Қазақ-өзбек шекарасында транзиттік жүк өтетін пункттер саны артуы мүмкін

0
15

Қазақ-өзбек шекарасында транзиттік жүк өтетін пункттер саны артуы мүмкін
Қазақстан мен Өзбекстан жалпы құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Бұл туралы елордада Өзбекстан Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидовпен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейінгі брифингте Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.

«Жаңа ғана Бахтиёр Саидов мырзамен шағын және кеңейтілген құрамда дәстүрлі достық, өзара қолдау мен сенім рухындағы келіссөздер өткіздік. Біз ықпалдастығымыздың тың бағыттарын айқындап, іргелі міндеттерді алға қойып отырмыз. Биылғы жылы өтетін жоғары деңгейдегі сапарларға, мемлекет басшыларының көпжақты форматтағы кездесулеріне ерекше назар аударылды. Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективаларын ортаға салдық. Осы тұста, сауда, өнеркәсіп, көлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері жете талқыланды», — деді миинстр.

Оның дерегінше, Қазақстан Өзбекстанның «үштікке» кіретін ең ірі сауда серіктестерінің бірі. Соңғы жылдары екіжақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 млрд доллардан асады.

«Өнеркәсіптік кооперация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазіргі таңда жалы құны 156 млн долларды құрайтын 12 бірлескен жоба іске қосылды. Оған қоса, құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны қарастырып жатырмыз. Енді алдағы белестердің бірі – осы алған екпінді жоғалтпай, екіжақты тауар айналымын 10 млрд долларға дейін еселету. Қазақ-өзбек шекарасында Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын қосы осы мақсатқа бағытталған. Өңіраралық ынтымақтастық форумдарын өткізудің маңыздылығын да бөлек атап өттік», — деді Мұрат Нұртілеу.

Министрдің айтуынша, Орталық Азия аймағы тұрғындарының көкейінде жүрген маңызды мәселе – су-энергетикалық кешені төңірегінде де пікір алмасып, оны шешу жолдарына назар аударылды.

«Сонымен қатар, басқа да бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқыладық. Аталған бастамаларға сыртқы саяси ведомстволары тарапынан қажетті қолдау табылады деп уағдаластық. Екі мемлекеттің транзиттік әлеуетін арттыратын жаңа темір жолдарды салу жобалары ерекше назарда. Өз кезегінде, шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңілдету бағытында нақты қадамдар жасау туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Қазақ тарапы бұл мәселелерде ортақ мүдде тұрғысынан қарап, өзіміздің мүддемізге сәйкес шешуге дайын екендігімізді атап өттім. Өз кезегінде шекара арқылы өзбек тасымалдаушылары үшін транзитті жеңілдету бағытында бірнеше ұсынысын берді. Оның ішінде шекарадан өту пункттерінің санын көбейту, жаңа жол салу мәселелер сияқты көптеген нақты сұрақтарды талқылап, жақын арада тиісті министрліктер арасында келіссөздер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткіздік», — деді Мұрат Нұртілеу.


ПІКІР ЖАЗУ