Ұлттық спорт қауымдастығы қаламгерлер арасында «Құлагер» әдеби байқауын жариялады

0
50

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық спорт қауымдастығы және Қазақстан Жазушылар Одағы бірлесе отырып қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық әдеби байқауын жариялады.

Байқаудың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттау және қаламгерлерге қолдау көрсету, оларды ұлттық спорт түрлері туралы жаңа туындыларды жазуға ынталандыру.

Осыған орай Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында өткен жиында әдеби байқау ресми түрде жарияланды. Кездесуге Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов, Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков, Смағұл ЕлубайБексұлтан Нұржекеев, Қаназ Молдахметсынды зиялы қауым өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Сонымен қатар, бүкіл әлемді таңқалдырып жүрген, қазақтан шыққан халықаралық дәрежедегі тұңғыш шабандоз Бауыржан Мырзабаев шараның құрметті қонағы болды.

Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасы Мереке Құлкенов көркем әдебиетте ұлттық мүддеге сай келетін туындылардың үлесін арттыру қажет екенін атап өтті.

«Өнердің ішіндегі ең бір қастерлісі – көркем әдебиет. Сондықтан шығармашылық зиялы қауым, жазушы қауым өкілдері үшін «Құлагер» әдеби байқауының маңызы зор. Өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуға бар күш-жігерімізді саламыз», — деді Мереке Құлкенов.

Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов республикалық әдеби байқаудың маңызына тоқталды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық идеология мен жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға бас назар аударғаны белгілі. Бұл ретте биыл өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында қаламгерлер арасында «Құлагер» республикалық байқауының жариялануы қуанышты жаңалық. Әрине, байқау атауы кездейсоқ таңдалмағаны белгілі. Өйткені Ілияс Жансүгіровтің «Құлагері» – ешқашан ескірмейтін, мәңгі жас поэзия. Қазақ әдебиетіне жаңа есімдер мен тың туындылар қосылып, ұлттық әдебиетімізді байыта түседі деген сенімдемін», — деді Исламбек Салжанов.

Сонымен қатар, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті «Қазақ әдебиеті» газеті ұжымын басылымның 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Айта кетейік, байқауға өтінім қабылдау 2024 жылғы 22 қаңтар мен 22 маусым аралығында өтеді.

Байқауға қатысатын жұмыстар ұлттық спорт түрлеріне арналуы шарт. Конкурстық шығармалар Ұлттық спорт қауымдастығы құрамына ресми түрде кіретін «Теңге Ілу», «Бәйге», «Жамбы ату», «Аударыспақ», «Көкпар», «Тоғызқұмалақ», «Құсбегілік», «Садақ ату», «Асық ату», «Жорық» спорт түрлерін басты тақырып етуі керек. Сонымен қатар, қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды.

Байқауда мынадай номинациялар болады:

1. Үздік поэзия

2. Үздік проза

3. Балаларға арналған үздік шығарма

4. Үздік комикс

5. Үздік драма

6. Үздік деректі проза

7.         Үздік фантастикалық/мифологиялық шығарма

Байқауға бұрын еш жерде жарияланбаған, тек қана осы жылғы қаңтар мен маусым аралығында жазылған жаңа шығармалар қабылданады.

Әр номинация бойынша үздік деп танылған туындының авторы жеңімпаз атанып, оған «Құлагер» байқауының авторлық мүсіншесі және Ұлттық спорт қауымдастығы 2 000 000 (екі миллион) теңге көлемінде қаржылай сыйақы беріледі.

Жеңімпаздар қазылар алқасының шешімімен анықталып, тамыз айында марапатталады.

Байқауға қатысуға өтінім беру үшін http://qulager.ultsport.kz/  сайтында сауалнаманы толтырып, шығарманы жүктеу қажет. Толық ақпаратты qulagerultsport@gmail.com электрондық поштасы арқылы ұйымдастыру комитетінен немесе көрсетілген байланыс телефондары арқылы білуге болады: +7 700 098 2025 (Жұлдыз Оразымбет), +7 701 516 5584 (Хадиша Ерсеитова).


ПІКІР ЖАЗУ