ҚАЗАҚСТАН ЕУРОПАҒА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ЭКСПОРТТАУЫ МҮМКІН

0
28

 

Қазақстан мен Өзбекстан Әзербайжан аумағы арқылы Еуропаға электр энергиясын экспорттауы мүмкін. Сондай-ақ жасыл энергетикадағы жобаларды іске асыру да басты назарда. Сарапшылар қос ел Еуропа мен Азия арасын жалғайтын алтын көпірге айналып келетінін алға тартады. Осы орайда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту маңызды. Бүгін мен Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы сауда-логистикалық және энергетика саласындағы байланысқа шолу жасаймын. Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы былтыр 2,8 млн тонна жүк өтті. Тасымал көлемі 65%-ға өскен. Биыл осы көлік бағытымен өтетін тасымал көлемін тағы 43%-ға ұлғайту көзделіп отыр. Ал Қытайдан жөнелтілетін транзит көлемі 3 есе өскен. Бұл Қазақстан мен Әзербайжанның сауда-логистикалық байланысын бекемдей түсетін басым бағыттың бірі. Транскаспий халықаралық көлік бағыты 2023 жылы 2,8 млн тонна жүк өтті Тасымал көлемі 65%-ға артты 2024 жылы 43%-ға ұлғайту жоспарланған Сарапшылардың сөзінше, қазір халықаралық энергетикалық нарыққа шығу жолдарын әртараптандыру міндеті тұр. Бір жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясы (SOCAR) уағдаластық орнатты.

Содан бері Ақтау-Баку-Джейхан бағытымен жылына 1,5 млн тонна қазақстандық мұнайды тасымалдау басталды. Сонымен қатар Қазақстан Баку-Супса мұнай құбыры арқылы 5 млн тонна қара алтын тасымалдау мүмкіндігін зерттеп жатыр. Әзербайжан арқылы қазақстандық мұнай мен уран экспортын ұлғайту жоспарланған. Еуропаға электр энергиясы экспортталуы мүмкін Қазір Каспий теңізінің түбінен электр желісін өткізу жобасы талқыланып жатыр. Бұл болашақта Қазақстанға электр энергиясын Әзербайжан арқылы Еуропаға экспорттауға мүмкіндік береді. Бұл ретте Әзербайжанның өз жоспары бар. Бауырлас ел Грузия, Румыния және Венгриямен бірлесіп Каспий–Қара теңіз–Еуропа экспорттық дәлізін құру бойынша жұмыс істеп жатыр. Сол арқылы 4 ГВт электр энергиясын экспорттауды көздеп отыр. Ал Нахчыван-Түркия-Еуропа бағыты бойынша 1 ГВт-тан астам жасыл энергияны жеткізу қарастырылуда. Ал Қазақстан мен Өзбекстанның осы дәліздерге шығуы электр энергиясы нарықтарын одан әрі дамытуға жол ашады.

Жасыл сутегі мен аммиакты өндіру және жеткізу саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді. Сонымен қатар Қазақстан мен Әзірбайжан Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жөніндегі бірлескен жобаны іске асыруға кірісті. Осы мақсатта «Қазақтелеком» және «AzerTelecom» Мемлекеттік байланыс кәсіпорындары бірлескен кәсіпорын құрды. Бұл жоба біздің елге Еуропа мен Қытай арасындағы интернет-трафикті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруға, телекоммуникациялық және ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Желінің ұзындығы 380 шақырым. Өткізу қуаты секундына 400 терабитке дейін жетеді. Транскаспий кабельдік желісі Азия мен Еуропа арасындағы деректердің үлкен көлемін жіберуді қамтамасыз етеді. Жоспар іске асса, Қазақстан мен Әзербайжан халықаралық цифрлық хабқа айналады деп күтілуде.


ПІКІР ЖАЗУ