«Алтын түлек» жеңімпаздары университет гранттарын алды

0
62

2023 жылдың 11 наурызында 10-11 сынып оқушыларына арналған «V Алтын түлек» олимпиадасының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Олимпиадада республикамыздың 14 өңірінен 1875 оқушы бақ сынасты. Оның ішінде 908 бала 10 сынып оқушылары, 967 бала 11 сынып оқушылары.

«V Алтын түлек» республикалық олимпиадасы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Дарын Республикалық Ғылыми-Практикалық Орталығының қолдауымен өңірлердегі жоғары оқу орындарының базасында өткізілді.

Жоғары оқу орындары педагогикалық, техникалық мамандықтарға грант (57 грант) бөлу арқылы «Алтын түлек» олимпиадасының мәртебесін асқақтатты. Сонымен қатар 2 шетел гранты табысталды.

Республика бойынша ең жоғары ұпайды иеленген Астана қаласындағы А. Байтұрсынұлы ат. BINOM мектебінің 11 сынып оқушысы  Жанахметов Ансарға CYPRUS SCIENCE UNIVERSITY гранты және Түркістан облысы Кентау қаласы Дарын мектебінің 11 сынып оқушысы Камилханов Абдусаматқа Istanbul Aydin Univercity гранты табысталды.

Сонымен қатар республика бойынша Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің грантын Астана қаласындағы №93 мектеп лицейінің 11 сынып оқушысы Байжұма Айбек иеленсе, Алматы қаласындағы №173 мектеп-лицейінің 11 сынып оқушысы Айдабай Айғанымға Suleyman Demirel University (СДУ) гранты бұйырды.

Қазақстан-Британдық техникалық университетінің (КБТУ) грантын Ақтөбе қаласындағы «Білім» мектебінің 11 сынып оқушысы Сламғалиев Еркін қанжығасына байлады.

Марапаттарды табыстау рәсіміне жоғары оқу орындарының басшылары мен аймақтық «Дарын» орталықтарының директорлары қатысты.

Олимпиада қатысушыларына университет тарапынан кәсіптік бағдар жұмыстары да жүргізіліп, ауқымды ақпараттар берілді.


ПІКІР ЖАЗУ