«Ақтабан шұбырындының» 300 жылдығы. Трагедияны елемеудің екі себебі

0
121

Биыл қазақ халқының басындағы ең ауыр трагедия «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасына 300 жыл толып отыр. Бұл мәселеге жекелеген адамдар назар аударғанымен, жоғары билік тарапынан қозғалыс жоқ секілді. Ал сарапшылар, мәселеге әртүрлі баға бергенімен, оны елемеудің екі себебін айтты.

2015 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қазақ хандығының 550 жылдығы мемлекеттік деңгейде аталып өткен. Содан алдын, 2014 жылдың күзінде Ресей президенті Владимир Путин Назарбаев туралы «Ол ерекше нәрсе жасады. Ол ешқашан мемлекет болмаған аумақта мемлекет құрды. Қазақтарда ешқашан мемлекеттік болмаған» деген еді. Сарапшылар Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуге Путиннің осы пікірі себеп болды деп есептейді.

Кейін 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жошы ұлысының 750 жылдығын атап өтуді ұсынған. Сол жылы үкіметтің ұйытқы болуымен іс-шаралар атқарылған. Президент 1921-22, 1931-32 жылдарғы ашаршылықты зерттеуге басымдық берген, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау туралы комиссия да құрған.

ҮКІМЕТ «ӨТКЕЛДЕ АТ АУЫСТЫРА МА?»

Биылғы көктемде 300 жыл толып отырған «Ақтабан шұбырынды» трагедиясы туралы әзірге биік мінбелерден айтылмады. Егер билік бұл тақырыпты назарға алған болса, ертерек қимылдап, тиісті қаулы-қарар  қабылданып үлгерген болар еді. Бұл күндері соған орай шаралар атқарылып жатса керек еді. Алайда өкінішке орай, оның нышаны байқалмайды.

Ал әлеуметтік желідегі пікірлер немесе, депутаттық сауалдар арқылы ғана осы мәселеге құлақ асатын болса, ендігі кеш сияқты. Әдетте, «өткелде ат ауыстырмайды». Сондықтан да қанша ауыр трагедия болғанына қарамастан, Қазақстан ресми түрде бұл датаны атап өтпейтін сияқты.

1723 жылдың көктемінде қалмақтар қазақ жеріне шабуылдап, тарихта «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» қасіреті аталған оқиға өріс алады. Қазақтар Арқа жерінен ауып, Сырдың бойын сағалайды. Қырылған есепсіз мал-жан, тұтқынға түскендер, жұт пен жаугершілік, екі арадағы аяусыз атыс-шабыстың аяғы кейін қазақтардың жеңісімен аяқталады. Қытай мен Ресей ортасында қалған елге тағдыр Абылайхан тәрізді тұлғаны сыйлайды. Кейінгі батырлардың тарих көшіне тіркелетіні осы дәуір. Алайда қазақтардың Ресей бодандығына өтуіне себеп болған да осы «Ақтабан шұбырынды» оқиғасы болатын. Жоңғарлар жеңілгеннен кейін арада бір ғасыр өткенде қазақтар Ресей бодандығына толықтай дерлік өтеді.

Әйгілі «Елім-ай» әні сол бір қасіретті күндердің куәсі іспетті бүгінге жетті. «Ақтабан» апатынан кейін Қазақстанның қазіргі территориясы нақтыланып, қоныстанудың жаңа үлгісі қалыптасты. Сол үрдістің негізгісі әлі күнге сақталып отыр.

Патшалық Ресейдің империялық пиғылын жеделдеткен «Ақтабан шұбырынды» алапатының 300 жылдығы неге атаусыз қалды, сарапшылар не дейді?

«БИЛІК ҚЫТАЙ МЕН РЕСЕЙДЕН ҚАЙМЫҒАДЫ»

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидың айтуынша, билік ашаршылық пен «Ақтабан шұбырынды» секілді тарихи оқиғаларды тым қатты көтеруді жөн көрмейді. Мұның себебін саясаттанушы көршінің әрекетін әшкерелеп алудан сақтану деп түсіндіреді.

«Менің ойымша, мұндайтарихи датаны атап өтпеудің негізгі себебі көрші мемлекеттерге байланысты. Ресей мен қытай секілді үлкен державалардың ортасында отырмыз. Егер «Ақтабан шұбырындының» 300 жылдығын атап өтетін болсақ, көршілерге қатысты мәселені жасырмай, ашық айтуға тура келеді. Біздің билікте көршілермен ара-қатынасымызды бұзып аламыз ба?» деген қорқыныш бар. Яғни, «Ақтабан шұбырындының» астарында халықаралық контекст бар. Екіншіден, ұлттық мобилизация мәселесі тұр. Ұлттың ішкі сана-сезімі мен өзін-өзі сақтау механизмі бар. Ал біздің билік халықтың ұлттық санасын оятқысы келмейтін сияқты. Оларда «өткен тарихқа несіне мән береміз?» деген түсінік бар. Шын мәнісінде тарихтан дұрыс сабақ алмаған халық сол нәрсеге тағы да ұрынады»,- дейді саясаттанушы.

ӨЗГЕШЕ АТАП ӨТУ

Белгілі  тарихшы Берекет Кәрібаев мұндай пікірмен келіспейді. Нақтырақ айтсақ, ол 300 жылдық тарихи дата мемлекеттік, тіпті халықаралық деңгейде аталып өтілетінін айтты.

«Биыл қазақ тарихындағы ең ауыр оқиғаның басталғанына 300 жыл толып отыр. Үкімет жыл сайын алдын ала қай тарихи даталарға мән беру керек екенін жоспарлайды. Үкімет «Ақтабан шұбырындының» 300 жылдығын міндетті түрде атап өтетін датаға енгізген. Мысалы, ғылым және жоғары білім министрлігі өзінің құрамындағы барлық жоғары оқу орындарына тапсырма берді. Нақтырақ айтсам, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Алғашында универсиет көлемінде атап өту жоспарланғанымен кейіннен оны мемлекеттік, тіпті халықаралық деңгейде атап өту мәселесі көтерілді. Қазір министрлік «Ақтабан шұбырынды оқиғалары: Себептері. Салдары және Сабақтары» деген тақырыпта халықаралық конференция ұйымдастырып жатыр. Оған Түркия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстанның ХVІІІ ғасырды зертеуші ғалымдары қатысады. Сондай-ақ «Ақтабан шұбырынды» оқиғасының халыққа қаншалықты зобалаң әкелгенін театрландырылған көрініс арқылы көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл іс-шара маусым, қыркүйек немесе қазан айында атап өтуі мүмкін. Менің ойымша, жоғары жақтан яғни, Президент әкімшілігінен бұл оқиғаның маңызын түсініп, арнайы адамдары қатысатын шығар», – деді тарихшы.

Берекет Кәрібаев 1993 жылы Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтілгенін де еске салды.  

«ГЕОСАЯСИ СТРАТЕГИЯ»

Өз мамандығы тарихшы, мәжіліс депутаты Ерлан Саиров «бұл мәселеде қандай да бір саяси астар іздеудің қажеті жоқ» деген пікірде. Әйтсе де депутат «Ақтабан шұбырындының» артында Ресей мен Қытай және Жоңғарияның жер үшін таласы болғанын жоққа шығармайды.

«Қазақ халқы сол кездегі геосаяси жағдайдан шет қалмады. Ресей мен Цин империясы, Қазақ хандығы мен жоңғар тарапы, жалпы Орталық Азия елдері арасында жер үшін өте үлкен күрес болды. Бірақ осы күрделі кезеңде Қазақ хандығы өзінің геосаяси стратегиясын тиімді пайдаланып, қазақ халқын алапат қырғыннан аман сақтап қалды», – деді ол.

Депутаттың айтуынша, 300 жылдық тарихи датаны өткеннен сабақ алатындай деңгейде атап өту керек.

«Ақтабан шұбырынды оқиғасы» – қазақ тарихындағы ең бір драмалық, трагедиялық тарихи тізбек. «Ақтабан шұбырындының» бірнеше ғасырға созылып, халыққа орасан зор қайғы әкелгенін ұмытпауымыз керек. Үкімет «Ақтабан шұбырындының» 300 жылдығына байланысты жоспар жасап, тарихи танымдық іс-шаралар ұйымдастыруы қажет. Мысалы, ғылыми конференциядан бастап, деректі және көркем фильм түсірілсе, тамаша болар еді. Екіншіден, «Ақтабан шұбырындыға» байланысты тарихи орындар, мысалы тарихи тастар болуы мүмкін. Осындай тарихи орындарға барып, тағзым жасау керек деп есептеймін. Егер біз «Ақтабан шұбырындыдан» аман-есен шықпағанда тоз-тозымыз шығып кетер еді. Ұлттық субъекті ретінде аман қалу, қалмауымыз күрделі болар еді»,-дейді депутат Ерлан Саиров.

Серік Жолдасбай

Aydrna.kz

Politico.kz


ПІКІР ЖАЗУ