Бектенов Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғырту жоспарымен танысты

0
22
Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар мұнай-химия зауытына барып, оның қазіргі жұмысымен және өндірісті одан әрі жаңғырту жоспарларымен танысты, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда ПМХЗ жылына шамамен 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнімдердің ішінде автомобиль бензинінің әртүрлі маркалары, дизель отыны, мазут, битум, коммуналдық-тұрмыстық газдар және т.б. бар.
Олжас Бектеновтің айтуынша, мұнай өңдеу зауыттары мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша өндіріс көлемін ұлғайту үшін барлық шаралар кешенін іске асыруы қажет.
«Отандық экономиканы дамыту үшін жол құрылысының маңызын ескере отырып, ПМХЗ-да битум өндіретін пештің құрылысы аяқталды, бұл оның өндірісін 15%-ға арттыруға мүмкіндік берді», — делінген хабарламада.
Премьер-министр зауыт басшылығына жұмыс қарқынын арттыру қажет екенін, бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Жалпы өткен жылдың қорытындысы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясының МӨЗ-інде қайта өңдеу көлемі 20%-ға – жылына 14,2 млн тоннадан 16,6 млн тоннаға дейін ұлғайды. Мұнайды өңдеу тереңдігі рекордтық 86%-ға жетті, ал жеңіл мұнай өнімдерін шығару 72%-ға дейін өсті. Автомобиль бензиндері өндірісін 80%-ға және дизель отыны өндірісін 30%-ға ұлғайту есебінен ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен қамтамасыз етілді.
«Біздің алдымызда қайта өңдеу тереңдігін одан әрі арттыру міндеттері тұр. Атап айтқанда, ПМХЗ-да дизель отынын гидротазарту жобасы іске асырылып жатыр, ол кәсіпорынға -38 градуста қататын 160 мың тоннаға жуық дизель шығаруға мүмкіндік береді. Отынның бұл түрі республиканың солтүстік аймақтарында ерекше сұранысқа ие», — деді ҚМГ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Сонымен қатар үкімет басшысы ұсақталған полипропилен және басқа да полимер бұйымдарын шығаратын «Нефтехим LTD» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда ПМХЗ-дан жеткізілетін сұйытылған мұнай газын өңдеуден бастап дайын өнімге дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылды. Өз кезегінде ол ішкі нарықта, сондай-ақ Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда және Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие.

ПІКІР ЖАЗУ