Айнұр МОЛДАХЫНОВА: Елтаңбаның жасалуына барлық қазақ азаматы атсалысуы керек

0
24

 

Соңғы уақытта елтаңбаға деген ашық қарсылық білдірушілер көбейіп келеді. Оған себеп алуан түрлі. Бірі шекедегі бес жұлдызын қазақилықтан алыс белгі десе, енді бірі мүлдем өз елтаңбасын танымайтын болып шыққан. Тіпті елтаңбаға қазақтың зиялы қауым өкілдері, білікті мамандары да пікірлерін білдіруде. Мәселен, «АСМЕД» медициналық орталығының бас дәрігері Айнұр Молдахынова бейбіт ел ретінде мемлекеттік рәміздердің жасалуына барлық қазақ азаматы атсалысуы керек деген ойда.

“Біз мектепте оқығанда мемлекеттік рәміздерді насихаттауға, дәріптеуге ерекше көңіл бөлінетін. Пионер вожатый деген арнайы маман болып, оның өз бөлмесі болатын. Осы бөлме рәміздердердің орталығы іспеттес еді. Желбіреген ту, герб, көрнекі жерге жазылған әнұранды жаттап өстік. Қандай мекемеге барсақ та биікте тұрған ту мен гербті көретінбіз. Және ондағы элементтер де қарапайым, адам санасына жақын болатын.

Өткенде жастар арасында елтаңбаға байланысты сауалнама жүргізіліп жатқанын көрдім. Көбі білмей жатты. Онда не бейнеленгенін түсіндіріп бере алмады. Осының өзі бүкіл мемлекеттік мекемеде көрнекі жерде тұрғанына қарамастан, елтаңбаның санада жатталмағанын көрсетеді.

Елтаңда – елді біріктіруші, мемлекеттік ұйыстырушы белгі. Оны жастардың білмеуі, танымауы кімді де болса ойландырмай қоймайды. Сондықтан, Жаңа Қазақстанның бағыт-бағдарын көрсетіп беретін, азаматтарды бір мақсатқа біріктірудің тұғыры болатын жаңа елтаңба жасау керек.

Ол елтаңба жасалмас бұрын халықтың пікірін, ұсынысын жинаған маңызды. Азаматтар елтаңбадан нені көргісі келеді екен?
Олардың пікірінше партиоттықтың белгісі қалай бейнеленуі керек? Осының бәрі алдын-ала анықталып, сол бойынша ортақ талап дайындалғаны жөн. Сосын арнайы, ашық конкурс ұйымдастырылып, елтаңба жасаушылардың еңбегі ел арасында ашық талғыланғаны маңызды. Халық көрсін, бағаласын, дауыс берсін. Мемлекеттік рәміздің жасалуына азаматтар атсалыссын. Бұл да елтаңбаны есте сақтауда маңызды. Осындай ашық конкурстан жеңген елтаңба – мемлекеттік рәміз ретінде бекітілсін! Сонда ешқандай дау да, талас та тумайды деп ойлаймын” деді “АСМЕД” медициналық орталығының бас дәрігері.

Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?

“Politico” сілтейді


ПІКІР ЖАЗУ