Еуразиялық өнімдердің сыртқы нарыққа шығуына жағдай жасау қажет – Президент

0
19

Мемлекет басшысы «сыртқы сауданы қайта құру» ісін тағы бір негізгі міндет ретінде атап өтті. 

– Бірлестігіміздің жаһандық нарықтағы орнын нығайтуға мүмкіндік мол екені анық. Еуразиялық экономикалық комиссияға Одақтың сыртқы контурдағы әлеуетін нығайту мақсатында жүйелі шешімдер әзірлеуді тапсыруды ұсынамын. Еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа неғұрлым белсенді шығару үшін тиісті жағдай жасау қажет. Тауарды үшінші елдерге кедергісіз тасымалдау ісін қамтамасыз ету өте маңызды. Әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдер желісін кеңейтудің мәні зор. Бұл экспорттаушыларымыздың жаңа нарықтарға шығуын барынша жеңілдетуге, оларды өңірлік және жаһандық өндірістік тізбектерге қосуға мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстан Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешімді қолдайды. Оған қоса Азия, Африка және Таяу Шығыстағы жылдам дамып келе жатқан елдермен ынтымақтастықтың перспективасы зор.

– Әлемдік жалпы ішкі өнімнің қазіргі 60 пайыздық өсімі тек Азияға тиесілі болады деген болжамды ескерсек, Жаһандық Оңтүстікпен арадағы кооперация ерекше қызығушылық туғызады. Қазақстан сияқты Парсы шығанағының нарығына шығу үшін Экономикалық одаққа мүше мемлекеттерді Халықаралық көлік дәлізін құру жөніндегі Ашхабад келісіміне қосылуға шақырамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


ПІКІР ЖАЗУ