Олжас Бектеновтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері қаралды.

0
24

Премьер-Министр бюджет шығыстары толығымен экономикалық табыс әкелуге бағытталып, өнімсіз шығыстар толығымен жойылуы керектігін атап өтті.

«Қаржы министрлігі 10 күн ішінде республикалық бюджетке және бір ай ішінде жергілікті бюджеттердің барлығына ревизия жүргізіп, аса маңызы жоқ шығыстарды айтарлықтай қысқартуы тиіс. Ешкім де ақшаны орынсыз шашпауы керек», – деді Олжас Бектенов. 

Премьер-Министр Салық кодексінің жобасын қайта жазып, оның философиясын өзгерту қажеттігін атап өтті. Олжас Бектеновтың айтуынша, құжатты дайындау кезінде әкімшілендіруді толық цифрландырып, салық жеңілдіктерін беру мәселесін реттеу қажет. Бизнеске фискалдық шығындар мен әкімшілік жүктемелерден қорықпай, «өсу» қағидаты бойынша жұмыс істеу үшін тиімді жағдай жасау қажеттігін атап өткен  Үкімет басшысы өнеркәсіптік дамуға жаңа серпін беру үшін бірқатар нақты міндеттерді белгілеп, бірінші вице-премьер Роман Склярға 10 күн ішінде барлық ірі өнеркәсіп кәсіпорны иелерімен, бірінші кезекте өндіруші салалардағы кәсіпорындармен келіссөздер жүргізуді тапсырды.

Үкімет басшысы отандық өнеркәсіп саласындағы алпауыт кәсіп-  орындар қазақстандық тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуды түбегейлі арттыруы тиіс екенін атап өтті.

– Барлық сметалық құжаттарға қазақстандық құрылыс материалдары мен басқа да заттар енгізілуі тиіс. Сондай-ақ, сметалық құжаттамаларға материалдар мен жұмыстардың құнын орынсыз жоғарылатып жіберуге қатысты тексеру жүргізіңіздер. Сметалардың құны көтеріліп кететіні баршаға мәлім. Бұл мәселеде де тәртіп орнату керек, – деді Олжас Бектенов.

Су ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты Премьер-Министр жауапты министрлікке экономика салаларында суды ұтымды тұтыну жөніндегі шаралар кешенін дайындауды, сондай-ақ, су пайдалану мәдениетін енгізу жөніндегі жұмыстарды пысықтауды тапсырды.

Әлеуметтік блок мәселелеріне тоқталған Олжас Бектенов ең алдымен МӘМС жүйесін реформалау қажеттігіне назар аударды.

«МӘМС жүйесі елеулі қайта форматтауды қажет етеді деп санаймын. Қаражатты тиімсіз жұмсау мен артық жалған тіркеулер бола тұра оны қаржыландыруды ұлғайтуға жол берілмейді. Сала толық цифрландыру мен ашықтықты талап етеді», –  деді Премьер-Министр.


ПІКІР ЖАЗУ