«Қарызға ақша сұрайды»: Ұлттық Банк алаяқтықтар қолданатын әрекет туралы айтты

0
19

Мессенджерді «бұзу» үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді

Қазақстан Ұлттық Банкі алаяқтық жиілеп кеткенін ескертеді. Алаяқтар сенімге кіру үшін жалған құжат көрсетеді.
«Алаяқтар азаматтарды алдап, ақша жымқыру мақсатында өзін Ұлттық Банктің қызметкері ретінде таныстырып жүргенін естеріңізге саламыз. Сонымен қатар, бұл схемада «құқық қорғау немесе арнайы органдардың қызметкерлері» де айтылады. «Арнайы операция» немесе тексеру жүргізуді сылтау еткен алаяқтар іс-әрекетінің заңды екенін растау үшін қоңырау желісін «арнайы және құқық қорғау органдарының, Ұлттық Банктің қызметкерлеріне» жалғайды, жалған қызметтік куәліктерді, нұсқаулықтары бар хаттарды, сондай-ақ «қаражатты сақтандыру» және банк аударымдарын жүзеге асыру туралы деректемелерді жібереді», — делінген хабарламада.
Мұндай құжаттарда, көбіне несие қарызы немесе оның өтелуі, сондай-ақ қаражат айналымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат болады. Қосымша құжаттарда Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының «уәкілетті тұлғаларының» қолы, аты-жөні, мөрі және басқа да растайтын деректер көрсетіледі.
Сондай-ақ, кей жағдайда алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильдерді «бұзып», алаяқтық жасау үшін пайдаланады. Мессенджерді «бұзу» үшін олар ұтыс ойындары, әлеуметтік маңызы бар тақырыптар туралы сауалнама, дауыс беру сияқты түрлі сылтаумен таратылатын қауіпті сілтемелер жібереді. Хабарламаны алған адам сілтемені басқан кезде, алаяқтар WhatsApp мессенджеріндегі профильді иемденіп алады.
Әрі қарай алаяқтар профиль иесінің атынан оның жақын туыстарынан, таныстарынан, достарынан немесе әріптестерінен әртүрлі сылтаумен қарызға ақша сұрайды. Қаржыны банк картасына немесе үшінші тұлғалардың шотына аударуды сұрап, жаппай хабарлама таратады.

«Бұл ретте әңгіме немесе хат алмасу кезінде алаяқтар бастан-аяқ психологиялық қысым көрсетеді, қоңырау желісін «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметкерлеріне» жалғайды, Қылмыстық кодекстің баптарына сілтеме жасайды және құпияны сақтауды сұрайды», — деп түсіндірді Ұлттық банктегілер.

Сондай-ақ, әңгіме кезінде қаскөйлер ұялы телефонға келіп түскен хабарламаларды өздеріне жіберуді, қауіпті сілтемеге өтуді, қандай да бір қосымшаны жүктеуді, мессенджерде жаңа функцияларды іске қосуды, пароль, PIN-код немесе басқа да құпия және жеке деректерді айтуды сұрайды.
Сонымен қатар, алаяқтар мобильді банкингтің көмегімен ойдан шығарылған тауарды сату арқылы, салық (қызмет) төлеу немесе банк шотына шектеу қою арқылы ақшаны онлайн ұрлайды. Бұл хабарламалар «электронды тұзақ» болып шығады және айтылған шотқа өткен кезде, мобильді қосымшадағы шоттан ақша ұрланады.
Осыған байланысты Ұлттық Банк «құқық қорғау органдарының (ІІМ, ҰҚК) қызметкерлерінен, Ұлттық Банк қызметкерлерінен» қоңырау келіп түссе, әңгімелеспеуді ұсынады және қандай да бір мәселені реттеуге, алаяқтарға қарсы «арнайы операция» жүргізуге атсалыспауға кеңес береді.
Егер сіз немесе танысыңыз алаяқтардың тұзағына тап болған жағдайда, Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына жүгінуді ұсынамыз.
Қосымша кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Ұлттық Банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.

ПІКІР ЖАЗУ