Су тасқыны қаупін экономикалық тұрғыдан бағалап, картаға түсіру қажет – маман

0
20

География және су қауіпсіздігі институты АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеу өңірлерді топан су басу жағдайына қатысты пікір білдірді.

«Бізге бірқатар ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Біріншіден, су тасқыны қаупін бағалау, оған қатысты деректерді ретроспективті талдау және су тасқынының себеп-салдары мен алдын алу шараларын нақтылау қажет. Сондай-ақ, тасқын кезіндегі су режимінің сипаттамаларын анықтап, статистикалық талдау жасаған жөн. Екіншіден, су тасқынының теріс әсері яғни қаупін саралау жұмыстары. Біз су тасқыны қандай жағдайда болатынын білеміз, енді су тасқынына бейім реципиенттерді анықтау қажет», — деді Ахметқал Медеу ОКҚ-де өткен брифингіде.

Маманның айтуынша, су тасқынының алдын алу іс-шаралар кешеніне ұйымдастыру-шаруашылық, мелиоративтік, инженерлік-техникалық жұмыстар кіреді.

«Бұл жағдайда халық пен инфрақұрылым туралы айту керек. Тәуекелдердің деңгейін жоғары, орташа, төмен деп бөліп, тиісті жұмыстарды қолданған абзал. Су тасқыны қаупін экономикалық бағалау және оларды картаға түсіру қажет. Жоғарыда аталған шаралар мен ғылыми зерттеулер алапат су тасқынының алдын алу мен оның қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл шараларды су тасқынына дейін және кейін де қолдануға болады», — дейді ғалым.


ПІКІР ЖАЗУ