Шымкентте мектеп басшылығы бухгалтермен бірге 48 млн теңге жымқырған

0
19

Шымкентте №44 орта мектеп директоры және оның орынбасары, білім мекемесінің бухгалтері сотталды. Оларға педагогтердің еңбегіне ақы төлеу қорына бөлінген 48 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.

Үкім Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында оқылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мәлім еткендей, сот үкімімен белгіленген нормативтен тыс жалақыны заңсыз аударғаны, сондай-ақ «өлі жандарға» жүйелі төлем жасап келгені үшін директор орынбасары мен мектеп бухгалтері 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ал жұмысына салғырт қараған мектеп директорына 6,9 млн теңге айыппұл салынды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында сот процесіне қалалық мектеп директорлары мен бухгалтерлері, жалпы саны 50 адам оффлайн, 650-ден астам онлайн қатысты.

Біз бұған дейін Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы мен 24 мектептің бухгалтері ірі көлемде қаржы жымқырғаны үшін сотталғанын жазған болатынбыз.

Наурыз айында мәжілісмен Болатбек Нажметдинұлы Премьер-министрдің орынбасарына жолдаған депутаттық сауалында білім беру ұйымдарындағы бухгалтерлік есеп жүйесін қайта қарау керегін атап өткен еді.


ПІКІР ЖАЗУ