіңдер. Маған байлық керек, дүние керек. Жеке кабинет беріңдер» деп бір көктен түскен профессорлар секілді талап қояды. Біздің кезімізде мұндай болған жоқ. Әрине бізде еліктеп өстік. Жастарға айтарым, Еуропа мен бізді салыстырмау керек. Біздің менталитетіміз екі түрлі. «Өзгенің қаңсығын бізге таңсық» етіп жастарымыздың бойына телудің қажеті жоқ. Жаманынан жиреніп, жақсысын ғана алуымыз керек.

 

ХАЙП ТҮСІРЕТІН БЛОГЕРЛЕРГЕ, ТИК-ТОК БАТЫРЛАРЫНА ЕЛІКТЕУДІ ҚОЮ КЕРЕК

Өз ұлтыңның да ішінде өнеге тұтып, үлгі боларлықтай тұлғалар барын естен шығармаған абзал. Көп жастар хайп түсіретін блогерлерге, тик-ток батырларына еліктеуде. Соған қанша уақытын жұмсап, жастық шағын текке кетіріп жатыр. Қарапайым өмірде де адал еңбегімен ерлік жасап жүрген қаншама тұлғаларымыз бар. Жастарымызға неге соларды үлгі тұтып, өнегелі істерін қайталамасқа?

 

 

ХАЛЫҚТЫ НАДАНДЫҚТАН ҚҰТҚАРЫП, ДАНАЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙТІН ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРИЯЛАР АЗ 

Рухани құндылықтың барлығынан да маңызды екенін жастарымызға түсіндіру керек. 30 жыл бойы біз бұл мәселеге көңіл бөлмегеніміз рас. Енді қолға алатын заман келді. Қазір халықты надандықтан құтқарып, даналыққа жетелейтін қазыналы қарияларымыз азайып кеткені қынжылтады. Сондықтан да бүгінгі қоғам үшін «байлыққа ұмтылу, мықты особнякта тұру, керемет шетелдік джип міну, жыл сайын шетелге барып келу, соны тик-токқа шығару» басымдылыққа ие болып тұр.

 

САЛИҚАЛЫ ЖАСҚА КЕЛГЕН АТА-ӘЖЕЛЕРІМІЗ ҚАРТТЫҚТЫ МОЙЫНДАМАЙ, ӘЛІ ДЕ ЖАС КӨРІНГІСІ КЕЛЕДІ 

Біздің құндылықтарымыздың орны ауысып кеткен. Ұлтымыздың ұлағатты тәрбиесі, салт-дәстүрі, рухани құндылықтары ұмыт болды. Салиқалы жасқа келген аталарымыз бен әжелеріміз қарттықты мойындамай, әлі де жас көрінгісі келіп жүр. Аузында аталы сөзі жоқ ақсақалдар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге бола алмай жүр. «Өздерін туып алған балаларыңды өздерін қараңдар, біз үшін туған жоқсыңдар» деп немерелерін баққысы келмейтін заманауи сәнқой әжелеріміз де бар.

 

ХАЛЫҚҚА ПАЙДАСЫ ЖОҚ ҚАНШАМА МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАҒА ҚЫРУАР ҚАРЖЫ КЕТТІ 

Осыған дейін елімізде әр түрлі деңгейдегі түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданды. Қаншама қаражат бөлінді. Бірақ соның нәтижесі қайда? Халыққа оның қандай пайдасы тиді? Осы бағдарламаларды жасаған кезде «халыққа бұл шынымен қажет пе» деп ешкім ешқандай талдау жүргізбей, өз беттерімен шешім шығарып, халықтың қанша қаражаты босқа желге ұшты. «Жаңа Қазақстанда» осындай есеп үшін жасалған дүниелерді қойып, шын мәнінде қоғамға қажет, халыққа қызмет ететін жобаларды қолға алу керекпіз.

 

ТАҢЕРТЕННЕН КЕШКЕ ДЕЙІН «АНАУ ЖОҚ, МЫНАУ ЖОҚ» ДЕЙТІН МАСЫЛДАР КӨБЕЙДІ

Мысалы, бүгінде «алма піс, аузыма түс» деген масылдық принцип белең алып жатқаны өкінішті. Тіпті кейбір ауылдардың өзінде нан салып, сиыр саумайтын адамдар бар. Сонда мен олардан сұраймын… «Егер нан салмасаң, сиыр саумасаң, мал ұстамасаң, ауылда не үшін тұрып жатсың?» Бізде ауылда өстік, ата-анамыз мал ұстады. Ауыл үшін бұл қалыпты нәрсе болатын. Қазір көбі жұмыс істегісі келмейді, шөп шапқысы келмейді… Тек таңертеннен кешке дейін «анау жоқ, мынау жоқ» деп сылтау айтады. Тіпті зейнеттегі ата-анасының зейнетақысымен күн көретіндер де бар. Бұл жалқаулық немесе масылдық емей немене?!

 

БҮГІНГІ ҚОҒАМҒА АДАЛ ЕҢБЕКТІ ДӘРІПТЕП, ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫ ЕҢБЕККЕ БАУЛЫҒАНЫМЫЗ ЖӨН 

Қаламыздың жұмыспен қамту орталығында 9800 жұмыс орны бос тұр. Ең төменгі жалақы — 150 мыңнан басталады. Маған жұмыс сұрап келгендерден сонда бар десем, барғысы жоқ. «150-200 мың жалақы маған аз. 1-2 миллион керек» дейді. Күні кеше ғана оқу бітірген, тәжірибесі жоқ жас маман әр нәрсенің шегі, өзінің уақыты болатынына ойлануы керек қой… Оны ең әуелі қоғам тануы керек, халық қабылдауы керек. Қызмет дегеніміз бұл лоторея билеті емес қой. Бүгінгі қоғамға адал еңбекті дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекке баулығанымыз жөн.

 

БАТЫСҚА ЕЛІКТЕУДІ ҚОЙЫП, ӨЗІМІЗДІҢ АНА-ТІЛІМІЗДІ, САЛТ-ДӘСТҮРІМІЗДІ ҚҰРМЕТТЕЙІК

Өткенді білмесек, болашақ жоқ. Кез-келген адам төл тарихын, ұлттық құндылығын, рухани мәдениетін білуі абзал.  Ана тілін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын құрметтегені жөн. Бірақ бүгін батысқа еліктеушілік басым. Еуропаға қараңызшы… Не болып жатыр? Қандай идеология бар? Не байсың, не кедейсің. Кедей болсаң, ешкімге керегің жоқ. Өмір бойы құл болып өмір сүресің. Батыстағы салынатын салықтың қымбат екенін кім айтып жатыр? Ең сорақысы, еркекпен еркек үйленіп, жыныстарын ауыстыруда.

 

ЕЛІМІЗДЕ ОТБАСЫ ЖӘНЕ ҰРПАҚ МӘСЕЛЕСІМЕН АЙНАЛЫСАТЫН БАҚЫТ МИНИСТРЛІГІН ҚҰРУ КЕРЕК 

Осындай біздің менталитетке жат нәрселер қоғамға кіріп, жастарымыздың санасын улап үлгерді. Миссионерлер сенгіш, аңғал жастарымызды «жағдайыңды реттейміз, өміріңді жақсартамыз» деп алдап-арбап, өз мақсаттарына пайдаланып, адастыруда. Осындайдың алдын-алу үшін өскелең ұрпақтың тәрбиесін кеш болмай тұрып қолға алуымыз тиіс. Мәселен, Араб елдерінде отбасы және ұрпақ мәселесімен айналысатын Бақыт министрлігі бар. Неге біздің елде де осындай құзыретті орган құрмасқа?

 

БІЗДЕ БІР-БІРІНІҢ ФУНКЦИЯСЫН ҚАЙТАЛАЙТЫН ҚАЖЕТ ЕМЕС ҚҰРЫЛЫМДАР КӨП

Бізде бір-бірінің функциясын қайталайтын қажет емес құрылымдар көп. Мәселен, Қарттар үйі, Ана мен бала, Дағдарыс үйі тәрізді орталықтарды неғұрлым көп ашсақ, соғұрлым адамдар соған тәуелді болады деп ойлаймын. Өйткені, бәрі дайын. Ешнәрсені ойлап, бас қатырмайды. Ана жаққа барып тамақ алады, мына жақтан киім алады… Сосын ол өзінің болашағына жұмыс істемейді. Солай қалып қояды. Біз мұндай масылдықтан арылуымыз керек.

 

ӨЗ ҰСТАНЫМЫ, ИДЕЯСЫ БАР ЖАСТАРДЫ ТОПТАСТЫРАТЫН «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫН» АШУ ОЙЫМДА БАР

Жастармен көп кездесемін. Сонда оларға үнемі «оқыңдар, тар шеңберден шығып, кеңірек ойлаңдар. Ізденген адамға барлық мүмкіндік бар» деймін. Қаламызда «Жаңа Қазақстанға» қажет өз ұстанымы, идеясы бар, жеке тұлға ретінде қалыптасқан жастарды топтастырған жаңа форматтағы «Жастар ресурстық орталығын» ашу ойымда бар. Бұл жастарды жан-жақты дамытатын әрі рухтандырып, шабыттандыратын бүкіл жағдайы жасалған үлкен заманауи жастар қалашығы болуы тиіс. Оның ішінде жастарымызға спорт кешені, кітапхана, медиастудия, театр, музей, коворкинг, түрлі үйірмелер әрі білімін жетілдіретін курстар барлығы тегін қызмет атқарса, жас қабілет иелеріне үлкен қолдау болар еді.

 

БАЛАНЫҢ АРМАНЫНА КӨҢІЛ БӨЛМЕЙ, ДИПЛОМ АЛСАҢ БОЛДЫ ДЕЙТІН АТА-АНАЛАР БАР

«Жастар оқысын, заманнан қалмасын» деп жыл сайын оқу гранттарын бөлеміз. Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына 80 мыңға жуық өтінім түсті… Мысалы, ауылдың балалары қалаға оқуға түсуге келіп, таңдаған мамандығына балл жетпей қалады. Ауылға қайтқысы келмейді. Әке-шешесінің қабағына қарайды. Олар «Балам, міндетті түрде жоғарғы білім алу керек» деп баланың ынтасына, мақсатына, арманына көңіл бөлмейді. «Тек диплом алсаң болды» дейді. Сосын бала өзі армандамаған мамандыққа грантқа түседі. Амалсыздан төрт жыл оқып, үкіметтің қыруар қаражатын ақтамай, мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл да масылдықтың бір түрі.

 

ЕҢБЕК НАРЫҒЫНА ҚАЖЕТ МАМАНДЫҚТАРДЫ АНЫҚТАП, ТАЛДАУ ЖҮРГІЗБЕЙМІЗ 

Осыншама гранттарды бөлгенше оқуға түсу талабын күшейту керек. Сонда білімді, білікті кадрлар дайындай аламыз. Біз еңбек нарығына қажет мамандықтарды анықтап, талдау жүргізбейміз. Сәйкесінше сұранысқа ие мамандық иелерін даярлай алмай отырмыз. Топырлатып кім-көрінгенге грант бере бергенді доғарайық. Кіл мықтылары білім додасынан өтіп, «Мың баланың ішінен грант алғанмын» деп сол мамандықтың адал иесі болады. Сол кезде білімнің сапасы дұрысталып, өз ісін білетін нақты маман иелері шығады.

 

«ҰЛТ» ДЕГЕН СӨЗДЕН ҚАШЫП, ҰЛТШЫЛ БОЛУДАН ҚОРҚАТЫН АЗАМАТТАР БАР

Біздің кейбір азаматтар «ұлт» деген сөздің өзінен қашып, ұлтшыл болудан қорқады. Неге ұлтшыл болмасқа? Ұлтшыл болуымыз керек! Өз ұлтын сүйген адам ең бақытты адам деп ойлаймын. Өзіңнің ұлттық болмысыңды, ұлттық құндылығыңды дәріптеуге кім қарсы? Бәрі өзімізге байланысты. Кім бізге ұлттық киіміңді киме деп жатыр? Өзімізді де, өзгені де өзгертуіміз үшін әр адам алдымен өзінің ниеті мен пейілін дұрыстауы керек. Мәселен, төрт қазақ отырып, арамызға өзге этнос өкілі келсе, «анаудан ұят болады» деп бәріміз орысша сайрап кетеміз. Сонда ешқайсымыз «ол 30 жыл бойы Қазақ елінде тұрып, мемлекеттік тілді білмегені үшін неге ұялмайды» деп айтпаймыз.

 

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУ ОРТАЛЫҚТАРЫН ЖАППАЙ АШУЫМЫЗ КЕРЕК 

Ең сорақысы, сол өзге этнос өкілі де «Мен қазақты сыйлайыншы, кезінде ата-бабамды құшағын жайып қарсы алып, бауырына басып, ас-суымен бөлісіп, паналатты ғой. Осы жердің топырағын басып, өстім. Білім алдым, қызмет етіп жатырмын ғой» деп тіпті қазақша амандасуға жарамайды. Өйткені, бізде ұлттық идеология жоқ. Ол үшін Ұлттық тәрбие беру орталықтарын жаппай ашуымыз керек. Мысалы, өзім былтыр қолдаған «Қара шаңырақ ұлттық тәрбие беру мектебі» деген пилоттық жоба бүгінде жолға қойылып, нәтижелі жұмысын көрсете білді. Аталмыш жоба аясында ұлтымыздың ұлттық құндылықтары ұлықталып, ұмыт болған салт-дәстүрлеріміз көрсетіліп, дәріптелуде.

 

ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗІНЕ ТӘН ҰЛТТЫҚ БОЛМЫСЫН ҚАЙТАРЫП, ӨЗГЕЛЕРГЕ ҮЛГІ БОЛАЙЫҚ 

Алдағы уақытта мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсетіп, Ұлттық тәрбие беру орталықтарын дамытсақ, жоғалтқанымызды түгендеп, жаншылған ұлттық рухымызды тірілтіп, өткеніміз бен өшкенімізді қайта жағып, қазақтың өзіне тән ұлттық болмысын қайтарамыз. Сонда ғана киелі қазақ жеріне тағдырдың айдауымен келген халықтарға құшағын жайып, соңғы нанын бөліп берген қонақжай, мейірбан, дархан мінезді қазақ халқын елімізде тұрып жатқан түрлі этнос өкілдері жаңа қырынан танып, ұлт тарихына, тіліне, діліне, мәдениетіне құрметпен қарап, өздеріне үлгі-өнеге алады…

 

Әңгімелескен Зарина ӘШІРБЕК,

politico.kz

adyrna.kz


ПІКІР ЖАЗУ