Су тасқынынан малдың қырылуы ет бағасына әсер ете ме

0
20

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқыны кезінде қырылған малға қатысты түсінік берді.

Бұл тұрғыда министрлік еліміз бойынша жалпы мал басына шаққанда су тасқыны кезінде өлген малдың үлесін нақтылады. Мәселен, жалпы көлемге қарағанда, қырылған ұсақ малдың үлесі – 0,02%, ірі қара – 0,03%, жылқы – 0,06%, түйе бойынша 0,00001 пайызды құрады.

«2024 жылғы 16 мамырдағы жағдай бойынша өлген мал мен құстардың саны 10 258 басты құрады. Оның ішінде ұсақ мал – 5279 бас, ірі қара – 2581, жылқы – 1140, түйе – 4, сондай-ақ 1024 бас құс бар (Абай облысы – 129, Ақтөбе облысы – 3232, БҚО – 2457, Ұлытау облысы – 237, Қостанай облысы – 2467, Ақмола облысы – 510, Атырау облысы – 1110, Қарағанды облысы – 89, Солтүстік Қазақстан облысы – 27)», — делінген.

Ведомство ақпаратында өңірлерде су тасқынынан болған шығынның үлесі жоғары болуы мүмкін екені атап өтілген. Елдің көлік әрі сауда логистикасы тұрақты жұмыс істеп тұрғандықтан, мал шаруашылығы өнімдері мен өңделген тауарларды бір өңірден екіншісіне емін-еркін тасымалдауға кедергі жоқ.

«Сондықтан барлық өңірлердегі сұраныс пен ұсыныс тепе-теңдігі дереу теңестіріледі. Жоғарыда айтылғандарды ескерсек, су тасқынынан малдың қырылуына байланысты дүкен сөрелерінде еттің айтарлықтай тапшылығы мен бағасының өсуі болмайды деп санаймыз. Бұл ретте, инфляция шегінде ет бағасының өсуін жоққа шығаруға болмайды», — деп аталып өткен министрлік мәліметінде.


ПІКІР ЖАЗУ