РЕСЕЙДЕ СУ ТАСҚЫНЫНА ҚАТЫСТЫ АХУАЛ КҮРДЕЛЕНІП БАРАДЫ

0
18

 

Әсіресе Қорған облысында. Өңірдегі өзендерде су деңгейі көтеріліп, тағы ондаған елді мекенді су басу қауіпі бар. Ресейдің Қорған облысында 62 елді мекен, 4 мыңнан аса үй мен 600 саяжай учаскесін су басуы мүмкін. Осы уақытқа дейін өңірде 21 үй мен 100-ге жуық жер учаскеге су жайылып, 7 тасжолдың кей тұстарын шайып кеткен. Қазір қауіпті аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр. Құтқарушылар осы уақытқа дейін 600-ден аса адамды көшірді. Олардың 100-ден астамы уақытша орналастыру орталықтарына жайғасса, 500-і туған-туыстарының үйін паналаған. Қарғын судың молаюына байланысты билік өкілдері халықты шұғыл түрде көшуге шақырып жатыр.

Билік өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта аймақтағы ахуал күрделене түседі. Себебі Тобыл, Үй, Исеть пен Миасс өзендерінде су деңгейі сағат сайын көтеріліп жатыр. Росгидромет болжамы бойынша Тобыл өзенінің деңгейі көп ұзамай 11 метрден асады. Қазірдің өзінде Звериноголовск ауданында ол 735 сантиметрге жеткен. Бір тәулік бұрын ғана дәл осы елді мекенде Тобыл өзенінің деңгейі 660 сантиметр шамасында болатын. Ал біздің елдің шекарасынан 12 шақырым жерде орналасқан Введенское бекетінде су 10 метр 75 сантиметрді көрсетіп тұр.

Владимир Якушев, РФ Президентінің Урал федералды окгругіндегі өкілетті өкілі:
-Тобыл өзеніндегі су бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеріледі деген қауіп бар. Осыған байланысты тиісті дайындық жұмыстары жылдам әрі тиімді жүзеге асырылуы тиіс. Ең алдымен қарғын су бойынша халықты хабардап етуі керек. Тұрғындар мұны елеусіз қалдырмауы тиіс. Қазіргі уақытта аймақта бөгет салу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сонымен қатар, қосымша күштер тартылуда. Бүгін апат аудандарына Төтенше жағдай министрлігінің аэромобильді тобы аттанды. 100-ден аса маман аймақтағы тасқынның алдын алуға көмектеседі. Тасқынға тосқауыл қою үшін өңірдегі гидротехникалық нысандар қорғаныс үйінділерімен бекітіліп жатыр. Бұдан бөлек, инертті материалдар, қапшықтар дайындалуда. Алапат тасқыннан Қорған қаласы көп ұзамай ауыз сусыз қалуы мүмкін. Себебі шаһарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ететін нысандарға су басу қаупі төнген. Осыған байланысты билік өкілдері халыққа ескерту жасап, тез арада тұрмысқа қажетті судың бір айлық қорын жинап алуға шақырып жатыр.

Владимир Овсянников, «Водный союз» компаниясының бас директоры:
-Тасқын суға қатысты жаңа ақпар бойынша халықты таза сумен қамтамасыз ететін нысандарға қауіп төніп тұр. Осыған байланысты Қорған тұрғындары шаруашылық-ауызсу мақсатында қолданылатын судың бір айлық қорын жинап алуы керек. Қазіргі уақытта қала сумен қалыпты жағдайда қамтамасыз етілуде. Яғни халықтың сапалы су қорын жинап алуына әлі мүмкіндік бар. Бірақ уақыт өте шектеулі. Үрейі қашқан жұрт қазір жаппай қаладағы дүкендерге ағылып, су сатып алып жатыр. Ұзынсонар кезек қалыптасқан. Соның салдарынан ауызсу бағасы күрт қымбаттап кеткен.


ПІКІР ЖАЗУ