Детективтерге азаматтардың жеке деректері қолжетімді бола ма?

0
17

Қазақстанда жеке детективтердің қызметі туралы арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр. Оның аясында жеке детективтердің азаматтардың жеке мәліметтерін алып, танысуға құқығы бар ма? Бұл сауалға Парламентаризм институтының сарапшысы Нұртай Иманғалиев жауап берді.

«Жеке детективтер Қазақстан Республикасының Конституциясы, содан соң әзірленіп жатқан «Жеке детективтік қызмет туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы мен басқа да нормалар, актілерді қатаң сақтауы тиіс. Бұл заң жобасына өзгерістер енгізілуі мүмкін», — деді Нұртай Иманғалиев елордада «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен перспективалары» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында.

Сарапшының мәліметінше, заң жобасы әзірге 5 тараудан, 25 баптан тұрады.

«Жеке детективтердің қызметі ақылы, ол келісімшарт жасау арқылы шешіледі. Әрине, жеке детективтерге лицензия беріледі және олар үшін азаматтардың жеке деректеріне қолжетімді болуы мүмкін», — дейді ол.

Бұған дейін Нұртай Иманғалиев жеке детективтерге қойылатын талаптармен таныстырған еді.

Айта кетейік, Қазақстанда жеке детективтердің қызметін реттеу мақсатында арнайы заң жобасы әзірленіп жатыр.

Осы орайда бүгін Астанада ҚР Президенті ісі басқармасы жанындағы Парламентаризм институты «AMANAT» партиясының қоғамдық саясат институтымен бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстандағы жеке детективтік қызметті заңнамалық реттеудің проблемалық мәселелері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Аталған шараға Сенат және Мәжіліс депутаттары, Парламентаризм институтының ғалымдары мен сарапшылары қатысты.


ПІКІР ЖАЗУ