Нұрлан Байбазаров инвестицияларды ынталандыру шараларын атады

0
12

Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров инвестицияларды ынталандыру шараларын атады.

«Инвестицияларды одан әрі ынталандыру үшін мыналар ұсынылады. Бірінші, Бірыңғай үйлестіруші ретінде Инвестициялық штаб айқындалған жобаларды сүйемелдеу және ел экономикасына инвестициялар тарту жөніндегі экожүйені жақсарту мақсатында кешенді шаралар әзірленді. Fast Track немесе «жасыл дәліз» инвестициялық жобаларын қолдау жүйесі енгізіледі. Оның артықшылығы инвестордың барлық қажетті рәсімдерден жедел және жеңіл өтуі болады. Өңірлер мен экономика салалары бөлінісінде қалыптасқан инвестициялық жобалар пулының іс жүзінде іске асырылуын қадағалауға мүмкіндік беретін Ұлттық инвестициялық платформаны толыққанды іске қосу қажет. Бұдан басқа, салалық және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, инвестициялар тартуға мемлекеттік органдардан «тапсырыстарды» қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс құрылады», — деді Нұрлан Байбазаров.

Министр екіншіден, инвестицияларды тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету өте маңызды екендігін айтты.

«Елдің инфрақұрылымдық қаңқасын қалыптастыру мақсатында 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірленуде. Инфрақұрылымды жүргізу процесін жеделдету үшін инвесторларға мұны өз бетінше жасауға мүмкіндік беру мәселесі пысықталуда. Инвестицияларды тартудың тұтас экожүйесін қалыптастыру мақсатында кешенді шаралар әзірленетін болады. Өндірістік объектілерді салу кезінде инвесторлардың шығындарын азайту мақсатында құрылыс бойынша халықаралық стандарттарды қолдану қарастырылуда. Ұлттық стандарттарға бейімделу қажеттілігінің болмауы жобаларды іске асыру уақытын 1,5-2 есеге қысқартуға және шығыстарды жобалау және құрылыс сатысында 20-30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді», — деді ол.

Нұрлан Байбазаров үшіншіден, жаңа Салық кодексі аясында салық төлеушіге бағдарланған әкімшілендірудің сервистік моделі енгізілетінін атап өтті. Ол сондай-ақ салық төлеушіге тіркелуден бастап есептен шығарылуға дейін фискалдық көмек көрсетілетінін, қарызды өндіріп алу кезінде шоттарды бұғатқа қою тетігі қайта қаралатынын жеткізді.

Оның атап өтуінше, салық есептілігі 30 пайызға, салық төлемдері 20 пайызға қысқарады. Ынталандырушы және тиімді жеңілдіктер сақталады. Мысалы, тауарлардың тізбесін оңтайландырып, есепке жатқызу әдісімен импортқа ҚҚС төлеу тәртібі қалады Сонымен бірге өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үшін 3 жылға жеңілдіктер беріледі.

«Салықтық жеңілдіктер беру рәсімдерін оңтайландыру үшін жаңа Салық кодексі аясында инвестициялар көлеміне, өндірістік процестердің күрделілігіне және түпкілікті өнімдердің өзіндік өндірісін дамыту үшін маңызы бар өзге де факторларға байланысты сараланған тәсілді ескере отырып, жеңілдіктердің «бір пакетін» беру жолымен ұсынылатын преференцияларды біріздендіру қаралады. Осылайша қолданыстағы ынталандыруды сақтай отырып, бизнесті қолдаудың жаңа шаралары қабылданады», — деді министр.


ПІКІР ЖАЗУ