Жүздеген миллион қаржыға жасалған кодекс жарамсыз болып шықты

0
18

Мәжілістің бұрынғы депутаты басқаратын институт бір кодекс жобасын жазуға 1 миллиард теңгеден көп ақша сұрататыны жария болды.

Президент 2022 жылы бұрынғы билік тұсында бекітілген заңдар жинағын, яғни бүкіл кодекстерді жаңартып шығуға тапсырма берді. Атап айтқанда, Үкіметке жаңа Су, Салық, Қала құрылысы кодекстерін әзірлеу міндетін жүктеді. Алайда Мамин Үкіметінің орнына келген Смайылов Үкіметі бұл міндетті уақытылы орындай алмады.

Мәселе шешімін таппай қалғандықтан, Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 7 ақпанда өткен жаңа Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа кодекстерді қабылдау мәселесін қайта көтеруге мәжбүр болды.

Мемлекет басшысы бұрынғы Үкімет Қала құрылысы кодексін апыл-ғұпыл, шала-пұла әзірлегенін және ол жобаның үстінен өзіне, Президентке шағым түсіп жатқанын ашық айтты.

«Мен осыдан 1,5 жыл бұрын әлемдегі озық тәжірибеге сай келетін Қала құрылысы кодексін әзірлеуді тапсырдым. Менің атыма бірқатар сарапшылар мен кәсіпкерлерден өтініштер келіп жатыр. Олардың айтып жатқан шағымдары мынадай. Қазіргі кодекс жобасы қойылған талапқа сай келмейді, бұрыннан бар нормалар ұсынылған, жаңа тәсілдер мен шешімдер жоқ. Сондықтан Кодекстің жобасын қайтадан мұқият қарап, жетілдіру қажет!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Депутаттардың айтуынша, сол жобада шенеуніктер басқа түгіл, тіпті Алматыда және өзге өңірде болып жатқан жер сілкіністерінен сабақ алмаған. Яғни, зілзала қаупі бар аймақтарда ғимараттарды міндетті түрде сейсмикалық нығайту талаптары жете ескерілмеген.

Құрылыс саласында басқа да өткір проблемалар қордалануда. Оған заңсыз және «нүктелі» құрылыстың белең алуы, құрылыстың сапасыздығы, салынып жатқан түрлі нысандардың, мысалы, бөгендердің қауіпсіздігіне қатысты ақаулардың болуы, сәулет, құрылыс, дизайн-код талаптарының қатаң сақталмауы, кешенді қала құрылысы сараптамасының олқылықтары, басқасы жатады. Оның бәрі жаңарған кодексте ескерілуге тиіс еді.

Алайда соған қарамастан, Мәжіліс депутаттарының айтуынша, Президенттің өзі қатаң сынаған құжат «Құрылыс кодексі» деген жаңа атаумен Парламентке енгізіле салынған. Мәжілісмен Ержан Бейсенбаевтың айтуынша, кодекс жобасы шикі және тым шектеулі.

«Көптеген сарапшы бұл кодекс жобасының тек қана құрылыс секторын нысанаға алғанын атап өтті. Қала салу құрылыс саласымен шектелмейді ғой. Соның өзінде мысалы, құрылыс кезеңдері ажыратылмаған, оларға анықтама берілмеген. Негізгі мемлекеттік реттеу қаржыландыру кезеңіне шоғырланған. Бұған шенеуніктердің бәрін ақша қызықтыратыны ықпал еткен. Дұрысы, реттеу – объектіні әзірлеуді, оны жоспарлауды, о бастан заң талаптарының, нормативтердің сақталуын, жоғары сапалы құрылыс өнімдерін алу кезеңдерін қамтуға тиіс», – деді Ержан Алмабекұлы сарапшылардың байламына сілтеме жасап.

Ғажабы сол, Президент өз сөздерінде, тіпті жолдауында Үкіметке «Қала құрылысы» кодексін әзірлеуді қайта-қайта жүктегенімен, Үкімет Мәжілісте «Құрылыс кодексі» жобасының тұсауын кесті.

Жаңа депутаттар (кәнігі парламентшілер бұрыннан біледі) кодекс жазу – жүздеген миллион, тіпті миллиард теңге тұратын бизнес екенін біліп, шалқасынан түсе жаздады. «Онда неге Парламентте біз заң жобаларын тегін жазып жүрміз?» деген сұрақтар туындады.

«Неге екені белгісіз, Құрылыс кодексінің жобасын Үкімет мемлекеттік тапсырыс беріп жасатыпты. Алайда Бюджет кодексіне сәйкес, мұндай жұмыс бөлек қаржыландырылмауы керек. Себебі, заң жобаларын жазу әрбір министрліктің тікелей жауапкершілігі мен міндеті! Соған қарамастан, Үкіметтің қаулысымен, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтына» («ҚазҚСҒЗИ» АҚ) тапсырыс берілген. Құрылыс кодексінің жобасын жазуға 2023 жылы 382,5 миллион теңге бөлініпті. Дәл сол кезде, мысалы, Парламентте бүгінде қаралып жатқан бірқатар маңызды заң жобалары бюджеттен бір тиын шығынсыз жазылған», – деді депутат Ержан Бейсенбаев.

Жасыратыны жоқ, сарапшылар депутаттық бастама аясында лоббистік заң жобалары көп жазылатынын айтып жүр. Олардың тегіннен тегін жазылуы неғайбыл. Дегенмен, министрліктердің көбінде заң жобаларын ведомствоның бас сарапшылары, қатардағы мамандары қосымша ақысыз, жалақысы үшін жазатыны шындық.

Өз кезегінде жаңа Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліске жолдаған хатында 382,5 миллион теңгеге кодекс жазғызуды арзан санайтынын білдірді. Әйтпесе, Премьердің айтуынша, мысалы, Әділет министрлігі жанындағы «ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институты» дәл осы кодексті жазу үшін 1,3 миллиард теңге сұратыпты. Ұйымның өз дерегінше, бұл институтты, II (1999-2004 жылдар), IV (2007-2011 жылдар) және V (2012-2016 жылдар) сайланған Мәжілістің депутаты болған Рамазан Сәрпеков 2019 жылдан табан аудармай басқарып келеді.

«Кодекс жобасын әзірлеуді қаржыландыруға келсем, Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен, аталған Кодекстің жобасын әзірлеуге 382,5 млн теңге бөлінді. Кейін бұл сома 363,4 млн теңгеге дейін азайды. Қаржыландыру көлемін анықтау барысында түрлі баға ұсыныстары қаралды. Мысалы, «Заңнама және құқықтық ақпарат институты» – 1,3 миллиард теңге, «White & Case» тәуелсіз компаниясы – 900 миллион теңге, Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы – 760 миллион теңге, ал «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-ы – 607 миллион теңге сұратты. Баға ұсыныстарын талдай келе, құрылыс және сәулет саласындағы ғылыми-зерттеу қызметіндегі тиісті тәжірибесінің барын ескеріп, мемлекеттік тапсырманы орындаушы болып «ҚазҚСҒЗИ» АҚ анықталды», – деді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.

Алайда «AMANAT», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл» және «Respublica» партияларының фракциясына кіретін бірнеше депутат «маңыздылығы жөнінен еш кем емес заң жобалары бюджеттен қосымша қаржы шығармай, жазылып жатқанда», Құрылыс кодексінің жобасы соған жұмсалған 363,4 миллион теңгеге татымайтынына табандады.

«Өйткені жүздеген миллион ел қаржысы шығын етілген Құрылыс кодексі қоғамдық және кәсіби сынның тезінен өте алмады. Біздің ұстанымымызша, бюджеттің бұл ақшасы өз мақсатына, нысаналы жеріне лайықты жұмсалмаған! Құрылыс кодексінің жобасы қазіргі қолданыстағы заңнамалық нормаларды көшіре салған, онда жаңа тәсілдемелер мен шешімдер жоқ. «Антиплагиат» бағдарламасының көмегімен анықталғандай, Құрылыс кодексінің жобасы 2001 жылы жазылған «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», 1997 жылғы «Тұрғын үй қатынастары туралы» және 2016 жылғы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» қолданыстағы заңдарының мазмұнын көшіріп алған. Бұл ретте жоба мәтінінің түпнұсқалық-оригиналдылығы 1%-дан да кем болып шықты!» – делінген Мәжіліс депутаттарының Үкіметке сауалында.

Депутаттардың пайымдауынша, жаңа құрылған Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «небәрі 240 бетті ғана құрайтын және толығымен дерлік өзгеден плагиат жасаған кодекс жобасының әрбір бетіне шамамен 1,6 миллион теңгеден төлеген».

Өзге кодекстердің жағдайы да мәз емес көрінеді. Депутаттардың айтуынша, жаңа Су кодексі де шикі. Мәжіліс қарауына экологиялық сараптамасыз тапсырылған. Бұл – заңнама талабына қайшы.

Ал Мемлекет басшысы бірнеше рет тапсырған Салық кодексі бір жылдан астам уақыттан бері әзірлеу, пысықтау сатысында жатыр. Парламент алдағы маусым айының басында ағымдағы сессиясы аяқталғанша, ол кодексті жұмысқа қабылдап ала алмауы мүмкін.

Бірақ Құрылыс кодексінің жобасына кеткен қыруар қаржы қайтарылмайтын көрінеді. Жаңа Премьер: «Бәрі дұрыс!» деп отыр.

«Кодекс жобасының сапасына және лауазымдық тұлғалардың жауапкершілігіне келсек, ол жобаны әзірлеу барысында 20-дан астам елдің заңнамаларына талдау жүргізілді. Кәсіби қоғамдастықтың, халықтың, сондай-ақ халықаралық сарапшылардың қатысуымен жобаны талқылау жүзеге асырылды. Кодекс жобасында реттеудің жаңа нысандары, оның ішінде қоғамдық талқылаулар мен қоғамдық сараптама жүргізу арқылы сәулет-қала құрылысы қызметі саласындағы қоғамдық бақылау көзделген», – деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, ұлттық заңнаманың ерекшеліктерін ескере отырып, Еуроодақтың табысты тәжірибесімен ұқсастығы бойынша құрылыс саласының инженерлерін сертификаттау енгізілуде. Сертификаттауды жүргізу функциясы бәсекелес ортаға беріледі және оны нарыққа қатысушылар жүзеге асырады.

«Сейсмикалық аймақтарда сәулет-құрылыс жобалаудың құрылысы мен ерекшеліктері ескерілді. Жаңа реттеу институттары – сейсмикалық қауіпті бағалау және сейсмикалық қауіпті бағалау енгізілуде. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларын цифрландыру көзделген. Оның мақсаты – мемлекеттік билік органдарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарын, жеке және заңды тұлғаларды анық мәліметтермен қамтамасыз ету. Мемлекеттік бақылауды күшейтумен қатар, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілеріне қатысты қылмыстық іс-әрекетке дейінгі жауапкершілікті арттыру шаралары жоспарланған», – деді Олжас Бектенов.

Оның сендіруінше, кодекстің қабылдануы құрылыс нарығын монополиясыздандыруға, жоспарлау, жобалау және құрылыс сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Билік бас бармағын көрсетіп, бәрін құптағанымен, министрліктердің қызметкерлері жазаланыпты.

Премьердің айтуынша, «Су кодексін әзірлеу мерзімдерін» және «Құрылыс кодексін келісу рәсімінің талаптарын» бұзғаны үшін Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі, ғалым Болат Бекниязға, сондай-ақ Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесовке «тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылды». Қаптаған салаға жетекшілік етіп, қауырт жұмыстан бас көтере алмай жүрген бұл азаматтардың не кінәсі бары нақтыланбады.

Олжас Бектенов Құрылыс кодексінің жобасын дайындау және пысықтау мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында болатынын уәде етті.


ПІКІР ЖАЗУ