Маңғыстауда 100 мұғалім көшбасшылық дағдысын қалыптастырды

0
33

Маңғыстау облысында «Жас маман» жобасы іске асып жатыр. Жоба аясында өңірдің түкпір-түкпірінен жиналған 100 жас маман көшбасшылық дағдыларын қалыптастырып, конкурстық жоба жазуды, ораторлық шеберлікті меңгерді.

Жас мұғалімдерді оқытуға Болашақ халықаралық бағдарламалар орталығының стипендиаты, PhD докторант, педагог-тренер Саят Ибраимов келді. Оның айтуынша, соңғы уақытта елде педагогтардың дәрежесін көтеру мәселесі жиі қозғалды. Осы орайда педагогтың үш ортасы, атап айтқанда, баламен, ата-анамен жұмыс істеуі және әріптестерінің ортасында өзін ұстауына көңіл бөлінді. Сондықтан оқыту барысында педегог-тренер «Көшбасшы имиджі» тақырыбын жан жақты түсіндіріп, мұғалімдерге теориялық білім беріп, практикалық тапсырмалар орындалды.

«Бұған дейінгі педагогика баланы жетектеу болса, бүгінгі күні баламен бірге даму керек. Бала мектепте бақытты болуы, яғни қарым-қатынасты, еңбектенуді, үйренуді үйрену, дағды қалыптастыруы маңызды. Біз бұрын тек өз пәнімізді ғана білетін болсақ, ХХІ ғасырда дағды игеруді, АКТ, медиа дағдыларын меңгеріп, күнделікті дамуы қажет», — деді Саят Ибраимов.

Сондай-ақ оқыту барысында мұғалімдер «Samga Academy» тұлғалық даму орталығының директоры, сертификатталған коуч ICU, бизнес-тренер Бибігүл Шайхиеваның
«Грант. Конкурс. Жоба» тақырыбындағы оқытуына қатысты.

Үш күндік оқыту барысында жас мамандар идея табу және сол идеяны іске асыру мақсатында гранттық конкурсқа жоба жазудың тиімді жолдарын меңгерді. Сонымен қатар топтық жұмыстың маңыздылығын түсініп, қазіргі заман тенденцияларымен танысты.

«Оқыту жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алғашқы күні оқушылармен жұмыс істеуде, оларды тыңдатуда ескерілетін қағидалармен таныстық. Ал екінші күні гранттар жайлы толығырақ ақпарат алып, соның аясында қоғамның оң өзгерісіне ықпал ете алатынымызды түсіндік. Өзім биылдан бастап ұстаз ретінде еңбек жолымды бастадым. Сондықтан осы оқытудың арқасында көптеген тәжірибе алдым. Алдағы уақытта нәтижесін көремін деген ойдамын», — дейді Маңғыстау ауданы Тобанияз мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Назира Амангелдіқызы.

Ал оқытудың үшінші күні қатысушылар ораторлық шеберлік бойынша білімін шыңдады.

— Ораторлық шеберлікті меңгеру мұғалім үшін өте маңызды. Себебі оқушының назарын білімге аудару үшін, көпшілік алдында еркін сөйлеп, ойын нақтылауға сөзбен қатар дауыстың ырғағы, тембрі, интонация мен екпінді дұрыс қоюы керек, — дейді Н.Жантөрин атындағы музыкалық- драма театрының режиссері, «JasART» жастар тератырының директоры, ораторлық, актерлік курсының тәлімгері Әлия Исаева.

Айта кетейік, оқыту «Жас маман» жобасы аясында өткізіліп жатыр. Жобаны «Жеті жұрт» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облысының білім басқармасының тапсырысы негізінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ бірлесе ұйымдастыруда. Негізгі мақсаты – білікті педагог мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу, жас мамандарды басқарудың заманауи технологияларына оқыту.


ПІКІР ЖАЗУ