Қазақстан өзге елдерге қанша мұнай экспорттайды

0
16

 

Биыл Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын тасымалдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтып берді.

«2023 жылы 90 млн тонна мұнай өндірілді, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 6,9%-ға жоғары. Қарашығанақта жылына 10-11 млн тонна өндіруді қолдау жобалары шеңберінде 5-ші және 6-шы компрессор салу басталды, тиісінше 2025 және 2028 жылдары аяқталады», — деді А. Сәтқалиев министрліктің алқа отырысында.

Министрдің айтуынша, мұнай экспорты да өсіп, 70,5 млн тоннаны немесе 109,6%-ды құраған.

«Каспий құбыр консорциумының қазақстандық учаскесіндегі кедергілерді жою жобасы аяқталды. Бұл өткізу қабілетін жылына 72,5 млн тоннаға дейін арттырды. Қазақстандық мұнайды «Транснефть» ЖАҚ жаңа жүйесі арқылы «Шведт» мұнай өңдеу зауыты бағытындағы «Дружба» мұнай құбыры арқылы Германияға 1 млн тонна көлемінде тасымалдау қамтамасыз етілді», — деді Энергетика министрі.

Қазақстан мұнайы Баку-Тбилиси-Джейхан жүйесі арқылы 1 млн тонна көлемінде тасымалданды. Бұл Ақтау порты арқылы Махачкала және Баку бағытындағы мұнай экспортын 3,4 млн тоннаға дейін немесе 2022 жылмен салыстырғанда 52%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Қазақстандық мұнайдың Қытайға экспорты 1,2 млн тонна көлемінде, Өзбекстанға теміржол бойынша 0,065 млн тонна көлемінде қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, Ресей мұнайының ел аумағы арқылы транзиті: Қытайға – 10 млн тонна, Өзбекстанға – 0,15 млн тоннаны көрсеткен.

«Дружба жүйесі бойынша мұнайды 1,2 млн тонна көлемінде, сондай-ақ Баку-Тбилиси-Джейхан бағытында тиісінше 2024 жылға 1,5 млн тонна көлемінде тасымалдау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді», — деді А. Сәтқалиев.


ПІКІР ЖАЗУ