Сарапшылар Жетібайдағы ереуілге қатысты өз ойларын айтты

0
26

Жетібайдағы West Oil Software жұмысшылары 10 күннен бері ереуілдетіп  жатыр. Олар мұнай компанияларына тұрақты жұмысқа орналасқысы келеді. Ал West Oil Software компаниясында шамамен 530 жұмысшы еңбек етеді. Ал West Oil компаниясын  «ҚазМұнайГаздың»  мердігері Oil Transport corporation балансына алуды талап етіп отыр. Компанияның негізгі жұмыс бағыты – тасымалдау.

Мұнда жұмысшылар басшылыққа бірнеше талап қойып отыр:

  • Бірінші, жұмысшылар West Oil Software компаниясын «Қазмұнайгаз» компанияларының қатарына қосу;
  • Екінші, жұмысшылардың еңбекақысын «Қазмұнайгаз» компаниясының бірыңғай еңбек шарты бойынша төлеу;
  • Үшінші, техникаларды жаңарту мәселесі.

«Қазмұнайгаз» компаниясы алғашқы екі талапты орындау мүмкін еместігін айтады. Техникаларды жаңарту мәселесін компания кезең-кезеңімен реттеуге келісіп отыр. West Oil Software компаниясының жұмысшылары алатын жалақысы (шамамен 700 мың) «Oil Transport Corporation» компаниясының жұмысшыларының табысынан (шамамен 1 млн) төмен.

Energy Monitor қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, ереуіл саяси сипатқа ие және олардың талаптарын құқықтық тұрғыда орындау мүмкін емес.

 «Себебі, бір Маңғыстаудың өзінде «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзенмұнайгаз» компаниялары бар. Сонымен қатар өңірде мұнай саласына қызмет көрсететін оншақты компания бар. Жеке компаниялар жеткілікті. Егер осының барлығы бір мезетте «Қазмұнайгаз» компаниясының қатарына қосылуды сұраса, бұл мәселенің оңтайлы шешімі болмайды. Мұның салдарынан Маңғыстаудағы мұнай компаниялары банкротқа ұшырауы мүмкін. Мұнда ірі мұнай компанияларына көбіне саладағы шағын компаниялар қызмет көрсететінін түсіну керек. Бұл әлем елдеріне және бізге де тән қағида. Белгілі бір компанияларда жұмыс ауқымы төмендеген соң, жұмысшылар уақытымен  қызметтен босап жатады. Бұл қалыпты құбылыс. Еліміздегі басқа да ірі компанияларда мұндай өзгерістер болып жатыр. Тұрғындар осыны түсіну керек», – дейді ол.

West Oil Software мұнай компаниясының жұмысшылары жалақыны 700,000-нан 1,5 млн теңгеге арттыруды талап етіп отыр. Дегенмен, сарапшылар жетібайлықтардың бірыңғай төлем жүйесіне көшу туралы талабын заңсыз санайды.  Айтуынша, жекеменшік кәсіпорын басшылығы жалақы мәселелерімен айналысуы мүмкін. Алайда мемлекет дербес меншік иелерінің проблемаларын шешуге міндетті емес. Егер мемлекет араласатын болса, бұрынғы түйткілдер қайталанып,  басқа кәсіпорындар да сол кепті киіп,  заңсыздыққа жол береді.

Заңгер Серік Беркамаловтың пікірінше, компания жекеден мемлекетке көшу мүмкін емес. Бұл ретте сарапшы ереуілге шыққан жұмысшылар басқаларға, оның ішінде мұнайшылардың жағдайына бас қатырып отырған жоқтығын айтады. Қазіргі таңда елдегі орташа жалақы 400 мың теңге шамасында. Мұнайшылардың жалақысы бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп. Ал жетібайлықтардың жалақыны 2 миллион теңгеге дейін көтеру туралы талабы тек экономикалық және өндірістік бопсалау ғана.


ПІКІР ЖАЗУ