Кредит мәселесін мемлекет қалай шешіп жатыр?

0
15

 

Кредит қазақтың бағы ма, соры ма? Осы сұраққа біржақты жауап жоқ. Және ешқашан болмайды да.

Кредит алып мәселесін реттеген, білім алған, кәсібін дөңгелеткен, баспанасына кіріп алған қазақ бар. Банктен кредит алып, оны қайтара алмай, онлайн қарыз, микроқаржы ұйымдарына тағы қарыз болып, қарыздан қарызға батып кеткен қазақ бар. Біреуге кредит шанс, ал біреуге сор болды.

Қазіргі жағдай: 1,7 миллион адам өз кредитін төлеуді 90 күнге кешіктірген. Олардың төлей алмай жатқан жалпы ортақ қарызы 1,4 триллион теңге. Дүниежүзілік банк өз зерттеуінде 1,5 миллион адамның дефолт сызығына жақындап қалғанына назар аударады.

Бізде қаржы жүйесінің дефолты бола ма?

Жоқ. Қаржы жүйесінің негізгі іргесі банк секторы десек, ол мүмкін қайтарымсыз кредиттің барлығына провизия (резервтер) жасап қойған. AQR арқылы тексерілетін стресс-тест, капиталдың жеткіліктілігі (К1, К2) сынды талаптарға толық жауап береді.

Бұл жерде банктерден кредит ала алмайтын санатқа жоғары пайызбен несие беріп жүрген түрлі микроқаржы ұйымдары ғана өздеріне үлкен тәуекел жүктеп отыр. Бірақ олар осы модельге әдейі баруда. Банкпен проценттері бәсекелесе алмайтындықтан, банктен өте алмаған адамдар санатын өздеріне клиент ретінде көреді.

Мемлекет не істеп жатыр?

Қазақстан жеке тұлғалардың шамадан тыс кредиттенуін проблема ретінде мойындады. Дәл осы кезде, екі мәселенің басын ашып алу керек. Табысы жетіп тұрған, өз қарызына жауап беретін адам да кейде кредит алады. Оларға кредит беруде еш шектеу керек емес. Олар анализ жасай алады, ставкаларды салыстырады, қаржылық сауаты бар. Шектеудің барлығы қарызға батып кеткен, онлайн-қарыз, будкадан қарыз алып жүргендерге қатысты болуы тиіс. Яғни, 1,7 миллион адамды қамтуы керек.

Мемлекет қазір өте шұғыл шаралар жасады. Енді 90 күн төлемеген қарызы бар адам кредит ала алмайды. 21 жасқа толмаған адам да несие ала алмайтын болады. Төленбеген несиесі 90 күннен асып кетсе, проценттердің жүруі тоқтатылады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының да идеясы дұрыс. Қаржылық сауат, ақпараттандыру аса керек болып тұр.

Бізде үлкен криминалды нарық пайда болды. «Қарыз беруші фирма — нотариус — коллектор» схемасы бойынша ұйымдасқан қылмыстық жүйе қанатын жайып алған. Олардың маржасына мұнайгаз компанияларының өзі ілесе алмайды. Тез істеу керек шаралар:

1. Бізге тез арада коллекторлық нарықты атымен жою керек. Яғни, коллектор деген болмауы тиіс. Сот орындаушылары ғана жұмыс істеуі керек.
2. Микроқаржы мен онлайн қарызға тыйым салу керек. Егер тыйым салынған уақыттан кейін ондай фирма қарыз беретін болса, ол қарыз емес, материалды көмек деп танылып, соттар борышкерді қолдауы тиіс. Онлайн фирманың өзі кінәлі деп танылсын. Сол кезде барлық онлайн фирмалар банкрот болып, нарықтан кете бастайды.
3. Нотариустарды онлайн фирмалар, микроқаржыға мүлдем жолатпау керек. Оларға атқарушы парақ шығаруға тыйым салып, ал егер ондай қылығы байқалса лицензияларынан айыру қажет.

Не істемеу керек?

Қаржы жүйесі мен мемлекет тұрақтылығы үшін ең сорақысы — кредиттік амнистия. Яғни жаппай қарызды кешіру. Ол мемлекетті «Карпман үшбұрышында» құтқарушы рөлінде мәңгі қалдырады. Ал кедей, қарызы көп жанға осы рөлде жүре беру тиімді болады. Сонда, мемлекет қарызды кешірген сайын қарызы бар адамдар үлесі екі есеге өсіп отырмақ.

Популистердің алтын дәуірі жақындап келе жатыр. 2029 жылы президент сайлауы өтеді.Сол кезге дейін мәселе шешілмей, қарызын төлемегендер саны 4 миллион адамнан асса, «Ұлттық қордан ақша алып, барлық кредитті кешіремін» деген популист саясаткердің сайлауды жеңіп шығатынына еш күмән жоқ.

Айбар Олжай, қаржыгер


ПІКІР ЖАЗУ