Түрік елінен сүйінші хабар келді

0
12

 

Түрік армиясы бесінші буындағы жойғыш ұшақтардан тарығып келген еді. Америка өткен ғасыр соңында үзілген F-16 ұшақтарының жеткізілімін қайта жандандыру мәселесін сөзбұйдаға, саяси саудаға салып қойды. Тек таяуда ғана АҚШ Конгресі Президентке олардың алғашқы партиясын сатуға рұқсат етті.

Оның өзінде Ақ үй түрік тарапы сатып алып, ақысын төлеп қойған F-35 жаңа буындағы жойғыш ұшақтарын табыстаудан бас тартты. Оны Түркияның қарсыласы Грекия қанжығалады.

Түркия лидері Реджеп Тайып Ердоған ғалымдарға, әскери-өнеркәсіптік кешенге әскерилермен бірлесіп, түріктің 5+ буынындағы төл әскери әуе көліктерін құрастыруға тапсырма берді.

Түріктің әскери авиаторларының арманы орындалды. «Қаған» (Kaan) аталған бесінші буындағы түріктің жойғыш ұшағы бірінші ұшуын табысты орындады. Тарихи оқиға туралы Daily Sabah басылымы шаттана хабарлады.

Оның салтанатпен, пафоспен өрілген материалында айтылғандай, «Қаған» түріктің әскери-өнеркәсіптік кешенінің ең ғаламат, амбициозды әзірлемесі болып табылады. Оны құру үшін оншақты жыл жұмсалған.

Бұл ретте тактикалық-техникалық сипаттамалары тұрғысынан қарқынды түрде көнеріп бара жатқан америкалық атақты F-16 ұшақтары түрік әскери авиациясының жетекшісіне емес, «Қағанның» нөкеріне ғана айналатын түрі бар.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, төрт жылдан соң, 2028 жылдан бастап түркиялық әскери әуе күштері осы қуатты, төл ұшақтармен қарулануға тиіс.

Оларды жасаумен Türk Havacılık ve Uzay Sanayii (TUSAŞ) мемкомпаниясы айналысуда. Оның мамандары да көшбасшы рөлін F-16-лар емес, «Kaan»-дар алатынына екпін түсірді. Бірақ бұл 2030 жылға қарай болуы мүмкін.

Ұшақты құрастыру жобасы 2016 жылы бастау алды. Мемлекет оған шамамен 10 миллиард теңге жұмсап үлгерді.

Президент Ердоған ақпарат құралдарына сұхбатында түріктің қорғаныс жетістіктерінің осы заманауи өнімі ғылым мен техниканың соңғы, озық жаңалықтарына негізделгенін, үздік жабдықтарымен жарақтандырылғанын мәлім етті. Оның айтуынша, «Қаған» истребителі маневрлілігі, ұрыс салу тиімділігі, бүркемеленуі және басқа да нышандары бойынша NextGen санатына толық сәйкес келеді.

5-ші буындағы Kaan (жұмыс атауы – TF-X) «Ұлттық ұрыс ұшағы» (Milli Muharip Uçağı немесе MMU) бағдарламасы аясында жасалды. Құпия-сырын сыртқа шығармау үшін оны жасауға алдымен тек түрік компаниялары тартылды.

Жергілікті сарапшылар тактикалық-техникалық сипаттамалары (ТТС) жөнінен ол америкалық F-35 және F-22 жаңа, басты жойғыш ұшақтарымен бәсекелесе алатын болады деп болжауда.

Kaan-Қағанның ТТС-іне қатысты бірқатар деректер жария болды:

Басынан құйрығына дейінгі ұзындығы – 21 метр;
Қанатының құлашы – 14 метр;
Биіктігі – 6 метр;
Ең жоғарғы жылдамдығы – 1,8 Мах;
Жүгімен қоса алғандағы жалпы салмағы – 27 мың 215 келі.
Әдетте, алысқа ұша алуы, отынды аз тұтынуы үшін әскери әуе көліктері брондалмайды. Кейбір дерек бойынша түріктің жаңа жойғыш ұшағының сырты бор негізіндегі бронды плиталармен қорғалатын болады. Себебі, бордың (Borum) әлемдік қорының 72%-ы Түркияға тиесілі. Химия пәнінен белгілі, бор – төтенше берік, қаттылығы жөнінен әрі кетсе, титан мен алмасқа жол беретін жартылай метал.

«Қаған» қарсыластардың радарларына көрінбейтін болады.

Оның фюзеляжасты бөлігінде орта және алыс қашықтықтағы 4 зымыран орналасады. Қос қапталында тағы 2 зымыраннан орнатылады. Бұлар өзіне шабуыл жасайтын жау ұшақтарын жоюға арналған.

Оның радарын да түрік инноваторлары жасап шыққан, сипаттамалары қатаң құпияда сақталады. Бағдарламалық қамтылымы да – түріктікі. Бірқатар деректер бойынша ол шамамен 20 миллион код жолынан тұрады.

Жойғыш ұшақ дрондармен, беспилотниктермен байланыста әрекет етіп, оларды әуеде басқара алады.

Kaan қос модификацияда жасалмақ. Тапсырысқа қарай екі немесе бір қозғалтқышқа ие болады.

Ұшақтағы ең бір маңыздысы – қозғалтқышы. Түркияның төл моторын жасау тәжірибесі аз. Сондықтан бұл істе олар америкалық алпауыт General Electric-пен ынтымақтасуда.

Түркия серіктесі әрі құдайы көршісі ретінде Kaan-дардың бір бөлігін Украинамен бірлесіп құрастыруға ниетті. Украина кеңес кезінен түрлі қозғалтқыштарды жасаудың мол тәжірибесіне ие. Киев украиналық «Қағандарға» украиналық қозғалтқыштарды орнатуды қалайтынын білдірді.


ПІКІР ЖАЗУ