22 мың гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланған

0
15

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ауыл шаруашылығын дамыту үшін озық технологияны пайдалану көрсеткішін көтеру мақсатында жауапты сала басшыларының басын қосты. Әкімге заманауи технологияларды ендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысы баяндалды. Биыл су үнемдеу технологиясын қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланған. Бұл каналдардағы су шығынын азайтуға және суды үнемдеп тұтынуға мүмкіндік береді. Оның басты міндеті – шаруаларға тіршілік нәрін уақтылы жеткізіп, егіннің бітік шығуына көмектесу. Айта кетейік, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы арқылы су үнемдеу технологиясын сатып алатын ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін 2,5 пайыздық мөлшермен несиелендіру көзделуде. Егіс алқаптары жіберілген судың біраз бөлігі ескірген каналдардың салдарынан ысырап болатындықтан Түркістан облысында суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың су үнемдеу технологияларын ендіру тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын ендіру шаралары кеңейтіліп, қаржыландыру тетіктері мен механизмдерін қарастыру жалғасады. Бұл – уақыт талабы. Аудан, қала әкімдері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек», – деді Дархан Сатыбалды. Сонымен қатар өнім көлемін көбейтетін озық технологияны таңдаған шаруаларға қаржының тең жартысын мемлекет өтеп береді. Су арналарына жақын орналасқан жерлерде кооператив құрып, біріккен диқандарға да қолдау бар. Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобалары жүзеге асуда. Жаңбырлатып суару машиналарын шығаратын еліміздегі тұңғыш зауыт Түркістан облысында ашылды. Түркістан маңындағы өндірістік паркте «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 млрд. теңгені құрайтын жылына 1000-ға жуық жаңбырлатып суғару машиналарын шығаратын зауытының бастапқы кезеңі іске қосылды. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген. Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ