Көлік саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік іс жүргізу автоматтандырылады

0
22

Көлік министрлігінің жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп үйлестіруімен өткен жылдан бастап жолдарда жүк автокөлік құралдарының салмақ бойынша параметрлерін өлшейтін автоматтандырылған станцияларды орнату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Осылайша жолдардағы көліктік бақылау 157 мың шақырымда 43 жылжымалы бекеттің күшімен жүзеге асырылады. Яғни, 1 бекетке шаққанда 5 мың шақырымға дейін келеді. Сондықтан барлық жолды тек жылжымалы бекеттердің күшімен толық қамту мүмкін емес.

Осыған байланысты Көлік министрлігі тарапынан таразылаудың цифрлық форматына толық көшу жөнінде шаралар қабылданып жатыр. Бұл мақсатта 2022 жылғы желтоқсанда автоматтандырылған өлшеу станцияларының жұмыс істеу тәртібін айқындайтын заң қабылданды. Аталған заңға сәйкес өлшеу станцияларын жергілікті автожолдарда — әкімдіктер, ал республикалық автожолдарда «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатады.

«Бұдан басқа, заңда жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын көлік құралдарының автоматтандырылған өлшеу станциялары арқылы міндетті түрде өтуі көзделген.

Көлік құралдарын өлшеу оның қозғалысы кезінде жүзеге асырылады. Заң бұзушылықтарды онлайн автоматты түрде тіркеу, айналма жолдарды бейнетіркеу, сондай-ақ айыппұл адамның қатысуынсыз «Сергек» арқылы ресімделетін болады», — деп жазды ведомстводан.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, құқық бұзушыларды инспекцияға шақыра отырып, тіркелген бұзушылықтар бойынша айыппұлдарды ресімдеу өзін тиімсіз етіп көрсетіп отыр, оған қоса шешім қабылдау кезінде адами фактор орын алады.

Осыған байланысты бүгінгі таңда Көлік деректер қорының ақпараттық-талдамалық жүйесін Бас прокуратураға қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімі» процессингтік орталығымен интеграциялау жолымен көлік саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік іс жүргізу процесін автоматтандыруды іске асыру бойынша жұмыстар басталып кетті.

Бұдан басқа, аталған заңды іске асыру шеңберінде Көлік министрлігіне қарасты Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бастамасы бойынша Әкімшілік полиция, Автомобиль жолдары комитетімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлескен Жол картасы әзірленді.

«Жол картасы аясында өткен жылдың қазан айынан бастап Астана қаласының әкімдігі автокөлік құралдарының қалаға келуінің негізгі алты нүктесінде автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату бойынша жұмысты бастады.

Осылайша, қалаға кіретін барлық жүк көлігі өлшенетін болады. Бұл шара елордада жүк көліктерін бақылауды жүзеге асыру барысында адами факторды барынша жоюға ықпалдасады деп күтілуде», — делінген министрлік ақпаратында.

Осы ретте өңірлік және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдіктері 2024 жылдың соңына дейін қалаға автокөлік құралдарының келуінің негізгі нүктелерінде 150 автоматтандырылған өлшеу станцияларын және «ҚазАвтоЖол» АҚ республикалық жолдарда 70 өлшеу станцияларын орнату жоспарлап отыр.

Жоғарыда аталған шаралар ауыр және ірі көлемді көлік құралдарының жол жүруін бақылау мәселелерін шешуге және көліктік бақылау кезінде орын алатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға бағытталып отыр.


ПІКІР ЖАЗУ