ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДЕЛЕГАЦИЯ ГЕРМАНИЯ КӘСІПКЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

0
15

Қазақ-неміс бизнесмендерінің ынтымақтастығы одан әрі нығая түседі.

Отандық бизнес өкілдерінен құралған делегация Германияға барып, жергілікті іскерлік қауымдастық өкілдерімен кездесті. Келіссөздер барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, кәсіпорындармен байланыс орнату жайы талқыланып, бірқатар келісімге қол қойылды.

Неміс кәсіпкерлерінің қазақстан нарығына деген қызығушылығы өте жоғары. 700-ден астам бірлескен жобаның ел аумағында жемісті жұмыс істеп жатқаны – соның айқын дәлелі. Бірақ мемлекеттер мұнымен шектеліп қалмақ емес. Кәсіпорын санын одан әрі көбейтуді көздейді. Осы мақсатта отандық бизнес өкілдерінің делегациясы Германияға барып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.

Басқосуда еліміздің инвестициялық әрі өнеркәсіптік әлеуетін таныстырып, ауқымды жобалар ұсынды.
Олжас Сапарбеков, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі: — Кездесу барысында бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды. Оның ішінде өндірісті дамыту ғана емес, жұмысшы мамандар даярлау бойынша білім саласын жетілдіру, өзара ынтымақтастық туралы уағдаластықтар бар.

Қазақстандық делегация Германияның ірі холдингтерімен ғана емес, ел экономикасының іргетасы саналатын шағын және орта бизнес өкілдерімен де бірқатар келісімшарт жасасты. Олардың арасында елімізде көптен бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан компаниялар бар. Соның бірі – былтыр Қостанай облысында құрғақ бие сүтін шығаруды бастаған бірлестік. Өнім неміс технологиясы бойынша жасалады. Мейрам Ахметжанов, «S-Agro-Borovskoe» директоры: — Біз Цольман мырзаның компаниясымен бірге 2 жылдан аса уақыт жұмыс істеп келеміз. Бүгін келісімнің екінші кезеңіне қол қойдық. Оған сәйкес біз биыл бие сүтінен жасалған косметика өндірісін іске қоспақпыз. Манфред Ханс-Отто Цольман, «Zollmann Stutenmilch GmbH» компаниясының негізін қалаушы: — Бүгінгі келісім Қазақстанмен арадағы жаңа жобамыздың бастауы болды.

Біз Германияда шығарылатын өнімдеріміздің бәрін алдағы уақытта Қазақстанда да жасауды жоспарлап отырмыз. Жалпы мен өмір бойы бие сүті өндірісімен айналысып келгендіктен, бұл бағытта Қазақстанның әлеуеті өте зор деп есептеймін. Германиядағы сапар барысында қазақстандық делегация Шағын және орта бизнес федералдық одағы басшыларымен де кездесті. Келіссөздер «Болашақ күні. Орта тап» форумы аясында өтті. Оған биыл 5 мыңнан аса компания қатысып жатыр.

Көбі – өз саласының көшбасшысы. Андреас Ян, Германияның Шағын және орта бизнесі федералды одағының өкілі: — Қазақстан мен Германияның орта бизнес өкілдерінің өзара байланыс орнатуы аса маңызды. Сәуір айының соңында машина жасау кәсіпорындарының өкілдерінен құралған үлкен делегация Қазақстанға барғалы жатыр. Бұл бүгінгі келісімдерді әрі қарай жетілдіре түсуге септігін тигізері сөзсіз. Қазақстан тарапы Германияның ауыл шаруашылығы техникаларына, ноу-хау трансферлеріне қызығушылық танытып отыр. Қазақ делегациясы форумда перспективті кәсіпорындардың стендтерін аралап, тараптар алдағы уақытта да ынтымақтастықты арттыруға бағытталған осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұруға келісті.


ПІКІР ЖАЗУ