6,5 мың зейнеткер азық-түлікті қарызға алып отырған – «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі

0
11

Борышқа белшесінен басқан қазақстандықтардың арасында зейнеткерлер де баршылық. «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева «AMANAT» партиясының  баспасөз орталығында осындай дерек келтірді.

«Былтыр 65 мың адам оқытсақ, соның 10 пайызы зейнеткерлер болды. Олардың бәрінің мойнында несие болған, азық-түлікті қарызға алып келген. Зейнеткерлер бізге білім алу үшін емес, несиесі проблемасын шешу үшін келеді. Несиенің кесірінен азық-түлік алатын, коммуналдық қызмет ақысын төлейтін ақшасы жоқ екенін айтады. Ақтөбе облысында бір әжей болды. Қарызы 800 мың теңгеге жеткен. Оның жағдайы тіптен қиын болды. Балалары жұмыс істемейді екен. Тағы бір ата мен әжей болды, кенже қыздары сырттарынан несие рәсімдеп жіберген. Оны өздері білмеген. Олар да амалы қалмаған кезде бізге келді. Шоттарына түгел құлып қойылғандықтан, басқа амалдары қалмаған», — деді ол Qogamfin.kz платформасы ның таныстырылымынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Жоба жетекшісі мұндай зейнеткерлерге қандай көмек ұсынатындарын айтты.

«Біз оларға жеке тұлғаның банкроттығын рәсімдейміз. Бұл оларға керек. Мысалы, еңбекке жарамды жастағы адамдар келсе, біз оларға жеке тұлға банкроттығын рәсімдеуге кеңес бермейміз. Өйткені экономикалық айналымнан шығып қалады. Ал зейнеткерлер банкроттықты жеңілдікпен рәсімдей алады. Қазір алаяқтар, қаржы пирамидалары өте көп. Олардың құрығына бірінші кезекте зейнеткерлер түсіп жатыр. Өйткені өте сенгіш келеді. Курсқа келгендерге сол алаяқтардан сақтанудың жолдарын үйретеміз», — дейді Ақмарал Бекмұрзаева.


ПІКІР ЖАЗУ